«Ұстаздық еткен жалықпас...» - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Адамзат аса қастерлі дүниесін бас әріппен жазады. Алла. Отан. Ана. Бұл тізімде Ұстаз деген ұлағат бар. Алтындай уақытын аямай, бар білгенін шәкіртіне үйретіп, тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізуде алтын көпір қызметін атқаратын ұстаздан қадірлі жан жоқ. Өмірін өнегеге, тағдырын тәрбие беруге арнаған ұстаздың бірі – Нәсіп ЕҢСЕБАЕВА.

Екінші ұстаз, данагөй  әл Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген. Жетпіс елдің тілін білген данышпан баба бұл сөзімен оқушының санасына жарық түсіретін ұстазға жүктелетін салмақты айтқысы келгендей. Бала ақ парақтай таза болса, оның бойына ғасырлар тәжірибесі суретін салу керек. Бұл ретте, ұлттық бояуды,тәлім-тәрбие сызықтарын пайдаланбау аса қауіпті.

Маған алғаш әліппе ұстатып, 4-сыныпқа дейін білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз Нәсіп Қайыржанқызы – 40 жыл бойы мұғалімдік қызмет етіп келе жатқан өз ісінің шебері. Талай шәкіртті білім қайнарынан сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп табалдырығынан ұшырды. Бойына өмірден біліп-түйген тәжірибесін сарқыды.Тәуелсіз елдің ертеңі келешек ұрпақ болса,сол ұрпақтың іргетасының мықты,көкжиегінің кең болуы үшін тер төкті. Сыныптағы әр оқушы – бір әлем. Әрқайсымыздың мінезіміз әр түрлі, қабілетіміз сан алуан. Барлығына көңіл бөліп, әрқайсын тұлға ретінде қалыптастыруға қанша қажыр-қайрат, төзім керек, десеңізші...

Апайымыздың берген тәрбиесімен бойымызға адалдық, қамқорлық, ізеттілік деген қасиеттерді сіңірдік. Соның арқасында сыныбымыз өте тату, бір үйдің баласындай. Биші, күйші, спортшы да біздің сыныпта.

Төгілген тер, атқарылған жұмыс міндетті түрде жемісін береді. Нәсіп Қайыржанқызының тәлім-тәрбиесін алған оқушылар облыстық, республикалық сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп,биік белестерді бағындыруда. Олардың ішінде Сламия Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінде өткен «Танымгер-2016» олимпиадасында жүлделі І орынды иеленген Аяулым Малаева, Ж.Жабаев атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында Нұрахмет Қайырбаев атындағы аймақтық VIII олимпиадада І орын алған Манас Мейірханов, «Таным-2016» облыстық рейтингтік олимпиадасында ІІ орынға қол жеткізген Адель Туғанбаева, III Республикалық ментальді арифметика олимпиадасында ІІ орынмен марапатталған Абылай Жұмағазы ұлағатты ұстаз Нәсіп Қайыржанқызының шәкірттері. Және облыстық «Дарын» мектеп-интернатында жаратылыстану, математика пәндері бойынша XIV аймақтық олимпиадада жүлделі орынның барлығын бағындырған жеңімпаздар мерейлі мұғалімнің оқушылары екендігін зор мақтанышпен айтамын.

№101 мектеп лицейі қашанда жақсылық пен ізгіліктің, парасаттылық пен руханиятқа толы ойдың,таным мен тәрбиелі істердің ордасы болған. Араға жылдар салып кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бастауыш сыныпты тәмамдағалы отырмыз. Қасиетті білім ордасында аяулы, ардақты ұстазым Нәсіп апайдың арқасында ұлағатты істердің ұшқынын санама сіңірдім.

Әдептілік пен тәртіпті,сыйластық пен ізеттілікті, білімділікті ұран қылып ұстанатын ұстаз сыныбы әрқашан алдыңғы қатардан көрінетіні заңдылық. Ұстазы мықтының ұстамы – мықты. Тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстайтын өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген Нәсіп апайдың шәкірттері әлі де талай биіктерді бағындыратынына сенемін.         

Аружан ТӨЛЕУОВА,

№101 мектеп-лицейінің  

4-сынып оқушысы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 223
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px