Дарынды ұстаз, білікті маман - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Дарынды ұстаз, білікті маман
Өмірде өз кәсібін, өмірлік арнасын адаспай, анық тапқан адамдар ғұмыры – мағыналы. Солардың бірі –  №101 мектеп-лицейде 30 жылға жуық жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, білім  нәрімен сусындатып жүрген Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, «Үздік ұстаз» тәуелсіз қоғамдық байқауының лауреаты Гүлбарам ҚҰСАЙЫНОВА. Оның өмір жолы – үнемі ізденістер мен жеңістерге толы.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халық бекер айтпаса керек. Жанарына мейірім, жанына ізгілік пен жақсылық тұнған осы бір келбетті ұстазды көрген сайын «...Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, ұстаз болу – адамның асылдығы»  деген ақын жыры еріксіз тіл ұшына оралады.  Гүлбарам Айдарханқызы – ұстаздардың ұстазы, білікті әдіскер. Алдындағы тәлім алушылары – сабаққа ынталы, үздіктер қатарында. Өткен жылы білім 4-сыныпты тәмамдаған оқушылары «Дарын», «Мұрагер» мектептеріне еш қиындықсыз ауысты. Биылғы оқу жылында сыныбында 36 оқушы бар.
Иә, мұғалім – адам жанының инженері. Адал да аңқау, ойы толқымалы, әрнәрсенің сырын ашып, білуге құмартып тұратын балғын буынның рухани ой-өрісі, мінез-құлқы әр алуан. Ұстаз оларға өнегелі тәрбие беріп, білім шыңына жетелейді. Әр жеткіншектің жан-дүниесін танып, тап басып, дұрыс жолға бағдарлайды. Сондықтан да, оқушы зердесіне білім нәрін құйып, жас ұрпақты ізгілікке, инабаттылыққа, мәдениеттілік пен адамгершілікке баулитын ұстаз еңбегі – қашанда мәртебелі әрі мерейлі.
Қазіргі қоғамда орын алып жатқан түбегейлі өзгерістер ұстаздарға жаңа талап қойып отыр. Жуырда өткен ғылыми-практикалық конференция аясындағы мектепішілік семинарда жасаған «Бастауыш сыныптарда оқудың жаңа технологиялары арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеру» атты баяндамасы жоғары бағаланды. Ол облыстық, республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып, еңбектері педагогикалық жинақтарға енген.
Әлеуеті мол ұстаздың әріптестерінің пікірінше, Гүлбарам Айдарханқызы – білім беру үрдісі мен ұжымдық іс-әрекетті нақты жоспарлауға бейім, білім беру саласындағы өзгерістердің мәнін дер кезінде болжап, парасатты тұрғыда қабылдай білетін тұлға.
Мерейлі мұғалімнің еңбегі, атқарған ісі, төккен тері лайықты бағаланған. Білім беру саласындағы әр деңгейлі органдардан алған Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, бағалы сыйлықтары жеткілікті. Жоғары санатты ұстаз, Білім беру ісінің үздік қызметкері.
Кейіпкеріміздің өзі мұғалімдердің балаға білім мен тәрбие беру ісін талапқа барынша сай атқаруын қастерлі парыз деп біледі. Дарынды ұстаз, білікті маманның бағамдауында, мектептерде ер мұғалімдердің саны аз болуынан ұрпақ тәрбиесінде кемшін түсер жайттар бар. Қыз балаларымыз ибалы, ал, ұлдарымыз ер мінезді, намысшыл болып өсулері үшін мектептердегі педагогтер қатарында ер-азаматтар көп болуы тиіс.
«Мен қайда және қашан болсын, мұғалім ретіндегі жауапкершілік жүгін бір сәт есімнен шығармаймын» дейді Гүлбарамның өзі. Жарықтық, абыз Абайдың «Адамның адамшылығы... жақсы ұстаздан болады»  деген сөзінің терең мәнін ұлағатты ұстаздың әлгі ұстанымынан айқын аңғаруға болады.
Тағы да сол Абайдың «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға...» деген тәмсілге айналған сөзі бар. Ендеше, ұлт болашағы жолында тынымсыз еңбек етуге машықтанған ұрпақ тәрбиешісі Гүлбарам Құсайыноваға тың еңбек жетістіктерін тіледік.

Еркін КӨПІШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер ұстаз.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 278
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px