Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 27.04.2018

Астана, Алматы және облыс орталықтарындағы үйдің құны негізге алынып жасалған есеп «үйлі боламын» деген арманды тағы бірер қырға алыстатып тастады. Жасыратыны жоқ, сарапшылар былтырғы жылы елдегі баспана нарығын 2003-2004 жылдардағы бағаға жетіп жығылады деген батыл болжам жасаған болатын. Ол кезде, яғни, 2003 жылы Алматы мен Астана қалаларындағы үй бағасының бір шаршы метрі 450-650 доллар шамасында болса, Қарағандыда одан біршама төмен баға-тын. Бірақ, болжамдар шындыққа айналмай тұр.

Мәселен, kn.kz жылжымайтын мүлік порталының дерегі бойынша Қарағандыда қаңтарда үй құны 5 пайызға өсіп кетті. Теңгеге шаққанда орташа бағасының жылдық өсімі 42 пайызға бір-ақ шықты. Долларлық құны 5 пайызға кеміп, жылына орташа есеппен 27 пайызға түсті. Доллармен бағаланған үй құны қаланың барлық аудандарында, барлық форматтағы үйлерде көрініс тапты. Ал, жалпы Қарағандыдағы үй құнының бір шаршы метрі бүгінгі таңда – 275,2 мың теңге (764 АҚШ доллары) көлемінде. Сөйтіп, кеншілер мекенінде дес бермей тұр үй бағасы.

Жалпы ҚР Статистика комитетінің дерегіне жүгінсек, 2000 жылдан 2015 жыл аралығында үй бағасы 1 300% өскен екен. 2001 жылы жаңа үйлердің бір шаршы метрі 23,6 мың теңге, 2005 жылы 92,0 мың теңгені құраған. 2006-2007 жылдары 123,9 және 161,3 мың теңге. 2010 жылдан бергі үй бағасы 72,6 пайызға артқан. Осы соңғы 5-6 жылдағы жалдау құнының өсуі де – 55,3 пайызға жетіп жығылған екен. Қарап отырсақ, кейінгі 15 жылда үй базарындағы сауда құлдырап көрмепті. Қайта, бағасы еселене түскен. Алдағы уақытта мұның айтарлықтай өзгеріске түсе қоюы да неғайбыл сияқты соған қарағанда.

Тек бір қуаныштысы – Ұлттық экономика министрлігі интернет-ресурстарда бағаны тек теңгемен қоюды талап еткен тәртіпке өзгерістер енгізді. Соның нәтижесінде 2 ақпаннан бастап, осы күні үй құны ғаламтор хабарландыруларында теңгемен. Теңгенің экономикадағы салмағын арттыру үшін жасалған көп қадамның бірі. Сарапшылар барлық баға мен құнның теңгемен көрсетілуі ұлттық валютаның орнығуына айтарлықтай ықпал етіп, кейбір салаларда баға арзандауына негіз болады деседі.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2016 жылғы 29 қаңтардағы «Нұр Отан» партиясының ХVІІ кезектен тыс съезінде «бізге доллар емес, теңге маңызды» деген болатын. Елбасы «терең дем алып, долларды ұмытуға, теңгеге өмір сүріп отырғанымызды, сөйтіп, теңгемен есеп айырысуға» үндеген-ді. Осылайша, қазір нарықта баға теңгемен көрсетілуде.

Енді үй нарығында есеп айырысуда да теңгемен болуын талап еткен жөн. Себебі, бұған дейін елімізде енді бұдан былай тауарлардың бағасын теңгемен емес, АҚШ долларымен көрсеткендер жазаланатынын Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Астанада өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде мәлімдеме жасаған болатын. Бұл «Әкімшілік құқық бұзу туралы» Заңда көрініс таппақ.

Әйтпесе, «үй сатушылар теңгені долларға айналдырып бер» деп қасқайып қарап тұрып алатыны бар. Доллардың қазіргі бағамы қандай екені айтпаса да, белгілі. Осылайша, дедолларизация үй нарығында да нәтиже береді деп күтілуде. Бұл да уақыт-төренің еншісінде. Күтейік.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 398
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

«  Ақпан 2016  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
29

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1227
count 88x31px