Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018

Бұл бағытта біраз шаралар атқарылып та жатыр. Дегенмен, қазақ тілі әлі де мешеу баланың күйін кешіп келеді. Кезінде қазақ зиялылары мемлекет дербестігі, тіл тәуелсіздігі үшін күресті. Сол жолда халықты күреске шақырды. Тіл үшін күрестің ел үшін күрес екенін ұғындыруға тырысты. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Сәдуақасов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Сералин, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, М.Шоқай сынды қазақтың біртуар зиялы азаматтары қазақ елінің ұлттық болмысын отарлық езгіден сақтау жолында арпалысып, Сталиндік репрессияның құрбандарына айналды. Мұралары отқа өртеніп, өздері қуғын-сүргін көріп, атылып, асылып өлді. Міне, сол 1937 жылғы зобалаңнан кейін қазақ халқының саны да азайып, ұлттық рухының сапасы да кеми түсті. Ұлттық рухымызды асқақтатып жүрген Алаш ардақтыларының Сталиндік солақай саясаттың құрбанына айналуы қазақ ұлтының ұлт болып қалуын күмәнді күйге түсірді. Қазақтың ұлттық идеологиясының қазығын қаққан Алаш ардақтыларының миллиондап қырылуын ұлттық идеологияның кеңестік саясаттың «тұншықтыруы» деп санағанымыз жөн. Себебі, Кеңес үкіметіне қазақтың ұлт болып қалу жолындағы идеологиясы ұнаған жоқ. Қазақтың қазақ болып қалуы жолындағы күрестің соңы немен тынарын дәлелдегісі келген кеңестік саясат қанша отарлаушылық жүргізгенімен, ұлттық болмысымыз түбегейлі жоғалды деп айта алмаймыз. Бірақ, ұлттық психологиямызды дағдарысқа ұшыратқаны рас. Соның кесірінен күні бүгінге дейін қазақтың ұлттық идеологиясы толықтай мемлекеттік сипат ала қойған жоқ. Бүгінде өшкеніміз жанып, жоғымызды түгендеп жатырмыз.

Яғни, тәуелсіздікпен бірге ұлттық санамызды да қайта жаңғыртудың мәнін түсіне бастадық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мемлекеттік тіл – Қазақстандағы барша халықты біріктіруші басты фактор» деп бағалауы ұлттық идеологияны қазақ тілін дамытудан бастауымыздың қажеттілігін айқындап отыр.

Бүгінгі таңда елімізде 130-ға жуық этнос өкілдері өмір сүреді. Қандай да бір шет мемлекет өкілі Қазақстан деген мемлекет атауын естігенде, титулды ұлт қазақ ұлтын елестете алуы керек. Мәселен, Ресей дегенде – орыстың тілі, Англия дегенде – ағылшынның тілі, Түркия дегенде – түріктің, Франция дегенде – француздың тілі, сол сияқты олардың әдет-ғұрыптары ойға оралады. Сол секілді Қазақстан дегенде – қазақ ұлты мен оның тілі, тарихы мен әдет-ғұрпы шетелдіктердің ойына түсуі керек. Бір өкініштісі, елімізге келіп жатқан шетелдің ресми не бейресми өкілдері болсын Қазақстанға келгенде қазақ ұлтының тілін естимін деп келгенімен, көп жағдайда жоғары билік өкілдерінен, не алқалы жиындардан орыс тілін жиірек естіп, түсінбей қалып жатқаны жасырын емес. Тәуелсіздік алған 25 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан өз жерін мекендейтін өзге этнос өкілдеріне тілдік немесе діни тұрғыдан қысым көрсеткен жоқ. Конституциямызда әр этностың ана тілінде сөйлеуіне құқық берілген. Қазақстан бір кездері тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған миллиондаған өзге ұлт өкілдерін өзіндей көріп, барымен бөлісті. Оларды түріне, тіліне, нәсіліне қарап бөліп, кемсітпеді. Тіпті, соғыс жылдарының өзінде, одан кейін де олардың этнос ретінде сақталуына жан-жақты жағдай жасады. Оларға материалдық қолдау көрсетумен қатар, жан жылуымен бөлісті, яғни моральдық-психологиялық көмек көрсетті. Бір нанды бөліп жеп, бір шаңырақтың астында бірге тұрған өзге этнос өкілдері енді тәуелсіз мемлекет болған тұста қазақтың тіліне өз тіліндей қарауы, қазақ тілін меңгеруі – тарихи тұрғыдан әділдік болар еді. Сондықтан да, Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкілдері бүгінгі қазақ тілінің жағдайына шын алаңдап, оны үйренуге атсалысып та жатыр. Олардың кейбірі, жасыратыны жоқ, ана тілін білмейтін қандастарымызға қарағанда қазақ тілін жедел меңгеріп те алды. Елімізде қазақ тілінің өз деңгейінде қолданыс таппауы және қазақтардың біршама бөлігінің қазақ тілін білмеуі этнолингвистикалық идентификацияға зор кедергі келтіріп отыр. Бұған, әрине, жетпіс жыл Ресейдің боданында болғанымыз әсер етпей қойған жоқ.

 

Айдос ДҮЙСЕМБЕКОВ,

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы оқу-әдістемелік бөлімінің оқытушы-әдіскері, полиция майоры.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 311
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

«  Қаңтар 2016  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px