Мектеп мақтанышы - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Мектеп мақтанышы
Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні мерекесіне орай, Қазақстан әйелдері қауымының  өкілдерімен «Көктем шуағы»  деп аталатын дәстүрлі кездесуін өткізгені баршамызға мәлім. Кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен өз істерінің майталманы атанған түрлі кәсіп иелері,  есімдері елге танымал 25 қыз-келіншек қатысты.  Араларында  көпбалалы аналар, кәсіпкерлер, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтер, мәдениет және спорт қайраткерлері, журналистер бар. Біз үшін осы кездесуде Қарағанды облысы атынан облыстық мамандандырылған «Мұрагер» мектеп-интернатының директоры Маргарита НҰРМАҒАНБЕТОВАНЫҢ болғаны – үлкен мақтаныш. Теледидарда Елбасының Маргарита Тәукенқызын «Мұрагер» мектебінің директоры» деп қошеметтеп жатқанын көргенде, тіпті, төбеміз көкке екі елі жетпей қалды.  

Ақордада бас қосқан еліміздің ару қыздарының бірі – біздің  мектептің  директоры, химия ғылымдарының кандидаты,   доцент, білікті маман, парасатты педагог Маргарита Нұрмағанбетова өзіміздің  Қарағанды қаласында туған. Қарапайым дәрігер мен мұғалімнің шаңырағында дүниеге келген болашақ ұстаз отбасында өз ісіне адалдықты, табанды еңбек пен талмай ізденудің қажеттілігін, бастаған істі соңына жеткізетін тынымсыз еңбекқорлықты бойына сіңіріп өсті. Ата-анасынан алған ұлттық тәрбие арқасында ізетті мінез бен ізгі қасиеттерді өмірлік ұстанымы етті.
Алғашқы еңбек жолын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бастаған Маргарита Тәукенқызы тек жоғары білімді маман болып қана қойған жоқ, өз іс-тәжірибесін өмірде қолдана білді,  үнемі  даму үстінде болды, бәсекелестікке қабілетті маман ретінде ел қажетіне жарады. Университет  қабырғасында  жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде кандидаттық диссертация қорғап, доцент ғылыми дәрежесіне ие болды. Факультет деканының орынбасары сияқты мазасыз қызметті де атқарды. Республикалық басылымдарда жазылғандай, профессор О.Құрманалиев атындағы сыйлықтың лауреаты атанған. Еңбектерінің тізімі 70 жарияланымнан асады, 1 авторлық куәлік авторы. Ғылыми еңбектері ресейлік  беделді  «Общая химия», «Органическая химия», сондай-ақ, ағылшын тілінде шығатын «Russian Jornal of General Chemistry» журналдарында жарияланған.  
Алайда, ізденімпаз адамның мақсаты, өмірге көзқарасы заман талабына қарай  жаңадан туындайды  ғой. Қол жеткізген жетістіктеріне  тоқмейілсімеген жас ғалым өзінің алған білімін, іздену, зерттеу жұмыстарын жүргізу тәжірибесін, жаңалыққа құштарлығы мен жаңа өзгеріс енгізуге ұмтылысын  елге, халыққа  пайдасын тигізе алатын еліміздің болашағы – жастарға  үйрету  керек екендігін және бұл игілікті істі мектептен бастау керектігін түсінді. Осы мақсатта 2012 жылдан облыстық мамандандырылған «Мұрагер» мектеп-интернаты директорының ғылыми-әдістемелік  жұмыстары жөніндегі орынбасары  ретінде педагогикалық еңбек жолын бастап кетті. Көп ұзамай, мектеп директоры болып тағайындалды. Аз уақыт ішінде өзінің асқан ұйымдастырғыш қабілетімен мектеп оқушылары мен педагогтерінің, ата-аналарының құрметіне бөленген жас директор мектеп басқару жұмысының майталманы екенін танытты. Оқушылар мен мұғалімдер оны «біздің директорымыз» деп мақтан тұтады. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген педагог-басшы әр оқушыны тұлға ретінде бағалап, әр шәкірттің жүрегіне жол табуға тырысады. Үш тілде білім беруді алғашқылардың бірі болып бастаған мектепте заманауи оқытуды сапалы жүргізу жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін жұмсайды. Сондықтан да, ұжымда сыйлы, шәкірттері алдында беделді де құрметті.
Өз ісінің білікті маманы, бала жүрегіне жол таба білген тамаша педагог Маргарита Нұрмағанбетова басқарған педагогикалық ұжым – қазіргі күні облысымыздағы үздік білім ордаларының бірі.  Соның бір дәлелі, «Мұрагер» мектебі 2013-2015 жылдары ғылым негіздері бойынша  өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде «Үздік олимпиадалық  команда» болып танылды. Талантты басшы жетекшілік ететін ұжымда өзара сыйластық пен құрмет, өз ісіне жауапкершілік пен біліктілік белең алған. Өйткені, олар жылы жымиып, жүректерге жылылық ұялататын, жаны жайдары, пейілі кең, өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген біліктілігі жоғары директорларына сенеді. Оның басшылығымен әлі де талай биіктерді бағындыратынын біледі.
Кездесуде  республика мұғалімдері атынан сөз сөйлеген Маргарита Тәукенқызы Елбасына білім саласына жасап отырған қолдауы үшін ризашылық білдірді. Кездесу барысында Елбасымыз жоғары баға берген дарынды басшы М.Нұрмағанбетова өзінің тиянақтылығы, ұқыптылығы және жоғары мәдениеттілігі, талғампаздығы, әсемдігі жағынан Қарағанды облысы мұғалімдерінің жиынтық бейнесін танытты. Жүрегімізге қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатты. Елімізде осындай жас та қажырлы мамандар барда, білім беру ісі биік дәрежеде бола беретініне сендірді.
К.ТӨЛЕП,   
«Мұрагер» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
А.ЖАНҒОЖИН,
журналист.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 240
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px