Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.08.2017

Қадірлі ұстаздарды, осы мектептің барлық түлек­терін, бірге оқыған сыныптастарымды білім ордасының мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.


Сандуғаш ДҮЙСЕНОВА,

медицина ғылымдарының докторы,

мектептің 1980 жылғы түлегі.



Ізгілік пен ізденіс – қос қанаты

Бәтіш мұғалім еңбек жолын Қарқаралы ауданы Н.Әбдіров атындағы №10 орта мектепте бастаған. 1995-96 оқу жылынан бері дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық №7 мектеп-интернатында қызмет атқа­ра­ды.

Ол – ұстаздардың ұс­тазы атан­ған марқұм Нұрахмет Қайыр­байұлы­ның арнайы шақыруымен келген ма­ман. Облыстағы алғашқы қазақ гим­на­зиясының, бүгінгі мектеп-интернатының білім ордасы ретінде қалып­тасуына, дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ұстаз. Қазақ тілі және әдебиеті пә­нінің маманы ретінде гимназияның гу­манитарлық бағытын бірнеше жыл басқара отырып, шәкірттеріне те­рең, жүйелі білім, жас мамандарға ба­ғыт-бағдар беріп ке­ле жатқан әдіскер. Бірнеше рет рес­публикалық педагогикалық оқуларға қатысып, озық тәжірибесі ел кө­лемінде таралған болатын.

Ол – жаңашыл ұстаз. Сабағында оқы­­тудың жаңа технологиясын ше­бер пай­даланады. В.Шаталовтың ма­те­матика са­ба­ғында қолдануға ар­налған тірек конспектісі негізінде қа­зақ тілі пәнін ірі блокпен оқытуға арналған «Ойтүрткі» тірек конспектісін жасады. 20 кестеден тұратын көрнекілік облыстық Білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты арқылы шығарылып, республикадағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің үлкен сұранысына ие болды. Одан кейін де түрлі тірек сызбалары, әр сыныпқа арналған диктанттар жинағы, оқы­ту бағдарламаларын құрастырған бо­латын.

Бәтіш Мұқатайқызы көп жылдан бе­рі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқы­ту мәселесімен шұғылданып келеді. Әр сабағы мұғалім мен оқушының ынты­мақтастығына негізделген. Жетістікке же­телеп, жемісін беретін де осы тұсы. Ұстаз 1991 жыл­дан бастап Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Қ.Бітібаева жетек­шілік жасайтын республикалық атаулы мектептің белсен­ді мүшесі, облыстық ББҚБА және ҚД инс­титутының штаттан тыс лекторы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы авторларының бірі.

Республика және об­лыс көлемінде ұйымдастырылатын ғылы­ми-практи­ка­лық конференцияларға жиі қатысады. Жиырмадан астам баян­дамасы мен ма­қалалары ғылы­ми жинаққа енгізіліп, әдіс­темелік журналдарда жарияланған. Мо­дульдік оқыту технологиясын 2003-2004 оқу жылдарынан бастап тәжірибеден өт­кізуді қолға алғанын айта кету ләзім. 6-8 сыныптың қазақ әде­биетін оқыту әдістемелері мен оқу мо­дульдері ҚарМУ-дың оқу порталында жи­нақтаулы.

Мектеп тарихына арналған «Та­рихы мол білім ордасы» атты кітап автор­ла­рының бірі. Сондай-ақ, оқушылардың шы­ғармашылық қабілетін дамытудағы маңызы ерекше «Жас өркен» журналының ұйымдастырушысы. ҚарМУ-дың филоло­гия факультетінің студенттеріне де әдіс­темелік-тәжірибелік кеңес береді. Бәтіш Тауықбаева – тәжірибелі, еңбекқор, өзі­не де, өзгеге де талап қоя білетін, үлкен адам­гершілігімен, сабырлы мінезімен ұс­таз­дар, оқушылар және ата-аналар ұжымы арасында бе­делді ұстаз. Ол кісіден білім ал­ған әр кезеңдегі шәкірттері ара­сында қа­зақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиада және түрлі деңгейде өткізілген ғылыми-шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері жеткілікті.

Қазақ КСР Халыққа білім беру ісі­нің үздігі, Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің Алғыс хатының иегері, облыс әкімі сыйлығының лауреаты Бәтіш мұ­ғалім туралы тек жақсы пікір, жылы ле­біз естисіз. «Орыс балабақшасында тәр­биеленген немеремді осы мектепке беріп едім, қазақ тілінен сабақ беруші Бәтіш Мұ­қатайқызының ерінбей үйретуінің арқасында немерем қазір қазақ тілін өте жақсы меңгеріп алды. Әдеби шы­ғар­ма­лар­ды оқуға төселді. Менің бұл пікірімді көптеген ата-аналар қолдайды. Барлығы Бәтіш Мұқатайқызының жұмысына ри­за­шылықтарын білдіреді»,– деп жаз­ған екен ата-аналар атынан азамат И.Шаян­баев.

Елімізге танымал қаламгер, респуб­ликалық «Айгөлек» журналының бас ре­дакторы Қымбат құрбымыз: «Бәтіш за­мандас! Көзіңізден, сөзіңізден, шәкірт­теріңізден шын әдебиетші екеніңізді та­нып, ерекше есіме алдым. Рухани дос, мақ­саттас, ұлттың ұл мен қыздарына бір тілекпен еңбек етейік. Алла жар болсын! Сәлеммен Қымбат Әбілдәқызы. 25.ХІІ.2007 ж.» деген жазбасы бар ашық хат жолдаған да болатын.

Ізгілік пен ізденіс – қос қанаты болған ұлағатты ұстаз әлі күнге дейін әр сабақ сайын шәкірттеріне қазақ тілін құрметтеуді, аялауды үйретіп, рухани нәр беріп келеді. Шәкірттерінің бірі Нұрсұлтан Бөлегенов:

Сөзі – ақыл, мінезі алтын, өзі – дана,

Пейілі кең, көңілі судан таза.

Ұстазға асқан сыйлық керек емес,

Ыстық болар шәкірттің жыры ғана.


Абыройың жүретұғын қырды асып,

Ақылыңмен кітаптағы сырды ашып.

Бәтіш ұстаз әр күн сайын жүреді,

Шәкірттердің талабына нұр шашып.


Жаны дархан, ақыл-ойдың зерегі,

Барлық шәкірт біліміңді тереді.

Ардақтайды, аялайды құрметпен,

Сіздей ұстаз – мектебімнің жүрегі, – де­ген өлең жолдарымен білдіріпті өз ойын. Ал мен, қазақтың қасиетті тілінің мәртебесін көтеруге, кең қанат жаюына үлес қосып келе жатқан құрметті ұстаз, абзал жан, сый­лас әріптесім Бәтіш Тауықбаеваға қан­дай да болса мәртебеге лайық дегім ке­леді.


Бақыт БЕКСЕЙІТОВА,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.




Тәрбие таразысын тең ұстаған

Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық №7 мектеп-интернатына биыл – 85 жыл.

Әрбір білім ордасының айнасы – тәрбие екені анық. Мектебіміз ұлттық мектеп болғандықтан, оқушылардың тәлім-тәрбиесі біз үшін әуелгі орында. Себебі, атына заты сай болуы тиіс.

Мектеп қабырғасында өтетін «Тәуелсіздік аспаны аясында» эко-жорық, «Жас өркен» ғылыми-практикалық конференциясы, «Өнерпаздарды іздейміз» іс шарасы, «Нұркенді еске алу» күні, Н.Қайырбайұлын еске алуға арналған спорттық сайыстар мен жас математиктердің аймақтық олимпиадасы, тағы сол сияқты шарлар игі дәстүрге айналып, еліміздің әр өңіріне аян. Бүгінгі таңда мектеп басшысы Қайырбек Нәпталұлы Ілімбаевтың бастамасымен бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Білімді басшылардың білікті басшылығының арқасында жас ұрпақты біліммен сусындатып, дұрыс тәлім-тәрбие беріп келе жатқан мектеп ұстаздары көптеген жетістіктерге жетті. Мәселен, 2000 жылы облыстық таңдаулы интернат байқауында екінші жүлделі орынды иеленді. Одан кейінгі жылы «Таңдаулы инновациялық мектеп» байқауында екінші орын иеленген болатын. Соңғы екі-үш жылдағы жетістіктерімізге тоқтала кетсек, 2010 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» авторлық шығармалардың республикалық байқауында М.Табынбекова екінші орынды иеленіп келсе, 2011 жылы осы байқауға қатысқан Ш.Тойжанова үшінші орынға қол жеткізіп қайтты. Сол жылы А.Жапбарқұлова «Дарынды балаға – талантты ұстаз» республикалық байқауында бірінші орынға ие болса, қыркүйек айында «Инновациялық білім беру мекемелерінің үздігі» атағына ие болып, облыс әкімінің грантын жеңіп алды. Өткен оқу жылында Қайырбек Нәпталұлы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері атанып, облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Шәкірттеріміз де ұстаздарынан қалыспай, білімділіктерін паш етіп, біліктіліктерін көрсетуде. Жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, облыс көлеміндегі үздік мектептер қатарындамыз. Бұл жетістіктер ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың білуге құлшынысы арқасында мүмкін болып отыр. Мұғалімдердің шығармашылығын шыңдауға, шәкірттердің сабаққа алаңсыз дайындалулары үшін барлық жағдай жасалған. Интернатта жатып оқитын оқушылар алаңсыз білім алуда. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек алатын оқушылар да назардан тыс қалмайды.

85 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы №7 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты ұжымының алдағы уақытта да білім биігіне шығар шәкірттері көп болсын!


Айгүл ЖҮСІПОВА,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.


Мерейлі менің

мектебім

Ақтарған сәтте сарғайған тарих беттерін,

Сезіндім мен де өткен күндердің көктемін.

Жатырқамастан жаныма жылу сепкенің,

Жүрегі дархан, мерейлі менің мектебім!


Жетінші мектеп – Жамбылдың аты берілген,

Сүйеніш болдың кезімде кейде жеңілген.

Қол бұлғап арман алыстан көзге көрінген,

Сәттерде-дағы қадамды бастым сеніммен.


Пенде боп кейде кетсем де асып, тасып тым,

Шаттықпен самғап өзіңе қарай асықтым.

Қуат ап сенен қиялға қамшы басыппын,

Жетінші мектеп, өзіңе мәңгі ғашықпын.


Жамбыл мектебі – жетінші мектеп, өр мектеп,

Жырымды саған жеткізем қалай өрнектеп.

Табалдырықты аттаған сәтте қолымнан,

Тартқансың өзің «Келе ғой, қызым,

төрлет»,– деп.


Ұстаздарың бар мейірімге толы жүрегі,

Шәкірттерің бар елімнің асқар, тірегі.

Бүгінгі күні атыңды сенің асылым,

«Жетінші мектеп» дегенде халық біледі.


Түлектерің бар қияға талай самғаған,

Өзіңнен алған білімін баптап, жалғаған.

Талайға болған аяулы мектеп, арман ән,

Көркіңе сенің күн өткен сайын таң қалам.


Білемін алда әлі де қанша сын барын,

Тыңдағын мені, сүйікті мектеп, тыңдағын.

Ақтарып бүгін көңілдің ғажап сырларын,

Атыңды сенің өлеңге қосып жырладым.


Сен жайлы жазар дастаным менің тағы бар,

Қазақтың елі қасиетіңді сан ұғар.

Тарихы терең, мерейлі менің мектебім,

Өзіңе деген ақ тілегімді қабыл ал!


Жетінші мектеп, атыңдай өзің текті едің,

Ұрпаққа тарих болады сенің өткенің.

Сексен бес жылда сегіз өткелден өткенің,

Құтты болсыншы, мерейлі менің мектебім!


Айнұр ЖАПБАРҚҰЛОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.


Тамыр жайған

тарихы бар мектеп

Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық №7 мектеп-интернаты жақын күндері өзінің 85 жылдық мерейтойын тойламақшы. Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан білім ордасы осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Солардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері, атқарған игі істеріне сүйсініп, мақтанып жүрген жайы бар бүгіндері. Қылышынан қан тамған кеңес заманынан келе жатқан қазақ мектебі – осы киелі қара шаңырақ. Мерейтой қарсаңыда мектеп директоры Қайырбек ІЛІМБАЕВПЕН сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

Қайырбек Нәпталұлы, сіз бас­қарып отырған мектеп – қа­ла­дағы ең алғашқы қазақ мектебі. Бі­­лім ор­да­сының аймақ ай­насы – «Ор­талық Қазақстаннан» да «жа­сы» үл­кен. Әңгі­мемізді мектептің ір­ге­тасы қаланған жыл­дардан бас­тап, тарихынан сыр шер­туден бас­тасақ.

Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық №7 маман­дандырылған мектеп-интернатының та­рихы 1927-1928 жылдардан бастау ала­ды. Кезінде мектеп директоры болған ап­тал азамат, ұлағатты ұстаз Нұрахмет Қайырбайұлы Петропавл қаласының мұ­рағатынан осы мектептің негізі 1927 жылы қаланғандығы туралы деректер тауып әкелген болатын. Ол кезде Қарағанды облысы құрылмаған. Кейін, 1934 жылы ғана орталығы Қарағанды қаласы болып, облыс мәртебесін алғанын жақсы білесіздер. 30 шақты оқушысы бар бастауыш мектеп бо­лып, ескі қаладағы Шмидт көшесінің бо­йында орналасқан екен. Мектеп деген аты ғана. Жерге жартылай бойлаған жер барақ болатын. Сонда білім алды мектептің ал­ғашқы оқушылары. «Бір мезетте екі класқа бір мұғалім сабақ берген» делінген бізде бар естеліктеде. 1936-37 оқу жылында орта мектепке айналып, халық ақыны Жамбылдың аты беріледі. Сол жылдары «Жамбыл атындағы үлгілі қазақ мектебі» деп аталған болатын. Мектептің соғыс жылдарындағы тарихы бір бөлек. Одан кейінгі 1970 жылдардағы кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан қазақ мектептерін қудалап, жаптыртып тастаған кезеңнің де куәсі – бұл мектеп. Бұл да жабылып қалудың аз-ақ алдында қалып, ұлтқа жаны ашитын азаматтардың ерен еңбегінің арқасында ғана білім беру қызметін жалғастырған болатын.

Бүгінде дарынды балаларға арналған мектеп-интернат атанып, осы бағытта еңбектеніп келеміз.

Өткен ғасырдың 30-жылдары енді ғана құрыла бастаған Қара­ғанды облысының қалыптасуына ең­бек еткен жас мамандарды даяр­­лау осы мектептің мойнына түс­кені анық. Алғашқы жылдардағы алғашқы мұғалімдер кім­дер еді?

1937-38 оқу жылында мектеп өзінің тұңғыш түлектерін ұшырды. Сол уақытта Семей қаласындағы мұ­ға­лімдік институт пен Алматының пе­дагогика институтын бітіріп келген жас мұ­ғалімдер келе бастайды. Мектепте алғаш сабақ берген Ғ.Есмұханов, М.Ға­залиев, А.Тұрғанбаев, Ш.Тағырова, Ә.Әл­­жанов Қ.Тұңғышбаев, М.Хасенов, К.Мах­метов, А.Смағұлов, Г.Алелекова, М.Жайықов, Ж.Тезекбаев және тағы бас­қа көптеген мұғалімдерді білім алған шә­кірттері, соңынан ерген әріптестері ерек­ше ілтипатпен еске алып, құрмет тұ­тады. Аймақтың түкпір-түкпірінен бі­лікті мамандар жинап, баспаналы бо­луына көмектесіп, алаңсыз жұмыс істеуі­не барлық жағдай жасаған Нұрахмет Қайырбайұлының есімін ерекше айтып өтсек, артық емес. Саналы ғұмырының 61 жылын білім саласына арнаған ұла­ғатты ұстаз білім ордасын көп жыл бас­қарып, дамудың даңғыл жолына салды. 1994 жылы мектептің гимназия болып қа­лыптасуына орасан зор үлес қосты. Аға буын салып кеткен сара жол, дәстүрлі игі істер бүгінде өз жалғасын табуда. Осында басшылық жасағаныма 6 жыл. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігіне, сабақ беру әдісіне, мол тәжірибелеріне сүйсінемін. Ба­лалардың терең білім алып, тәрбиелі бо­лып шығуында барын салады. Б.Тауықбаева, Ш.Той­жа­нова, А.Жүсіпова, Қ.Смағұлова, К.Бек­бо­ла­това, И.Цой, Ө.Омаров, З.Әбді­қа­лықова жә­не басқа да, мектептің бетке ұс­тар мұғалімдері жетерлік. Мемлекет бас­шысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» ат­ты тұжырымдамасында дамудың ең бас­ты қозғаушы күші – еңбек адамы деп атап көрсетілген. Осы орайда нағыз еңбек адамдары – мұғалімдер екенін айтқым келеді. Осы үдерістен шыға білген, мектеп мәртебесін көтеруде аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарымызбен мақтанамыз.

Талай белесті артта қалдырған мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі қан­дай? Республикада мектеп ме­рейін, шет елде ел абыройын асы­рып жүрген шә­кірттеріңіз баршылық болар.

Ғасырға жуық тарихында білім ордасы 4 мыңға жуық түлек ұшырған екен. Биыл мектеп бітіретін оқушылар мектептің 74-ші түлектері болып қа­нат­танбақ. Осылардың ішінде жүзден аса оқушы мектепті «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа бітірген. Соңғы үш жылда 7 «Алтын белгі» мен бірнеше үздік аттестат иегерлері шықты. Былтыр мектеп бітірген 29 баланың 25-і мемлекеттік білім гран­тына қол жеткізді. Әлемнің 8 елінде бі­лім алып жатыр шәкірттеріміз. Ұлт­тық бі­рыңғай тестілеу қорытындысы бо­йынша 106 балмен облыстағы үздік бес мектептің сапындамыз.

Мектепте бүгінгі таңда 70 мұғалім, 10 тәрбиеші, жалпы саны 150 адам қызмет етеді. Жас мұғалімдермен де толығып жа­тырмыз жыл сайын. Дарынды балаларға арналған білім беру мекемесі ретінде жұмыс істеп келе жатқанымызға көп болған жоқ. Осы уақыт ішінде оқушыларды екі-ақ рет таңдап алдық. Ол – қазіргі 5-6 сыныптар. 7-11 сыныптар бұрыннан келе жат­қан оқушыларымыз. Сол іріктеп алынған буын жетілгенде еңбегіміз өз же­місін беретін болады. Біздің кемел келешегіміз әлі алда...

Жалпы, мектептен түлеп ұшқан шә­кірт­тер арасында облысымызға, респуб­ликамызға танымал болған, жоғары қыз­меттер атқарған, еліміздің экономикасы да­мып, әлеуметтік жағдайы жақсаруына сү­белі үлес қосқан, әлі де еңбек етіп жүр­ген азаматтар аз емес.

Сіздерді қаладағы 80, облыс кө­леміндегі 564 мектептен ерекше етіп, білім ұясының даңқын асырып, абы­ройын асқақтатып тұрған тағы бір мә­селе – ұлттық тәрбие секілді. Тәрбие ба­ғытындағы жұмыстарыңызды айтпай, айналып өту мүмкін емес.

Жалпы, қазақ зиялы қауымының көптеген өкілдері біздің мектеп пен да­рынды балаларға арналған Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат қабырғасынан тәлім алып шыққаны қуантады. Мұның сыры, әри­не, ұлттық тәрбие бастауында жатыр.

Біздің мектеп оқушыларының дені ауыл балалары. Қазіргі таңда 533 бала білім алып жатса, оның 230-ы ауылдардан келген. Мықты адамдардың көбі ауылдан шығады емес пе? Ұстаздардың оқушымен және оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы айрықша. Мұнда балалардың бір-бі­ріне деген қамқорлығын ерекше ай­туға болады. Ересектері жаңадан кел­гендеріне қарайласып, сабақ оқуына кө­мектеседі.

Тәрбие жұмысын ақсатпау – басты мә­селе. Тәрбиесіз берілген білімнің адамзат баласына жау екенін әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби сол кезде-ақ айтып кет­кен. Осы бағытта түрлі жұмыстар қол­ға алынған. Салауатты өмір салты, имандылық тәр­биесін, ұлттық пе­дагогиканы негізге ала­мыз. Кезінде осын­да білім алған қарт­тар балаларын оқытып болып, ен­ді не­ме­ре­­лерін әкелуде. Бұл да тәр­биенің бір кө­рінісі болса керек.

Мерейтойға дайындық қызу жүріп жатқан болар.

Әуелде қыркүйек айының 22-не жос­парлаған едік. Оған оқу жылының енді ғана басталған шағында қарбалас жұмыс толып кетті. Оның үстіне, жаңадан оқушылар қабылдадық. Жер-жердегі тү­лектеріміз, мектептің ардагер ұстаздары, келетін лауазымды қонақтар үшін ың­ғайлы болсын деп, мерейтойды 10 қараша күніне белгіледік. Байқасаңыз, «10.11.2012 жыл» болып тұр. Шараға жан-жақты да­йындық басталғалы біраз болды. Жазғы демалыста мектептің алдын кеңейтіп, жөндедік. Мектеп мұражайын соңғы жылғы деректермен толықтырып жатырмыз. Тағы басқа жұмыстар қолға алынған.

Әңгімеңізге рахмет! Мерейтой­ларыңыз құтты болсын!




Әңгімелескен

Жансая ОМАРБЕКОВА. 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 15844
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1170
count 88x31px