Майталман мұғалім - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Майталман мұғалім
Осынша уақыттың тез өтетінін кім білген?! Ұстаздық қызметтің қызуымен жүріп, Айгүл ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ зейнет жасына келіп қалғанын да аңдамай қалған сияқты. Немерелі әже болғанын да мойындайтын емес. Баяғы сымбат, тік қалпы. Абыройлы еңбек еткен ардақты ұстазды сүйікті ұжымы құрметті демалысқа шығарып салмақшы.
Мұғалімді – адамзат тарихындағы жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиісті мамандықтың иесі,  шәкірттерімен үнемі қарым-қатынаста жүріп, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның тағдыр сырына үңіліп, Алла алдындағы қасиетті парызын өтеп жүрген тұлға деп мойындаймыз. Өзінің шәкірттерінің сабаққа деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін, зерттеушілік қабілеттерін оятып, дамытып қана қоймай, қазіргі кезеңдегі дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни, бәсекелестік жағдайында өмір сүруге тәрбиелеп жүрген осындай жандардың бірі – Жамбыл атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің ұстазы Айгүл Жүсіпова. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», – деген болатын. Педагогикалық шеберлігі жетілген Айгүл Әбілтайқызы – осы үдерістен шығып жүрген жан. Айгүл Әбілтайқызының сөзімен сөйлесек, мұғалім шеберлігі жайлы дайын ереже-қағида жоқ, ол үйрену мен ізденудің нәтижесі. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қаларың сөзсіз.
Егіндібұлақта туған ол 1980 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология факультетін бітіріп, Жамбыл атындағы мектепте пән мұғалімі ретінде қызметін бастайды. Мектептің сол кездегі директоры Нұрахмет Қайырбаевтың әкелік қамқорлығын, үлгі-өнегесін, сабақ беру әдіс-тәсілдерін үйреніп, ұстаздық қызметтің қиындығы мен қуанышын бірдей кешіп, тәжірибелі мұғалім болып қалыптаса бастады. Мектептің ішкі-сыртқы жұмыстарына белсене араласып, ұжым, ата-аналар арасында үлкен беделге ие болды. Аға буын өкілдері арасынан осы мектептің биолог мұғалімі әрі мұражай жетекшісі Майра Жұмашеваның орны ерекше. Сынып сағаттарын өткізу, оның әдістемесін үйреніп, тақырыптарын таңдауда алған тәжірибесі аз емес. Соның нәтижесінде өзі жетекшілік ететін және сабақ беретін сыныптардың тәртібі де, білім сапасы да мектеп бойынша жоғары дәрежеде болды. Облыстық, қалалық, республикалық пәндік олимпиадаларда шәкірттері көш басынан көрініп жүрді. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті мығым Айгүл Әбілтайқызы 1994 жылдан 2014 жылға дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Қазір мұғалімдік қызметін жалғастыруда. Жас  ұстаздардың тәлімгері. Педагогикалық жұмыс өтілі 35 жыл. Жоғары санатты ұстаздың шәкірттері биология пәні бойынша ҰБТ-дан ең жоғары  деңгейге жетіп, басым көпшілігі ЖОО-ға грантпен түсіп, бітіргендері де қызметке кіріскендері де баршылық. Облыстық пәндер олимпиадасында ІІІ орын алып жүрген Балауса Темірғалиева   дейтін оқушысы Томскіде магистратураны аяқтады. Тағы басқа оқушыларынан Болашақ Университеті ұйымдастырған «Эрудит-2010»  жарысында  Т.Мұхаметқали ІІ орынды, облыстық  пәндер олимпиадасында  Ж.Дастанова ІІІ орынды иеленсе, Б.Қомарзина Құрмет грамотасын алды. Өткен оқу жылында Президенттік олимпиадада 7 «б» сынып оқушысы Ертуған Қайырбеков  және 11 сынып оқушысы С.Әбдіғалым ІІ орындардан көрінді.
«Оқушылардың жаңа биоэкологиялық  санасын  қалыптастыру», «Халықтық педагогика негізінде ұлттық тәлім-тәрбие беру» атты мақалалары 2012 жылы  өткен республикалық ғылыми-практикалық  конференциялар жинақтарына шықты. «Қазақ мектептерінде тәрбие жүйесін құру» жобасы облыс көлемінде таратылды. «Биология пәнін оқытуда оқушылардың танымдық белсенділігін, қызығушылығын, қабілетін дамыту» проблемасымен жұмыс жасайды. ҚарМУ, МБҚБА және ҚДИ-де өткен ғылыми-практикалық конференцияларда жасаған «Оқушылардың биология пәнінен қызығушылығын арттыру жолдары», «Бейіндік оқыту жағдайындағы мұғалімнің шығармашылық ролі» атты баяндамалары  түгелдей жинаққа енген. Осыған орай, еңбегі еленді. «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Нұр Отан» партиясының, облыс әкімінің, облыстық білім беру басқармасының «Құрмет» грамоталарымен, облыстық кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Оқушының өзін-өзі тануына жол ашып, жеке тұлға бойындағы қасиетін дамытып, «Мен» менталитетін қалыптастырып, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттап отыру – бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті дейтін қағиданы ұстана отырып, мұғалімінің өзі де жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жетуі мүмкін емес», – дейді Айгүл Әбілтайқызы. Осыны жас ұстаздардың бойына да сіңіріп жүр. Мектеп директоры Қайырбек Ілімбаев Бәтіш Мұқатайқызы бастаған, Айгүл Әбілтайқызы қоштаған тәжірибелі ұстаздардың барлығына ризашылығын білдіре отырып, олардың мектебінен өтіп жатқан жас ұстаз-шәкірттерінің де жолдары болатындығына, олардың да жетістік биіктерінен көрінетіндігіне сенімдімін дейді.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН,
ардагер ұстаз.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 203
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px