«Алтынды алма, білімді ал» - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

«Алтынды  алма,  білімді  ал»
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»  

Мектеп оқушысынан сұралатын қаржыға тыйым салынды. Олар үшін сахналық қойылымды ұйымдастыратын коммерциялық мекемелердің де жарнамасы азаятын болды.
Бұрын педагогтер өз күштерімен оқушыларға арнап ертеңгілік кештер ұйымдастыратын. Кейін  оқушылар үшін сахна әртістерін шақырып, олардың өнерін тамашалау – дәстүрге айналды. Әлбетте, ақша ата-ананың қалтасынан төленетін. Сол сияқты, оқушыларды киноға, хайуанаттар бағына апаратын шаралар да жиі өтіп тұрды. Мұны кез келген ата-ананың қалтасы көтермесі анық. Бұл аста-төк шараларды кейбір білім ошақтарының ата-аналары: «Мектеп үшін ақша жинайды» деп жаңсақ түсінген.
– Біздің ойымызша түрлі шараларды оқушылардың өз күшімен ұйымдастырған дұрыс. Бұл бір жағынан оқушы тәрбиесін қалыптастыруға көп көмек. Осыған ұқсас шағымдарды ескере отырып, мектептен тыс мекемелер  ұйымдастыратын шараларға тыйым салдық. Бұл туралы бұйрық та шығарылды, – дейді онлайн түрде өткен облыстық педагогикалық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағанбетов.
Түсінгенімізше, оқушы үшін мақтау қағазына, мерекелік шараларды безен­діруде сыйлықтар алуға,  және түрлі бағыттағы жарнама қағаздарын шығаруға ақша жиналмауы тиіс.
Сондай-ақ, білім басқармасы басшы­сының атап өтуінше, биылдан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы»,  жаңа Заң күшіне енеді. Тиісінше, барлық (іс жүзінде бұрын мемлекеттік қызметкерлерге бағытталса) үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлеріне ортақ.
Қазіргі таңда баланы балабақшаға орналастыру, сынақтан өткізу үшін ақша талап етуде жемқорлықтың шегі көрініп қалатыны жасырын емес. Яғни, бұл – облыс бойынша алдын алуға тиісті басты мәселенің қатарында тұр. Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, Қарағанды облысы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулер, алдымен, білім саласында жемқорлыққа кеңінен жол берілетінін растаған. Үздік үштікте денсаулық саласы және жер жөніндегі  сұрақтарды шешуші мамандар да тұр екен.
– Әзірге бұл олқылықтардың алдын алу үшін облыстық білім басқармасында «Сенім телефоны» тұрақты түрде жұмыс жасап тұрғанын айта кеткен жөн.  Яғни, олқы әрекетті байқаған әрбір қала тұрғыны сенім телефонына хабарласып, наразылығын білдіре алады. Бұл тікелей менің бақылауымда болатындықтан міндетті түрде талқыланады, – деп атап өтті ол.
Онлайн түріндегі жиынға қатысқан облыстағы 505 білім ошағының мамандары бұл мәліметке қанық болды. Бейнекөрсетілімді бақылаған мұғалімнің бәрі жеке ойын білдіре алмаса да, жаңа Заңның күшіне енгенін зердесіне түйді.
Басқарма мамандарының мысалына қарағанда, санаты үшін жұмыс жасап жүрген кейбір мұғалімдер оқушысының қабілетін мұқият қадағаламағандықтан, түрлі сайыстарға қатыстырып берекесін алады. Сөйтіп, жиналыс үшін жұмыстан сұранған ата-ана күндіз-түні қаржы сұратқан мұғалімді керісінше түсінеді. Мысалы, оқушы ақылы сайысқа қатысатын болса, ұйымдастырушылардың арнайы жеке төлем картасына (сайысқа қатысу үшін белгіленген) қаржыны жолдайды. Яғни, бұл  – мектептің мүлкі үшін жұмсалатын қаржы емес. Оқушының өз еркімен, ата-ананың рұқсатымен орындалатын іс.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 178
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px