Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 19.11.2018

1957 жылдың маусым айы болатын. Онда мен Қу ауданының (қазіргі Қарқаралы) «Жаңажол» колхозында агрономмын, - деп бастады әңгімесін ақсақал.

«Бір қызық әңгіме айтайын деп отыр-ау бұл жолы да» деген оймен алдымдағы шаруамды жиып қойдым да, әңгімеге ұйыдым.

Аяқ астынан Қарағандыға екі-үш күнге командировкаға баратын болдым жүк мәшинемен. Ол кезде қазіргідей жол қайда? Ұзақ жүріп барасың. Жүрмек болып, жолға жиналып жатқанда Тәуекел Қоржынбаев деген көрші ақсақал үйге келіп:

Үйде баласымен жатқан қонақ бар еді, ала кет, - деді. Ол кісі 60-тың ішіндегі, қаладағы №2 шахтада жұмыс істеген Адам деген қария екен. Содан Қарағандыға жеттік. Үйіне алып келген соң ақсақал:

Кеткендеріңше осы үйде болыңдар деген соң сол үйге тоқтадық. Үйлері №2 шахта жақтағы ескі қаладағы барақта. Ұзын барақта оншақты отбасы тұра ма деп шамаладым. Үлкен ауласы бар. Аула ортасындағы биік үстелге сол жерде тұратындар жиналып, шахмат ойнайды екен күнде. Келген күннің ертеңінде жұмыстарымды ертеректеу бітіріп, аулада шахмат ойнап жатқан жерде отырған Адам ақсақалдың жанына келіп отырғанмын. Бір кезде көрші үйлердің бірінен шыққан анамызды сыртынан көрсетіп:

Күлжамал деген Бейімбеттің бәйбішесі болады, барып сәлем бер анаңа, шырағым,-деді.

Сонда кәдімгі Бейімбет Майлиннің, жазушының ба? – деппін.

Ол кезде менің де жиырмадан сәл асқан албырт кезім ғой. Осы жерден көремін деп ойлап қалмасам керек.

Иә, түрмеде болды ғой ұзақ жыл. Кейіннен балаларын іздеп, тауып алып, қазір осында, - деді.

Қасына барып, анамызға сәлем бердім. Ауылдан келгендігімді айттым. Қатты қуанып қалды. Алғысын айтып жатыр. Дегенмен, өмірден көп теперіш көрген жүзі солғын екен.

Отыр балам, - деп есік алдындағы тақтайдан жасалған орындыққа мені де қатар отырғызды. Сол жылдың 16-шы сәуірінде Кеңес Одағы Жоғары сотының әскери коллегиясы Бейімбет Майлинді толық ақтап, соған қуанышты екен. Бірақ, тағдыр салған жара бірден жазылып кете қойсын ба?! Бұл – 1957 жыл ғой. Бейімбетті 1938 жылы Алматыда «халық жауы» деп жалған жала жауып ұстап әкеткеннен кейін, 13 сәуірде «халық жауының әйелі» деп Күлжамал апаны да ұстап, соттап, Ақмоладағы АЛЖИР-де 8 жылын өтеп, 1945 жылдың желтоқсан айында ғана босап шығып, балаларын іздеп табады. Үлкен ұлы Әукені, 1939 жылдың күзінде Қостанайдағы ағаларына барған кезінде, «халық жауының баласы ретінде «айыптылар батальонына» жібертіліп, содан соғыс басталып кетіп, хабар-ошарсыз қайтпай қалады. Ал Мереке, Еділ деген балалары мен Рәзия деген қызы жетім балалар үйіне тапсырылса, 3 жаста қалған кенже қызы Гүлсім бөбектер үйіне жеткізілген. Семейдегі балалар үйінде болған Рәзия мен Мереке ФЗУ-да оқып, Қарағанды мелькомбинатына орналасса, кішкентайы Еділ де балалар үйінен қашып шығып, осында келеді. Күлжамал апа кенже қызы Гүлсімді іздеп тауып алады.

Бейімбет ақталғаннан кейін Алматыда бір бөлмелік пәтер берді. Оған қоса 25 мың сом гонорары да қолымызға тиді. Алматыға жүргелі отырмын, небір алмағайып заман болды ғой, қарағым. Сәкенді Бейімбеттен бұрын атыпты. Оны да білмедік қой қаншама жылдар. Соған да бармақпын, бата жасап тақауда. Кенже қызым Гүлсім де осында, мединституттың бірінші курсын бітірді. Оны да Алматыға ауыстырмақ ойым бар.

Екі ұлы да сол кезде үйленген, аулада шахмат ойнап отырған кісілердің арасында отырған сол екеуі болып шықты. Оны Адам ақсақалдың айтуынша білдім. Біреуінің бір жақ қолы жоқ ойымда қалғаны. Бірі кәріс қызына үйленіпті. Екіншісінің әйелі орыс ұлтынан екен.

Күлжамал апа мен жас болғаннан соң ба, көрген азаптары мен қиыншылықтарын тізбелеп, көп айта қойған жоқ. Содан бері де қырық жылдан аса уақыт өткен екен. Содан мына бір әңгіме есімде анық қалыпты.

Жазушы адамдардың мінезі қызық, болады ғой, - деді Күлжамал апа. Онда Алматыда тұрамыз. Төрт бөлмелі үйіміз бар. Бейімбет жазуды ылғи түнгі мезгілде өзінің үйдегі жұмыс кабинетіне кіріп алып жазатын. Біз оған кедергі келтірмеуге тырысамыз. Сондай күннің бірі еді, кешкі асын ішіп болғаннан кейін аз-кем демін алып, жұмыс бөлмесіне кіріп кеткен. Ұзақ отыратын.

Көп өткен жоқ, жұмыс бөлмесінің есігін ашып, Бейімбет шықты. Түр-түсі бұзылып кеткен. Басында ауырып қалды ма деп абыржып қалып, дәрігер шақыртпақ та болдым. Ашулы. Шыға маған тиісе сөйледі. Қаншама жыл отассақ та, Бейімбеттің маған мынандай қатты сөз айтып, не болмаса ренжігенін яки болмаса маңдайымнан шерткенін көрген жоқ едім. Бұл жолғысына түсінбей далмын.

Елдің әйелдері оқыған, көмектеседі. Ең болмағанда қағазын көшіреді. Сен де ондай да жоқ. Қолыңнан түк келмейді.

Неге олай еткеніне түсіне алмадым. Оған ешқандай себеп те жоқ сияқты. Мен де қараптан-қарап тұрып ашуланайын.

Қараңғы болсам, оқымаған болсам, таста. Басқа оқыған, жазатын, көмектесетін әйеліңді ал.

Өмірде мұндай ашуланып көрмеген шығармын. Мен сөйлеп жатқан кезде үндемей тыңдап тұрды, сосын бөлмесіне кіріп кетті. Шыққан жоқ, ұзақ отырды ма, білмеймін, ашуланған қалпы ұйықтап қалыппын. Таңертең тұрып, күндегідей ерте шай да қоймадым. Терезеден күннің түскен сәулесі қытықтап оятып жібергендей көзімді ашсам, бас жағымда маған қарап шек-сілесі қатып күліп, Бейімбет тұр. Түк түсіне алсам бұйырмасын.

Саған, көп рахмет, - дейді. Өзі мәз. Кешегі ашудың түк те табы жоқ жүзінде. – Біраздан бері бір долы әйелдің образын жасай алмай-ақ қойып едім. Сенің ашуыңнан кейін «тамаша» бір образ туды. Бір ашулансаң, сен де қатты ашулана алады екенсің...

Мен қалай күліп жібергенімді өзім де сезбей қалдым сол сәт.

Жазушылардың мінезі, жан дүниесі қызық, осындай, - деп жақсымен өткізген жарастық ғұмырының бір сәтін еске түсіргендей болып еді сол сәт, - деп Мұхаң да әңгімесін бітірді.

Мен отырып үнсіз ойланып қалдым.

Қайран арыстар-ай, жақсылар-ай, жайсаңдар-ай. Отызыншы жылдары қазақ әдебиетінің жүгін бар жанрда алға сүйреген алыптар шоғырының бір шырайлысы-ай, нақақтан тағылған жалға жаланың құрбаны болып, тар қапаста атылып кеткен есіл өмір, есіл ерлер.

Би-ағаның бәйбішесін «мезгілсіз» ашуландырып жасаған «жақсы» образы қайсысы екен? Әлде... «Майдан» драмасындағы бұрынғы батырақ, кейіннен колхоз төрағасы болған Досанды колхозға кірмейсің деп жерден алып, жерге салатын долы әйел Пүліш пе екен сол жолы жазғаны Би-ағаның...

 

Бекәділ СЕМҚҰЛ.

Қарағанды қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 621
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

«  Қаңтар 2016  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1261
count 88x31px