Ғұмыры ғибратты ғалым - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Өткен жылдың қараша айының соңында қазақ тағы бір ардақты азаматынан айырылды. Қарқаралы өңірінің тумасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, қазақтан шыққан аэрогидродинамика саласын зерттеуші тұңғыш ғалым Совет Исатайұлы ИСАТАЕВ дүниеден өтті.

Сәкең 1932 жылдың көктемінде ата-бабаларының қонысы – «Өлке» қыстағында дүниеге келді. Күнкөріс қамымен ел жан-жаққа бытырап көшіп жатқанда қажырлы әрі бірсөзді Исатай ақсақал 3-4 үйлі жақын ағайынын тапжылтпай, қалған астықтың қорымен, күндіз -түні күзетпен бағатын екі биенің сүтімен және аң аулап, аштықтан жан сақтайды.

Сәкең жастайынан зерделі, айналасындағы құбылыстарға ойлана қарап, білуге құштар болып есейеді. Ең алғашқы Жоғарғы Кеңес сайлауы өткенде ағаларының көмегімен үнқағаздарда жазылған латын әріптерінің басын қосып, сауатын ашады. Алты жасында ересек балалармен бірге мектепке қабылданып, оның бағдарламасын меңгеріп кетеді. Үшінші класс оқып жүрген кезінде-ақ бос уақытында колхоздың темір ұстасы Шашубай ақсақалдың дүкенінен шықпай, ол кісіге қолғабыс жасап, көмекшісіне айналады. Сол кездің өзінде балалық қызығушылықпен «Қыздырған кезде темір неге еркін иленеді?», «Темірді суару деген не?» деп өз сұрақтарымен Шашубай ұстаны мазалай береді екен. Тағаның шегесі, қарапайым шөпсуырғыш сияқты заттарды өз бетімен жасай бастайды. Өрімші, шебер бала атанып, атсоғар, айылтұрман, жүген сияқты әбзелдерді жасап, үлкендердің ризашылығына ие болады. Бесінші класты бітіріп, каникулға келгенде колхоз басқармасының төрағасына «шөп машинасынан лобогрейка жасап берейін» деп ұсыныс жасайды. Ол кезде егін оратын лобогрейка жеткіліксіз болған екен. Бала болса да, осы ойын Сәкең жүзеге асырады.

Қарқаралыдағы орта мектепті бітірген «Совет» колхозының бір топ жастары арман жетегімен іргелі жоғары оқу орындарына құжат тапсырады. Солардың ішінде М.Жазыбаев – Қазақ политехникалық институтына, Ә.Смағұлов – медициналық институтқа, Б.Мұстафин – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистік факультетіне, Ә.Рахымов – химия факультетіне, Совет аға – физика факультетіне түседі. Шағын колхоздан осынша түлектің жоғары оқу орындарының студенті атануы сол кездер үшін үлкен жетістік еді.

Сәкең өзінің табиғи алғырлығы, білімге деген құштарлығы арқасында, үздік студенттердің қатарынан табылады. ІІІ курста студенттерді талабына, ынтасына қарай кафедраларға бөлгенде, Сәкең жалпы және молекулалық физиканы таңдайды. Ол кісінің бағына қарай кафедраның меңгерушісі болып Қазақстандағы ғылыми физиканың атасы саналатын, Мәскеуден келген Лев Абрамович Вулис тағайындалады. Ол физиканың термодинамика, газодинамика және жылу физикасы мәселелерімен шұғылданған. Бала кезінен тәжірибе жасауға құмар Сәкең ІІІ курста жүргенде топтағы досы Сейілбек Сармановпен бірігіп, Қазақстанда тұңғыш зертханалық тәжірибе жүргізуге арналған аэродинамикалық құбыр жасап шығарады. Сәкең бұл жұмыстарын жетілдіріп, 1959 жылы дыбыс жылдамдығына дейінгі үлкен аэродинамикалық құбырды іске қосады. Осы құбырды кейін Қарағанды мемлекеттік университетіне тарту етеді. Ал, 1980 жылы Совет Исатайұлының жетекшілігімен асқын дыбысты аэродинамикалық құбыр жасалады.

Университетті үздік аяқтаған Сәкең өзі білім алған оқу орнына ассистент болып қалдырылып, аспирантураға оқуға қабылданады. Оны ойдағыдай аяқтап, Лев Вулистің жетекшілігімен 1959 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Сол уақыттан бастап оқытушылық пен ғылыми зерттеу жұмыстарымен үздіксіз айналысады. Өзі қызмет атқарған кафедраны 1994 жылға дейін басқарып, университеттің оқу жөніндегі проректоры, факультет деканы жұмыстарын қоса атқарады.

Сәкең туралы өзінің естелігінде Қарағанды университетін көп жылдар бойы басқарған шәкірті Ж.Ақылбаев: «Совет Исатайұлы аспиранттарға қатаң талап қоятын, тәжірибелерді қайталап жасататын, дәлдігіне көз жеткіздіретін. Ол кісі эксперименталды физиканың Қазақ-станда дамуының ең көрнекті өкілі болып табылады. Сол жылдары Литва академиясын басқарған Альгирдас Альфонсович Жукаускас «Исатаевтың лабораториясынан шыққан жұмыстың нәтижесіне күмән келтіруге болмайды» дейтін еді», – деп еске алады.

Сәкең ғылыммен түбегейлі айналысуымен бірге қазақ жастарын физика ғылымы саласына бейімдеуге айрықша көңіл бөлген. Ол оқытып, тәрбиелеген білімді шәкірттерін сол кездегі Одақтың жоғары оқу орындарына мақсатты аспирантураларға жіберіп, ұстаздық ұлағат көрсетіп, қамқорлық жасауды дағдыға айналдырады. Шәкірттерінен 26 ғылым кандидаты және 5 ғылым докторы шыққан. Шәкірттерінің қатарында академиктер – М.Әбділдин, Ф.Бәйімбетов, Ш.Сәрсембинов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған Т.Қожамқұлов, Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметін көп жылдар атқарған Ж.Ақылбаев және өзінің ғылыми жаңалықтарымен дүние жүзін мойындатып, халықаралық деңгейде ғалымдар қауымдастығына танымал болған З.Жаңабаев сияқты ғалымдар болды. Сәкең, сонымен бірге, өзінің қарқаралылық жерлестері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Т.Жақатаев, физика-математика ғылымдарының кандидаттары – Ғазиз Төлеуов, Төлеуғали Қонақбаевты да үлкен ғылымға баулыды. 1990 жылы ғылымдағы және оқытушылық еңбектері үшін одақтағы жоғары аттестациялық кеңестің (ЖАК) шешімімен Сәкеңе профессор атағы тағайындалды.

Совет Исатайұлы өзінің бір сұхбатында «Ғалымдық өмір жолының өркешті тұстарын елестеткенде, ұлы бабамыз Қорқытты мәңгі есте қалдыру турасындағы ізденістерімді көбірек ойлаймын. Өйткені, Қорқыт қобызымен данышпан ғой. Дала сарынына айналған қобыз үнінде үлкен мән бар. Қорқыт қобызының үні – ажалды жеңген өмір күші», – дейді. Осы мақсатта ол 1976 жылы архитектор Бек Ибраевтың нұсқасымен Қорқыттың зират-мазары жасалғанда желдің күшімен қобыздың зарлы үнін шығарып тұратын қондырғы орнатуға кіріседі. Ол мазардың ортасынан жел қай жақтан соқса да, гуілін қабылдайтын. «Қобыз» шанағына жиналған жел қысымы оның ортасындағы саңылау арқылы дыбыс шығаратын қондырғы орнатады. Ондағы әуен екі шекті домбырадан және қыл қобыздан шығатын әуенге лайықталған. Жел ұйытқып соққанда дыбыс әртүрлі октавалардан алынып, дауысының қаттылығы да өзгеріп, құбылып тұрған. Ал, осынау құдіретті «Қобыздың» бөлшектері тот баспайтын болаттан құйылған екен. Бұл жұмысын Сәкең 1979 жылы аяқтайды.

Совет Исатайұлының қолынан шыққан осы «Болат Қобыз» ұлттық мұраға, тарихымызға қойылған ескерткіш деп білеміз.

Сәкең қалт етіп қолы босағанда ауылға келіп, туған жерін аралап, ағайындарымен қауышып, әңгімелескенді ұнататын. Өзінің балалық шағында көрген, естіген қызық оқиғаларды, сол кездегі үлкендердің адами келбеттері жайында әңгімелейтін. Той отырыстарында Мәдидің қуатты «Қаракесек» әнін өзінің жағымды баритон даусымен әуелетіп шырқап жіберетін. Әңгіме арасында «Өркениетке ұмтылған халық ұлт болып дамуы үшін екі тірегі болуы шарт – ана тілі мен ғылымы. Мен қазақпын дейтін әрбір азамат осы екеуінің өркендеуі үшін еңбек етулері қажет», – деп отыратын.

Совет Исатайұлы артында мол мұра қалдырды. Қолмен жасап кеткен тәжірибе жасауға арналған қондырғылары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, басқа да жоғары оқу орындарының зертханаларында қолданыста. Монографиялары мен зерттеу жұмыстарының жазбалары студенттер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін оқу-әдістемелік құралға айналған. Совет ағаның баласы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Исатаев өзі көп жылдары басқарған кафедрасында жемісті еңбек етуде.

Отандық физика ғылымына өлшеусіз үлес қосып, ғалым-шәкірттер тәрбиелеудегі еңбектерін ескере отырып Совет Исатайұлының есімін келешек ұрпаққа жеткізу шараларын жүзеге асыру қажет. Қарқаралы ауданынан бір мектепті, көшені ғалымның атына берсе, өте лайықты іс болар еді.

 

Ж.ЖАМАНҚҰЛОВ,

ардагер ұстаз.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 316
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px