Ұлағатты ұстаз – білім қайнары - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ұлағатты ұстаз – білім қайнары
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң, қарсы алдыңда, айналсаң, артыңда тұрғандай» деп Сократ айтқандай, егемен еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласына, оның ішінде, білім саласына да түбегейлі өзгерістер енгізіп, мұғалімдерге жаңа талаптар қойып отыр.
XXI ғасырдың ақпараттандыру мен инновациялық технологиялар ғасыры екенін ескерсек, осы кезеңге сай интеллектуалды, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар жастар тәрбиелеу – мұғалімнің міндеті. Парасатты ұстаздың алдын көріп, қажетті білім нәрімен қаруланған өскелең ұрпақ қана еліміздің өркендеуіне үлес қосар жарқын болашақ кепілі болмақ. Сонда «бүгінгі ұстаз келбеті қандай болу керек, оның кәсіби біліктілігіне қандай талаптар қойылады?» деген сауал туындайды. Әрине, жаңа формациядағы мұғалімдерді дайындау, яғни, еліміздегі барлық мұғалімдердің жұмысын өмірдің талабына сай өзгерту және мәртебесін көтеру әлі де маңызды.  
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚБА институтында Кембридж бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылып отыратын 3 айлық курстар өз деңгейінде жүргізіледі. Осы курстардың басты мақсаты – мұғалімдерге білім берудің тиімді жолдарын үйрету. Бұл курстарға шалғайда орналасқан ауылдардағы шағын жинақталған мектептердің мұғалімдері де қатысып, өздерінің білімдерін жаңа талапқа сай жетілдіріп отырады.
Қазіргі жаһандану заманында жалпы білім беретін мектептің түріне, тіпті, орналасқан жеріне де қарамастан білім берудің сапасын одан әрі жетілдіру басты мәселе болып отыр. Қала жағдайындағы мектептер мен ауылдық жерлердегі шағын жинақталған жалпы білім беретін мектептердің алдына қойылатын талап та, мақсат та бір. Әрине, әр істің өз қиындығы,  артықшылығы, жалпы айтқанда, кез келген жағдайдың өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктерді осы салада үзбей жұмыс атқарып, өз істеріне шын берілген тәжірибелі мамандар ғана біледі. Жоғары оқу орнын  бітіріп келген жас мамандар мұндай жағдайдан бейхабар, яғни, бірден екі сыныпқа қатар сабақ беруді, жоспарлауды оларға ешкім үйретпейді. Оларға өздігінен үйреніп, әдістенгенше біршама уақыт өтеді.
Мұғалімнің кәсіби өсуі – олардың оқу-тәрбие процесін жүйелі түрде жобалауға, ұйымдастыруға мүмкіндік беретін өздігінен ізденісі. Осы 3 айлық курста мұғалімдердің білім беру саласына, өзінің кәсіби мамандығы мен қоғамда алатын орнына деген көзқарасы өзгереді. Курстық практика кезінде мұғалімдердің ең қиналатын тұстарының бірі – оқушыларды зерттеу іс-әрекеттері, яғни, бұл мұғалімнің өз жұмысына талдау жасау арқылы өзінің және оқушылардың нәтижелерін көре білуі, өзінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауы, өзінің ойлау іс-әрекетін қайта құрастыруы болады. Өзінің берген сабақтарына рефлексия жасай отырып, сабақ беруші рөлінен сабақты ұйымдастырушы рөліне енуі қиындыққа түседі. Курстан өткен мұғалім алған білімін мектептегі оқу процесінде жүзеге асыруда әрі мұғалімдерге арналған желілік қауымдастықты ұйымдастыруда қолдана білуі керек. Осы бағытта мұғалімдерге өздерін толғандырып жүрген көкейтесті сұрақтардың жауабын  алу мүмкіндігі туады. Мектепте осы мұғалімдер жетекші рөл атқарады, олардың семинарларға, онлайн семинарларға, ғылыми-әдістемелік конференцияларға және эссе сайыстарына қатысуға үлкен мүмкіндіктері бар. Осындай шараларға қатысу нәтижесінде мұғалімдер өздерінің ең таңдаулы көрсеткіштерін көрсете алады. Мұғалімнің кәсіби өсуіне біріншіден, өзінің ішкі сана-сезімі, сұранысы және өзіне деген сенімділігі әсер етеді. Егер, мұғалімді ештеңе  қызықтырмаса, жұмысы мағынасыз болса, ол өзіне шабыт беретін әрекетті іздеуі керек, сонда ғана мұғалімнің жұмысы жандана түсері анық.
Сертификатталған мұғалімдерді курстан кейінгі қолдау – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ Деңгейлік бағдарламалар орталығының қызметіндегі басты бағыттардың бірі. Осы мақсатта ДБО тренерлері мұғалімдерге курстан кейінгі қолдау көрсету арқылы, мұғалімдердің курстан алған білімдерін өз тәжірибелерінде қолданудағы кері байланыстарын анықтап отырады және мұғалімдерге тәжірибе барысында кездескен кедергілерді шешуде бағыт-бағдар береді. Осы курстан кейінгі қолдау шарасы мұғалімдердің жұмысына үлкен құлшыныс беретіні әркез байқалады.
Жанна ҚАЙЫРБАЕВА,
Гүлнар БАЯНДИНА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ  Қарағанды облысы бойынша ПҚБА институты ДБО тренерлері.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 183
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px