Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 19.11.2018

«Балдырғанның» бал дәурені
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»  дейді ғой халқымыз. Өйткені, еліміздің ертеңі – жас ұрпақ. Бүгінгі таңда бүлдіршіндердің бойына ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие балабақшадан басталып, алтын ұя – мектепте жан-жақты өріс алатыны белгілі. Осы орайда, Жаңаарқа ауданындағы «Балдырған» балабақшасындағы игі істерді атап айтуға болады. Білім және ғылым министрлігі бекіткен жаңа оқу стандартына сай бұл мекемедегі барлық жұмыс жоспары балалардың денсаулығы, өзара үйлесімді қарым-қатынасы, танымы, шығармашылығы және әлеуметтік ортаны  қалыптастыру сынды бес бағытқа негізделген. Жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін балабақша ұжымы өткен жылы Халықаралық ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасы бойынша «Сала көшбасшысы» арнайы медалімен марапатталып, ұлттық сертификатқа ие болған.
«Балдырған» балабақшасы 2007 жылы пайдалануға берілген екен. Содан бері ұжым қалыптасу кезеңінен өтіп, өнегелі істерін өрістету үстінде. Қазірде мұнда 42 адам еңбек етсе, оның ішінде, 20 педагог бар. Олардың 12-і жоғары білімді, 8 қызметкер арнаулы орта білімді. Бақшада 160 бала 6 топ бойынша тәрбиеленуде. Негізінде, мемлекеттік тілде жұмыс  істейтін бүлдіршіндер ұясында жас ұрпақтың бойында ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерді дамытып, мәдениет пен өнерге құштарлықты оятуға баса көңіл бөлінуде.
– Педагогтарымыз үнемі шығармашылық ізденіспен жұмыс істеуге ұмтылады. Өзара тәжірибе алмасу мақсатында әрбір оқу жылында семинарлар ұйымдастырамыз. Заман талабына сай тәрбие жұмыстарының әдіс-тәсілдері қолға алынып, инновациялық технологиялар енгізілуде. Сонымен қа­тар, халықтық педагогика негізінде бала­ның бо­йына ананың бесік жырларын сіңіріп, оқу-тәрбие барысында даналыққа толы мақал-мәтелдерімізді, жұм­бақ-жаңылт­паш­тарымызды, қиял-ғажайып ертегілерді орынды қолдануға тырысамыз. Ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеу де ұдайы назарда. Мереке сайын ертеңгіліктер мен кештерді, жиындарды бірлесіп өткіземіз,– дейді ба­лабақша меңгерушісі Райхан Смағұлова.
Райхан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды  мемлекеттік университетінің түлегі. Биология пәнінің мұғалімі болды. Аудандық оқу бөлімінде қызмет істеп, «Балдырған» ашылғаннан бері осы балабақшаны бас­қарып келеді. Кейіннен «Болашақ» универ­ситетінің бакалаврын бітіріп, мектепке дейінгі тәрбиеші мамандығын алды. Бала­бақша ұжымын ұдайы жоғары көрсет­кіш­терге жетуге жігермен бастап келе жатқан Р.Смағұлова өткен жылы облыс әкімінің «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы» дипломына ие болып, мерейі өсе түсті. Ұжым педагогтарының да осалы жоқ десе болғандай. Әдіскер Салтанат Наурызбекова республикалық байқаудың облыстық кезеңіне қатысып, «Шебер әдіскер» номинациясымен марапатталған. Ал, «Мектепке дейінгі ұйымдағы талантты тәрбиеші» атты облыстық байқауға атсалысқан тәрбиешілер төрт жыл қатарынан жүлделі орындардан көрініп келеді. Олардың қа­тарында  Гүлмира Дәрібаева, Назымгүл Қа­сенбекова, Раушан Игенова, Динара Бәкір сынды өз істерінің білгірлері бар. Сондай-ақ, тіл маманы Меруерт Ибрагимова, өнерге баулитын музыка жетекшісі Алмагүл Асылова да ұрпақ тәрбиесінің ұлағатын ұлықтауға лайықты үлестерін қосуда.
Бір айтарлығы, «Балдырғанда» бал дәуренін өткізіп жүрген жеткіншектер әр деңгейдегі байқауларға қатысып, өрелі өрен екендіктерін танытуда. Мәселен, Қа­ра­қат Дүйсенбай есімді бүлдіршін үс­тіміздегі жылы IХ Халықаралық «Ақ к­ө­гершін» фестиваль-конкурсының Гран-Приін жеңіп алса, Қарағанды қаласында өткен «Тұлға» халықаралық байқауының Бас жүлдесін жас өскін Ерғали Сағынай еншілеген көрінеді. Осындай мерейге бөлейтін жетістіктер мұнда аз емес. «Жас­тай берген тәрбие жас шыбықты игендей» демекші, балабақша ұжымы өскелең елдің өндір жеткіншектерін тәрбиелеу жолындағы тәлімді істерінің аясын алдағы кезеңде де өрістете түсуді көздеп отыр.

ЖАҢААРҚА ауданы.

СУРЕТТЕ: балабақша меңгерушісі Р.СМАҒҰЛОВА; мерекелік ертеңгілікте.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 678
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

«  Маусым 2015  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1261
count 88x31px