ҰБТ: Мақсат – сынақтан сүрінбеу - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016


ҰБТ: Мақсат – сынақтан сүрінбеу
«Тестілеуге дайынсың ба? Қанша ұпай жинап жүрсің? Сенікі нешінші аудитория?». ҰБТ-ның күрделі, логикалық сұрағымен басың қатып жүрсе, ата-ана, ағайын-туыс, мұғалімнің де осыны сұрайтыны қызық, иә?!  Демек, ҰБТ – ның уақыты жақындады. Облыстағы 5 904 түлек  қазір осы сынаққа күні-түні дайындалуда. «Өңірде озық ойлы, зияткер оқушы көп, демек, мектеп бітірушілер ҰБТ-ны сәтті тапсырады», – дейді Қарағанды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл ӘДЕКЕНОВА.
– Бақтыгүл Науқанбайқызы, мектеп бітірушілер «ҰБТ- да алған «екілік» бағамен де, шекті деңгейден өтпесе де ЖОО-да оқуды жалғастыруға болады» деп жүр. Осы пікір қаншалықты рас?
– «Екі» алсам да ЖОО-да оқуды жалғастырамын дейтін түлектерді қынжылтқым келеді. Бұл мәселе ҚР Білім және ғылым министрлігі мен құқық қорғау органдары тарапынан ерекше бақылауға алынған. Осы ретте биыл ҰБТ-да «қанағаттанарлықсыз» баға алған мектеп бітірушілер бойынша жеке деректер базасы жасалып, министрлікке жолданатынын айта кеткен жөн. «Екілік» бағамен ЖОО-ға қабылданған жағдайда оқудан шығарылады. Биыл түлектер ҰБТ сертификатынсыз жоғары білім алуға үміттенбегені дұрыс.
– Ал, тестілеуде «екілік» баға алған кез келген мектеп бітірушінің, жалпы, оқуды жалғастыруға мүмкіндігі бар ма?
– Егер, үш және одан да көп пәндерден «қанағаттанарлықсыз» баға алса, оның емтихан тапсыруға құқы жоқ. Бірақ, жалпы орта білімнің толық курсынан өткені туралы анықтама беріледі. Биыл тек 11-сынып түлектері үшін облыс колледждерінде мемлекеттік тапсырыс көлемі біршама көбейді. Колледжге түссе, алдымен, грантта оқып, 1-2 жыл ішінде кәсіптік білім мен мамандық алады. Ай сайын 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы алып, басқа қаладан келіп оқитындарға жатақханадан орын беріледі. Екіншіден, колледж түлектері болашақта қысқартылған бағдарламамен ЖОО-на түсіп, 2,5 жыл ішінде жоғары білім алу құқығына ие болады. Оқытудың мұндай түріне мемлекеттен грант қарастырылған. Оқу ақылы болған күннің өзінде жұмсалатын шығын мөлшері төрт жылдық бағдарламаға қарағанда біршама аз болады.
– Колледжге грант көп бөлінеді. Бірақ, балаларының колледжге тапсырғанын қаламайтын ата-аналарды «ҰБТ-ның форматы өзгере ме?» деген сауал алаңдатып жүр?
– Биыл тест форматы өзгермейді. Сынақ 5 пәннен: қазақ немесе орыс тілі (мектептегі оқыту тіліне қарай), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептегі қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептегі орыс тілі және таңдаған мамандығына байланысты таңдау пәні бойынша өткізіледі. Әр пән бойынша тестілік тапсырмалар саны – 25, барлығы –125 сұрақ.
–Демек, өткен жылғыдай ҰБТ нәтижесін құпия түрде жариялау жалғасады ғой?
– ҰБТ қорытындысындағы тізімде түлектер тегінің орнына олардың ЖСН көрсетіледі. Нәтижелерді Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан өзінің ЖСН және ҰБТ-ға қатысушының жеке кодын енгізу арқылы біледі. Бұл шаралар арыз-шағымдарды болдырмау және төмен ұпай алған түлектерді психологиялық жеңілдету мақсатында қабылданды. Сонымен қатар, аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған пәндер бойынша жылдық бағалар ескеріле отырып, орташа арифметикалық баға қойылады. Дау туған жағдайда бағаның көлемі көтерілу жағына шығарылады.
– Биыл қанша мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады?
– Биыл облыс бойынша 6 860 түлек мектеп бітірсе, ҰБТ-ға 5 904 түлек қатысады. Бұл түлектердің жалпы саны­ның 86 %-н құрап отыр.
– Мектеп бітірушілер маусым айында өтетін тестілеуге дайындық үстінде. Алайда, олардың жоғары ұпай жинайтынына ешкім кепілдік бермейді. Осы ретте, мектептерде  ҰБТ үшін  алдын-ала сынама тест өткізудің пайдасы қаншалықты?
– Сынама тестілеу қажет, бірақ, олар қосымша көмекші сипатта болуы керек. Кейбір білім ошақтарындағыдай тым жиі өтпеуі тиіс. Әрбір мұғалім сынама тестілеулер, ең алдымен, оқушы жауап парағын дұрыс толтырудың реті жөнінде хабардар болу үшін, ҰБТ-ға психологиялық дайындалуы үшін қажет екендігін ескергені жөн. Жалпы, сынама түрінде тестілеу нәтижелерін талдау – проблемалық аймақтарды анықтауға және тестілеуге дайындық жұмысын түзетуге көмектеседі. Бүгінде барлық түлектер ҰБТ өткізу пункттерінде сынама тестілеуден өтті.
– Оң нәтиже үшін олар түрлі білім беру орталықтары жүргізетін дайындық курстары мен жаттықтырушыға (репетитор) барады. Оқушы сынаққа лайық толық білімді мектеп қабырғасында жүргенде игеруі керек емес пе?
– Рас, алдымен оқушы толық білімді мектеп қабырғасында жүргенде игеруі тиіс.Осы мақсатта әр мектеп ҰБТ-ға жыл сайын қосымша дайындық сабақтарын өткізеді. Ал, курстар –  логикалық тапсырмалар шешуге, қосымша білімге жауап береді. Орталықтар сапалы білім берсе, оның да көмегі зор. Бұл – топпен және шағын топтарда оқушылар оқу бағдарламасын тағы да бір рет қайталауға және қиын тақырыптарға көңіл бөлуге көмектеседі.
– ЖОО студенті атануға ұмтылған сол түлек тестілеу кезінде белгілі себеппен аудиториядан қуылады. Себебі, толық талданбайды. Сынақты өткізуге жауапты, тексеруші адамдар арнайы дайындықтан өте ме?
– Ұлттық бірыңғай тестілеу ор­талығы жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен ҰБТ өткізуге байланысты арнайы семинар өткізеді. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері ретінде ҰБТ өткізуге рұқсаттама алу үшін арнайы тест тапсырады.
– Сынақтан өтуге  бір, екі ұпай  жетпегендер,  шешіммен келіспейтіндерге қандай кеңес бересіз?
– Жыл сайын 1,5% түлек тест қоры­­тындысымен келіспейді. Ол үшін сы­нақ өткізу пункттерінің жанынан құрылған апелляциялық комиссияға тест қорытындысының нәтижесін қайта қарау туралы өтініш беру құқы бар. Тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күнгі сағат 14.00-ге дейін қабылданып, нұсқаулыққа сәйкес апелляциялық комиссия тәулік бойы қарастырады. Өтініш берушінің өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжаты, ҰБТ-ға жіберу рұқсатнамасы болуы керек.
– Өткен жылы «Алтын белгi» мен үздік аттестатқа ұсынылған түлектер өз білімдерін ақтай алды ма?
– Өткен оқу жылында 48,7 % «Алтын белгi» және  30,3% –үздік аттестатқа үміткерлер өз білімдерін ақтап шықты. Жалпы алғанда соңғы екі жыл ішінде бұл көрсеткіш 7–10%-ға көбейді.
– Қазақстанның ҰБТ бойынша жалпы рейтингісінде Қарағанды облысының көрсеткіштері жоғары. Бұл нәтиже биылғы тестілеудің сәтті өтуіне себепкер бола ала ма?
– Тест қорытындысының талдауы тұрақты оң динамиканы көрсетіп келеді. Соңғы екі жылды салыстырсақ, 2015 жылы ҰБТ-ның облыс бойынша орташа балы – 79,6 болды, бұл 2014 жылмен (76,9) салыстырғанда 2,7 ұпайға жоғары көрсеткіш, яғни, республиканың орташа балымен бірдей деген сөз. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің рейтингісінде, түрлі көрсеткіштерді есепке ала отырып, ҰБТ қорытындысы бойынша біздің облысымыз 7 орынды, өсу динамикасы бойынша – 5 орынды, орташа бал бойынша – 6 орынды иеленді.
– Рейтинг жоғары десек те, ҰБТ нәтижелері облыстағы мектеп бітірушілердің білім сапасының жалғыз көрсеткіші емес қой?
– Рас. Бұл ретте, облыс оқушы­лар­ының зияткерлік жарыстардағы нәтижелерін есептен шығаруға болмайды. Жалпы, білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар және ғылыми жоба конкурстарында Қарағанды облысының командасы соңғы алты жыл қатарынан үздік олимпиада командасы атағына ие болып келеді. Өткен жылы республикалық және халықаралық сайыстарда біздің оқушылар 93 медальді жеңіп алды, оның – 24-і алтын. Нәтижені ескере отырып, облыс түлектерінен жоғары көрсеткіш күтетініміз рас.
– Бақтыгүл Науқанбайқызы,біздің сауалдарға берген тұщымды жауап­т­арыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Аяулым СОВЕТ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 240
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px