"ТАЛАПТЫҢ МІНІП ТҰЛПАРЫН" - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

«Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген нақылдың мән-мағынасы Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде ашыла түсетіндей...

Облыс орталығындағы тестілеу пункттерінің бірі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің алды жексенбі күні түлектер, ата-аналар мен мұғалімдерге толы. Оқу орнының студенттер сарайына жылдағыдай үлкен экран орнатылыпты. Тілеуқор болып келгендер балаларын осы жерден көріп, бақылап отырады. Біраз уақыттан кейін залдың іші де лық толды. Кішірек екі экран алдында үймелеп, бірі баласын, бірі шәкіртін іздейді. Әуелі кіреберістегі металл іздегіштен «аман өткендерін», сосын аудиторияларына жайғасқандарын айтып, бөлісіп жатты. Алдыңғы орынға түсті деп налығандарды қайсыбіреулері жұбатып қояды алаңдама деп. Сағат онға таяп тестілеу де басталды. Енді күту ғана қалды.   

Алдыңғы қатарда отырған ақ жаулықты Амангүл әже Семейден ат арытып арнайы келіпті. №16 мектепті бітірген немересі Айдананың соңғы қоңырау салтанатына келіп, тілекші болып қалған. Он бала өсірген Батыр ана өз немересіне ғана емес, барлық тапсырушылар үшін де Аллаға жалбарынып отыр.

Берілген үш сағаттан кейін көпшілік тапсырушыларды күтіп алмаққа сыртқа шықты. Тестілеуге қатысқан жүз шақты баланың әрқайсы үшін ата-анасы, әжелері, туған-туыс, бауырларын қосқанда жиналғандар қатары бірнеше жүзге жетті. Барлығының назары есікте. Алғашқы шыққан тапсырушыны барлығы қол шапалақтап қарсы алды. Ата-ана, мұғалімдерінен бөлек, қатар отырған балаларын сұрап жатқан жұрт. №86 мектептің түлегі Нұржан Жұманов өз-өзіне сенімді көрінді.

– Қазақ тілінен 23-ін белгіледім. Математика қиындау болды. 80 балл алдым деп ойлаймын,– деді ол. Одан кейін шыққан №16 мектеп түлегі Лераның айтуынша, шпаргалка қолданғандар болған көрінеді. Бұдан кейін шапалақ үні жиі-жиі естіліп, түлектер бірнешеуден шыға бастады.

Солардың бірі Хангелді Қуанышев – «Алтын белгіге» үміткер. Анасы Сәуле Бегимова баласының таңдау пәні физика екенін, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне тапсыратындарын айтты.

– Біздің Шахтинск қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейде ҰБТ-ға дайындық қызу жүргізілді. «Алтын белгіге» сегіз үміткер бар. Енді нәтижесін күтеміз, баламның өзі Қазақстан тарихынан қиындау болды деп уайымдап тұр.

Шыққандардың барлығының көңілдері көтеріңкі. Тек, бірді-екілі тапсырушылар жауап парағында пән орындарын шатастырып алғандарын айтып, жылап тұрды. Ертең аппеляциялық комиссияға ұсынуға болатынын айтқандар, жұбатқандай болды. Мұндай қателікке қалай ұрынды? Бұған дейін мектепте алдын ала тестілеудің талайы өтті емес пе?! Уайымдады ма,  әлде, асықты ма? Өйткені, «Уақыт тез өтеді екен, жетпеді» деп шықты кейбіреулер. Бірақ, бұдан да кешігіп, екі болып қалғанда шыққандар болды.

Кешкі беске қарай мектепке жиналуға келісіп, тарасты көпшілік. Биыл әр түлек өз нәтижесін онлайн түрде Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан біле алады.

Жезқазған қаласындағы №3 қазақ-түрік лицейінің түлегі Тілекберген Әбішев – бүгінгі күні мәлімет бойынша 124 балл жинаған жалғыз оқушы. Дегенмен, бұл қорытынды мәлімет емес. Себебі, аймақ бойынша тестілеу қорытындысы Балқаш, Приозерск қалаларында өтіп жатқан тестілеудің үшінші кезеңінен кейін белгілі болмақ.

Шекті балл жинай алмаған түлектер биыл ақылы түрде қайта тапсыра алады. 2242 теңге төлеп, жоғары оқу орнына ақылы түрде оқуға түсуге мүмкіндік барын айта кеткен ләзім.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 584
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px