Тәуелсіздіктің төл құрдасы - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Тәуелсіздіктің төл  құрдасы
Аймаққа аты мәшһүр Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназияға биыл ширек ғасыр толып отыр. Осыған орай, Тәуелсіздікпен түйдей құрдас білім ошағына ат басын бұрып, облыс әкімінің Құрмет грамотасы-мен марапатталған, «ҚР тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, сондай-ақ, 2014-2015 оқу жылының қорытындысы бойынша «Ең үздік мектеп директоры» атанған гимназия басшысы Жанкелді БАЗЫЛ мырзамен аз-кем сұхбаттасып қайтқан едік...

 – Аға, оқырмандарға түсінікті болу үшін гимназияның өткеніне тоқтала кетсек...
 – Мектеп 1991 жылы 1296 оқушыға арналып салынған. 1993 жылдан бастап мектепке Мағжан есімін беру ұйғарылып, ақынның өмірі мен шығармашылығы, педагогикалық еңбектерін жұртшылыққа барынша насихаттай отырып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. «Мағжан» тәлім-тәрбие орталығының басшылығымен әдеби кештер, Мағжан оқулары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, педагогикалық оқулар өткізу арқылы ақынның еңбектерін елге дәріптей отырып, мектеп гуманитарлық бағытта жан-жақты дамыды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен мектепке ақиық ақын, қоғам қайраткері, белгілі педагог Мағжан Жұмабаев есімі берілді.
2004 жылы 23 тамызда бағдарлы педа­гогикалық мектеп мәртебесі бері­ліп, эксперименттен өтті. 2005 жылы 15 тамызда элитарлық мектеп гимназия мәртебесі берілсе, ал 2006 жылы мектеп-гимназия мәртебесіне ие болды. 2010-2011 оқу жылынан бастап гимназия мәртебесі берілді.
 – Осы жерде ұстаздар қауымының білім берудегі ерекшеліктеріне кеңірек тоқтала кетсек...
 – Жалпы мұғалімдердің 7 пайызы ғылым магистрі, бастауыш сынып мұғалімі Тұрсын Мұстафақызы мен хореографымыз Гүлнар Меңдібайқызы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері». Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақыт Ақбаева Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Гимназия мұғалімдерінің 7 авторлық бағдарламасы, 14 әдістемелік құралы жарық көрді. Соңғы жылдары бірнеше мұғалім қалалық пән мұғалімдерінің әдістемелік түрлі байқаулардың жүлде­герлері болса, бастауыш сынып мұғалімі Т.Мұстафақызы респуб­ликалық «Үздік педагог» атағының иегері, бір мұғалім, яғни, Жанаргүл Кенжеғалиқызы оқу мен тәрбиедегі үлкен жетістіктерге қол жеткізгені үшін облыс  әкімінің грантын иеленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Орден Сұрағанқызы, бастауыш сынып мұғалімі Ләйла Қайратқызы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Бикен Қалымқұлқызы мен Зайра Жанұзаққызы «Жаңа педагогикалық-инновациялық көзқарас» атты республикалық фестивальдің облыстық кезеңінің жүлдегері атанып, бастауыш сынып мұғалімі Т.Мұстафақызы осы фестивальдің республикалық кезеңінде ІІ орынға ие болды.                                
Осы орайда, 2015-2016 оқу жылында гимназияда бастауыш сыныпта төменгі сынып оқушыларының оқу сауаттылығының  нәтижесін мәдени оқу дәрежесіне көтеру мақсатында  «Оқу шаттығы» облыстық пилоттық жобасы қолға алынды. Қалалық білім бөлімінің «Заманауи бастауыш мектеп» идеясын жүзеге асыру аясында эксперименттік жоба моделі енгізілді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тәжірибесін трансляциялау бойынша базалық мектеп болып тіркелдік.
Оқу-тәрбие үрдісінде 20 мұғалім сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясын толық пайдаланады, білім сапасын арттыру мақсатында 5 мұғалім БиС технологиясын, 25 мұғалім АКТ-ны іс-тәжірибеде қолданады. Сондай-ақ, гимназия мұғалімдері модульді оқыту технологиясын (М.Жанпейісова), Қанипа Бітібаеваның технологиясын кеңінен қолданады.
 – Естуімше, гимназия оқушыларының көбі 7 сыныптан соң, «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Дарын», «Мұрагер» мектептерінің сынынан сүрінбей өтіп, сонда бірден қабылданып жатады екен...
– Біз жыл сайын қалалық білім бөлімінің өткізетін рейтингісі бойынша 600-900-ге дейінгі оқушылары бар мектептер арасында үш жыл қатарынан «Үздік мектеп» атанып келеміз.
Биылғы оқу жылында гимназияның олимпиадалық командасы қала мек­тептері бойынша «Инновациялық мектептер арасында 2016 жылғы «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды.  
ҰБТ көрсеткіштері бойынша 2014-2015 оқу жылында орташа балымыз – 91,8 пайызды көрсетті. Былтырғы жылы 64 түлек бітіріп, 9 оқушымыз республикалық,  халықаралық ғылыми жобалар жеңімпазы атанды. Жалпы 29 оқушымыз грант иегері.  Гимназиямыз грант саны бойынша ең алдыңғы орында.
    2012-2015 жылдар аралығында «Дарын» оқушылардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңінде 19 оқушы жүлдегер атанып, 14 оқушы Корея мемлекетінде, Мәскеу қаласында, Байқоңыр, Алматы қалаларында өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарды иеленді.
 – Гимназия Мағжан атында болғандықтан, ақын шығармашылығына қатысты шаралар жиі өтіп тұратын шығар?
 – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қалалық Мағжан оқуын өткізеді. 2011 жылы аймақтық «Мағжан тағылымы-2», 2013 жылы республикалық «Мағжан тағылымы-3», 2014 жылы «Мектеп. Отбасы. Мемлекет» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды. Осы конферен­циялар Қазақстан Респуб­ликасының барлық аймақтарындағы Мағжан Жұма­баев атындағы мектеп­термен тығыз байланыс жасап,  тәжірибе алмасуға септігін тигізді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік «Мектеп. Отбасы. Мемлекет» атты конференция тәрбие бағытында өт­кізілді. Себебі, білім беру саласында тәрбиенің маңызы ұшан-теңіз. Бұл тақырыпты таңдаған себебіміз, жеке тұлғаның қалыптасуы үшін үш субьек­ті: мұғалім – оқушы – ата-ана тығыз бай­ланыста болуы керек.
Бұл конференцияға қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, шет мемлекеттерден Мон­ғолия Республикасы, Баян Өлгий аймағы, Өлгий қаласы, №4 орта мектептен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Дуанбайқызы, Қырғызстан Республикасы Жоғары білім беру мектебі, Назарбаев университетінен профессор Дюшенқұл Шаматов, Испания Жоғары білім беру мектебі,  Назарбаев университетінен PhD студент – Марсело Хорхе Лопез Лара, ҚХР Шыңжан халық радиостанциясының тілшісі  Сәулет Сатанұлы мен Үрімші қаласы, Құрылыс университетінен педагогикалық  ғылым­дардың кандидаты – Халмет Алия, Литва Республикасы, Вильнюс  уни­верситетінен профессор – Хендриксон Вайваның мақалалары жинаққа еніп, өздері гимназиямыздың қонағы болып кетті.
 – Тәуелсіздік тойымен тұспа-тұс келген гимназияның мерейтойы қарсаңындағы биылғы шара туралы не айтуға болады?
– Наурыз айының 17 күні «Мағжан тағылымы-4» қалалық ғылыми-тәжір­и-белік конференциясын онлайн түрін­де өткіздік. Конференция 4 бағытта өтті: «ХХ ғасырдың басындағы Алаш азаматтары», «Жаңа дәуір – жаңа көзқарас», «Білім берудегі жаңашыл әдістеме», «Оқушылардың ғылыми ізденістері». Онда ҚарМУ-дың доценті Нұрсахан Бейсенбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахымов, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Раиса Кенешова қатысып, баяндама жасады. Дәл осы күні гимназиямызда Мағжан кабинеті ашылып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Дана Мұратқызы мен Қымбат Дәуітбекқызының әрі өз тарапымнан басылып шыққан  5-сынып оқушыларына арналған «Мағжантану» әдістемелік оқулығының, өзімнің филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Серікбайұлымен бірігіп жазған, 11-сыныпқа арналған «Абайтану» оқулықтарының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, желілік қауымдастық аясында №23 ЖББОМ және №101 мектеп-лицейі мұғалімдерінің қатысу­ымен «Мәңгілік Ел» идеясы – бүгінгі елдігіміздің негізі» атты коучинг өткізілді. Қаламыздағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп пен №41 мектептер де конференцияға онлайн түрінде қатысты. Концерт ұйымдастырылды.
– Бұдан басқа нендей ерекшеліктерді атап өтер едіңіз?
 – 1998 жылы гимназиямызда  ата-аналар үшін «Шырақ» ата-аналар университеті – ата-ана, мектеп, оқушы арасындағы тәжірибе алмасу орталығы ашылған болатын. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсат­ында ұйымдастырылғандықтан, атал­ған университет алғашқы үш жылда ата-аналар үшін «Мағжантану» курсын өткізді. Онда Мағжанның бала тәрбиесіндегі ата-ана мен ұстазға жол сілтейтін еңбегі – «Педагогикасының» кәусарына қанықты.
Сондай-ақ, журналистика, сахна өнері, қолданбалы қолөнер, мұражай жұмысы, би үйірмелерінен бөлек спорт үйірмелері  де жетерлік.
– Қателеспесем, облысымыздың мақтанышы – үлгілі «Шолпан би» ансамблі осы гимназияның қарлығашы емес пе?
 – Иә, «Шолпан би» ансамблі 1993 жылы осында құрылды. 1991 жылы Болат Аюхановтың шәкірті Әділ атты  мұғалім алғаш рет би үйірмесін ашқан. 1993 жылы мектепке «Білім беру ісінің үздігі», «Үздік хореограф» белгісінің иегері Гүлнара Омарова келіп, сол жылы «Шолпан» би ансамблі құрылды. Алғаш құрылған күннен би ұжымы ата-аналармен тығыз жұмыс жасай отырып, киімдеріне дейін өздері тігіп, биік белестерді бағындырып, бүгінгі деңгейге жетті. 1998 жылдан бастап ансамбль  «үлгілі» деген атаққа ие болды.
Ұжымда 350-ден астам бала бар. Қаламыздың және облысымыздың бірде-бір әлеуметтік мәнді шарасы олардың қатысуынсыз өтпейді. «Шолпан» би ансамблі V Ұлттық «Дельфий ойынында 2 алтын медаль иегері, 19 Гран-При және 24 облыстық, республикалық фестивальдар мен Испанияда, Оңтүстік Кореяда, Францияда, Түркияда, Бол­гарияда, Латвияда, Молдавияда, Украинада, Әзербайжанда, Италия­да, Өзбекстанда, Ресейде, Беларусияда өткен халықаралық байқау­лардың жүлдегерлері. «Айгөлек» респуб­ликалық телевизиялық балалар бай­қау­ының 3 Гран-при және «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар байқауының І орын жеңімпазы. Қазірдің өзінде «Шолпан би» ансамблінің ұжымы алдарына үлкен мақсаттар қойып, сол жолда ауқымды жұмыстар жасауда.
 – «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» депті Мағжан атамыз. Ендеше, педагог, ұстаз, басшы ретінде түйінді сөзді өзіңіз жасасаңыз?
 – Қабілетті тұлға дайындау үрдісі мектептен бастау алмақ. Осы тұста үштік одақ: мектеп, отбасы және қоғамдық мекемелер жұмысында өзара сабақтастық және ынтымақтастық ахуалы орнаған жағдайда – бала үйлесімді дамыған адам болады деген сөз. Осыны ескере отырып біз биылғы жылы республикалық «Ата-ана мен мектеп ынтымақтастығы» тақырыбында көмекші құрал әзірледік. Бұл жинақ сынып жетекшілеріне көп көмегін тигізеді деген сенімдеміз.
Сондай-ақ, қалалық білім бөлімімен бірігіп «Жыл сыныбы – 2016» байқауын жарияладық. Ондағы мақсатымыз – салауатты бәсекелестікті қалыптастыра отырып, оқушылардың білімділік және тәрбиелік деңгейін арттыру арқылы зияткерлік және шығармашылық мүмкіндігін көтеру. Байқау барысында оқушылар жауапкершілікке, өзін-өзі басқаруға үйренеді. Гимназиямыздағы шәкірттер парламентінің жұмысы жан­данады.  Байқау талаптары бойын­ша оқу жылының басынан бастап әр сынып жеңімпаз болуға талпынуда. Байқаудың нәтижесі сәуір айында жарияланады.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 25 жылда Қазақстан қалай қарқынды дамып келе жатса, біздің гимназиямыз да өзін әр қырынан биік деңгейде көрсетуде. Қанаттанып ұшқан түлек­теріміз республиканың әр қиыр­ында адал қызмет атқаруда, бірнеше шәкіртіміз шет елдерде білім алып келіп, өз елінің дамуына үлестерін қосуда. Біздің қарашаңырақ кез келген шәкіртімен мақтана алады...
Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Жәнібек ӘЛИМАН.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 245
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px