Дайындық пысықталды - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Дайындық пысықталды
Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»
Оқушының он бір жылғы білімінің нәтижесін шығаратын Ұлттық бірыңғай тестілеу күн санап жақындап қалды. Оқушылар мен ұстаздар қауымы қызу дайындық үстінде. Жалпы, бұл сынақ, тек, оқушы мен ұстаздың ғана сынаққа түсер мерзімі емес. Мектептің, ауданның, облыстың, еліміздегі білім сапасының көрсеткіші.
Міне, осындай айқын мақсат, нақты жоспарларды жүзеге асыру мақсатында Қарқаралы ауданында жыл сайынғы жақсы дәстүр биыл да жалғасын тапты. Аудандағы білім беру саласы қызметкерлерінің басын қосып, осы сынақтан сүрінбей өтудің жолын егжей-тегжейлі сарапқа салып, тәжірибе алмасқан келелі жиын, яғни, аудандық Х білім беру саласы қызметкерлерінің форумы өтті.
Жалпы, оқушыларға сапалы білім беру жолында атқарылып отырған жұмыстар мен алдағы тұрған міндеттер және ҰБТ-ге дайындық жұмысын пысықтау мақсатында өткен басқосуға аудан әкімі Х.Мақсұтов, қала-кент, ауылдық округ әкімдері, ұстаздар қауымы қатысты. Форумда сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жетібаев білім саласындағы елеулі жетістіктер мен кемшіліктерді тілге тиек етіп, аталмыш сынақтан межеленген жоспарға сай өту үшін барлық мүмкіндіктердің жүзеге асып жатқандығын айтып өтті.  
Жиында былтыр Бесоба, Қарқаралы, Аппаз, Татан, Көктас, Жарлы, Нұркен, Қарағайлы, Ақтасты, Томар, Жаңатоған, Бүркітті, Бақты, Ынталы, Қарабұлақ ауылдарындағы №№8, 3, 44, 18, 23, 4, 9, 10, 17, 32, 22, 14, 20, 21, 33 орта мектептер түлектері облыс бойынша селолық аудандар көрсеткішінен төмен нәтиже көрсеткендігі, ал, Бүркітті, Бақты, Ынталы, Қарабұлақ ауылдарындағы №№20, 21, 3, 33 орта мектептер ҰБТ-дің қорытындысында ең соңғы сатыда келе жатқандығы ортаға салынды. Аталған мектептердегі ұстаздар әлі еңбектенуі керектігі баса айтылды.
Сонымен қатар, бір топ ұстаз пәндер бойынша түлектерді тестке дайындаудағы тәжірибесімен бөлісті. Жалпы, білім беру қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігінің зор екендігін еске салатын осы бір жиында жетістігі мол мектептер мен ұстаздардың мәртебесі көтерілсе, керісінше, олқылықтарға жол берген мектеп ұстаздарының кемшіліктері де өткір сынға алынды.
Аудандағы білім деңгейінің нәтижесіне қанық болған аудан басшысы Х.Мақсұтов кемшіліктерді жою жолында жұмыс істеу қажеттігін тапсырды. Биылғы оқу жылында мектепті аяқтағалы отырған 277 оқушының 209-ы, яғни, 75,5 пайызы тестілеу шарасына қатысады. Аталмыш форум «әр білім беру ұжымы қызметкерлерінің мақсаты санға емес, сапаға жұмыс жасауы тиіс» деп түйінделді.     
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 151
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px