Тәуелсіз бағалау жүйесі - ұлттық бірыңғєай тестілеу - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

 Тәуелсіз бағалау жүйесі - ұлттық бірыңғєай тестілеу
Тестілеудің өту мерзіміне сай ҰБТ-ға қатысуға 10 наурыз – 25 сәуір аралығында өтініш қабылданады. Сәйкесінше, Ұлттық бірыңғай тестілеу 1-15 маусым аралығында өтеді.  

Білім грантын тағайындау конкурсына өтініш қабылдау шілде айының 23-31 аралығына, ал,  білім грантын тағайындау конкурсы 1-10 тамыз аралығына жоспарланған.
Жалпы, ҰБТ елімізде 2004 жылдан бері бір ереже бойынша өткізіліп келеді. Өткен жылы 87 783 мектеп бітіруші ҰБТ тапсыруға ниет еткен. Бұл – жалпы мектеп бітірушілердің 70,57 пайызы. «Білім туралы» Заңға сәйкес, талапкер жоғары оқу орнына мектеп бітіретін жылы түсуге тілек білдірген жағдайда ҰБТ-ға қатысуға міндетті. Сонымен қатар, жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» немесе үздік аттестат алуға үміткерлер, ғылыми жарыстары мен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері қатысады. Жоғары сапалы білім мен жоғары білімге қол жеткізуде әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін оқытудағы жетістіктердің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру  – тестілдеудің басты мақсаты болып табылады. Сәйкесінше, бірыңғай өлшеу материалдарының көмегімен  мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, білім беру сапасын бағалауда әділдік пен нақтылықты көтеру, білім грантына қол жеткізу үшін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету – басты міндет қатарына еніп отыр.

Тестілеудің  форматы өзгермейді

Елімізде ҰБТ тапсыруға арнайы жабдықталған 165 пункт бар десек, олардың 46-сы – жоғары оқу орындарының ғимаратында, 3-і – колледждер базасында. Мектеп  базасында 116-сы, ал 11-і жергілікті атқару органдарының немесе уни­вер­ситеттің қаржылық есебінен қаржыландырылады. Өткен жылы Қарағанды облысы бойынша тестілеу 15 пунктте өтіп, оған 4 977 талапкер қатысты. Биыл қаладағы ҰБТ өткізетін үш пунктке 3000-нан астам талапкер  қатысады.
Биылғы тестілеу форматы өзгер­мегендіктен, сынақ 5 пәннен өтеді. Ана тілі (оқу тілі), математика, Қазақстан тарихы, мемлекеттік тілде оқытпайтын мектептер үшін – қазақ тілі, қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін – орыс тілі және жоғары оқу орнына түсу кезінде типтік ережеге сәйкес таңдаған болашақ мамандығына байланысты таңдау пәні ескеріледі.
«Білім туралы» Заң бойынша орта білім туралы  аттестат алу үшін  мемлекеттік тіл мен орыс тілі ҰБТ бағдарламасына енгізілген міндетті  пәндер болып табылады. Сынақ нәтижелері  125 балдық жүйе, яғни, жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін бес балдық  көрсеткіш  бағамен бағаланады. Балдарды бағаға ауыстыруды министрлік белгілеген кестеге сәйкес мемлекеттік комиссия жүргізеді.
Емтихан тапсырған бітірушілерге ҰБТ-ның 3 міндетті (оқыту тілі, Қа­зақстан тарихы, математика) және 1 таңдау пәндері бойынша  сертификат,  жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. Мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсудің  шекті деңгейі – 50 балл. Әр пән бойынша жинаған ұпайлары бейіндік пәннен – 7, ал қалған пәндерден 4-тен  төмен болмауы керек.

ҰБТ-ны қайта тапсыруға рұқсат жоқ

ҰБТ-да пайдаланылатын тест тапсырмаларын мектепте оқу­шыларға тәрбие беріп, білім үйретіп жүрген білікті ұстаздар қауымы жасайды. Қазіргі таңда  іріктелген мамандар саны 300-ге жуықтады. Олар әр жылы тест сұрақтарын жетілдіріп отырады. Бірнеше рет сараптаудан өткізіп, әсіресе, сұрақтардың мектеп бағ­дарламасына сай болуын қадағалайды.
Тест сұрақтары және дұрыс жауаптар коды мем­лекеттік құпия болып саналады. Оны бұзғандар заң талабы бойынша жауапқа тартылады. Сондықтан да, барлық атқарылатын жұмыстар мемлекеттік құпияларды сақтау ережесіне сәйкес жүргізіледі. Мектеп бітіруші ҰБТ-ға өзімен бірге жеке басын куәландыру куәлігін, рұқсат қағазын, қара сиялы қаламсап алып келуі тиіс.
Мектеп бітіруші тестілеу кезінде өзін тәртіпті ұстап, ҰБТ-ны  ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықты сақтағаны жөн. Сынақ кезінде бір орыннан екінші орынға ауысып отыруға, емтихан материалдарын басқа бітірушімен ауыстыруға, көшіріп жазуға, шпаргалкаларды, оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиеттерді, ұтқыр байланыс құралдарын (ұялы телефондар) аудиторияға кіргізуге және қолдануға рұқсат жоқ. Өзін-өзі ұстау ережесін бұзған жағдайда министрлік өкілі оны аудиториядан шығарып жіберуге, тест нәтижелерін жарамсыз деп табуға құқылы.
Тест  тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешу, ҰБТ-ға қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында апелляциялық комиссия  жұмыс істейді. Бітірушілердің талабына орай соңғы шешімді рес­пуб­ликалық дәрежедегі комиссия қабылдайтын болады.
Тестілеу нәтижелері хабар­лан­ғаннан кейін, апелляцияға өтініштер келесі күнгі сағат 14-00-ге дейін қабылданады. Өтініш апелляциялық комиссия төрағасының атына беріліп, бір күн ішінде қарас­тырылады. Апелляцияның екі түрі бойынша (мазмұны бойынша дұрыс  жауабы  жоқ; бірнеше  дұрыс жауабы  бар; тест  тапсырмасы  дұрыс құрылмаған),  техникалық себептер бойынша (дұрыс жауаптар кодымен дәл келген бір дөңгелекше боялған, ал сканер екі боялған дөңгелекше ретінде оқыған; дұрыс жауаптар кодымен дәл келген бір дөңгелекше боялған, ал сканер оны оқымаған) қарастырылады.  

Кейбір жаңартулар

Сондай-ақ,  үстіміздегі жылы тестілеуді өткізуді реттейтін нор­мативті құжаттарға аздаған өз­герістер енгізілгенін  айта кеткен жөн. Атап айтсақ, мемлекеттік комиссия мен министрлік өкілдерінің функцияларына түзетулер енгізілді. Алдымен, ҰБТ-ны өткізу кезінде қоғамдық тәртіп сақталып, тестілеуге оқушыларды әкелу – талапқа сай ұйымдастырылуы тиіс. Ал, сынақ тапсыратын орынға кіргізу барысында металіздегіштерді қолдану функциясын беру, екінші сынақ тапсыру кезінде тәртіп бұзған бітірушілерді аудиториядан шығару функциясын мемлекеттік комиссиядан министрлік өкілі атқарады.
Бүгінгі таңда тест тапсырмалары қорына логикалық түрдегі тест тапсырмалары және диаграммалар, суреттер, кестелер, схемалар (химия, математика, физика пәндеріне) қосылды. Егер, мектеп бітірушілер тест тапсыру пунктінен алыста тұратын болса, оны тиісті органдар тестілеу орнына жеткізуге міндетті. Оқушыларға қолайлы жағдай жасап, тамақтандыру жұмысы да соларға жүктелген. Сондай-ақ,  оқушылардың қауіпсіздігін сақтау, ішкі істер органы қызметкерлерінің міндеті болып саналады. Тестілеу қорытындысы сертификатпен рә­сімделеді. Сертификат – тестілеу кезінде мектеп бітірушінің алған балдарын ресми растайтын, белгіленген түрдегі, қатаң есептегі атаулы құжат болғандықтан, тестілеу өткен соң 3 күн ішінде беріледі. Оның жарамдылық мерзімі – сол жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Қуаныш АЯЖАНОВ,
Саят ИСАҒҰЛОВ,
Тоғжан ХАСЕНОВА,
Ұлттық тестілеу орталығы Қарағанды филиалының жетекшілері.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 277
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px