Өрге ұмтылған өрендер - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Өрге ұмтылған өрендер

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»  

Қарқаралы ауданындағы «Жас терек» балабақшасында тәрбиеленетін «Айгөлек» тобы бүлдіршіндерінің ауыз толтырып айтарлық жетістігі көп. Биыл олар өздерінің би өнеріндегі жетістігімен аудан халқын, ата-аналарын, тәрбиешілерін қуантты.
Алдымен олар наурыз айында Алматы қаласында өткен «Алғашқы қадамдар» республикалық байқауына қатысты. Жүлделі орын жаңа белестерге жетелеп, бүлдіршіндер ерекше көңіл күйде оралды. Топтағы кішкентай өнерпаздардан құралған «Еркеназ» ансамблі лауреат атанып, «Хореография» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынға ие болды. Өнерпаздар қатарында топты алға жетелеп жүрген Тимур Абуғалиев, Аяулым Әлімбаева, Нұртөре  Әнуарбек, Кәусар Ермек, Айым Жолдыбай, Қайсар Жолжақсы, Нұрмұхамет Жұмажанов, Асылжан Жұмаш, Аяжан Жұмаш, Кәусар Қайрат, Арайлым Мақсым, Мағжан Серік секілді бүлдіршіндер – осы жүлделі орынның иегері атанды. Ата-аналары күтіп алып,  қуанышты көңіл күйде: «Биылғы оқу жылында балабақшада тәлім алып, мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндердің жиырмасы өнер бәйгесінде лауреат атанды. Жақсы нәтиженің барлығы осы топпен бірге еңбек еткен тәжірибелі мамандар, жоғары санатты тәрбиеші Дина Ләмбекова және бірінші санатты тәрбиеші Ләйля Мұстафина, тәрбиешінің көмекшісі Айгүл Канафина және хореограф Зәуре Сламбекованың еңбектері деп білеміз. Бала тәрбиесіне жауапты бола жүріп өнерге баулиды, түрлі байқауларға қатыстырады» – деп атап өтті.
Жақында осы құрам «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы және «Шахтер» коммуналдық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдығына арналған Ү «Шоқжұлдыз» балалар және жастар шығармашылық байқауына келді. Өнерлері бағаланып, «Хореография» аталымы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, «Сән театры» аталымында «Айгөлек» тобының тәрбиеленушілері «Ұлттар достығы» тақырыбында тұрмысқа қажетсіз қалдықтардан жасалған әр ұлт киімде­рінің  сән үлгісін көрсетті. Байқауда қазылар алқасы топ өнеріне ерекше баға беріп, бірінші орынға лайық деп тапты. Сол күні топ бүлдіршіні Айым Жолдыбай «Мәнерлеп оқу» аталымы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Жалпы, аудан, облыс, республика атын биіктен түсірмей жүрген «Жас терек-тің» тәрбиешілеріне, әсіресе, тәрбиеленуші «Айгөлек» тобының өнерпаздарына аудан халқының қошеметі үлкен. Олардың биылғы бағындарған белестеріне қарап, ұстаз пейілі мен шәкірт зейінінің бір арнаға тоғысқандығына куә болдық.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 192
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px