Заманауи білім – бүгіннен - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Заманауи білім – бүгіннен
Қазіргі таңда заманауи мектеп басшыларына аса зор жауапкершілік жүктелуде. Сондықтан, мектеп басшыларын заманауи менеджерлер мен көшбасшы ретінде оқыту аса зор маңызға ие. Педагогика қызметкерлерінің тамыз кеңесінде облыс әкімі Н.ӘБДІБЕКОВ жаңа форматтағы білім беру аясында білім ұйымдары директорларының курстарын ұйымдастыру туралы тапсырма берген болатын.

2015 жылдың қазан айынан бастап Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығында «Заманауи мектепті басқарудың өзекті мәселелері» курстары ұйымдастырылып келеді. Осы уақыттан бері облыс бойынша 526 мектеп директоры аталмыш оқу үдерісінен өтіп, басқару ісіндегі кәсіби біліктіліктерін шыңдауда. 2016 жылдың қаңтар айында Қарағанды облысы жаңашыл бағытта жұмыс жасайтын инновациялық мектеп директорлары да осы оқу алаңында білім алды.
Аталмыш оқу үдерісінің басы-қасында жүрген Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту жөніндегі орынбасары Бақытгүл Әбдікерова мектеп басшыларының курсы жайлы өзі пікірін білдірген еді. «Курста жоспарланған 80 сағаттық оқу бағдарламасы аясында басқару құзыреттілігін дамыту, Қазақстанда білім мазмұнын жаңарту, еңбек-заңнамалық, педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау, білім беру саласында мемлекеттік қызмет көрсету, дінтанудың негізгі мәселелері, инклюзивтік білім беру, білім беру менеджменті мен көшбасшылық, білім беру ұйымдары басшыларының көшбасшы ретіндегі имиджі, білім беру жүйесіндегі медиация, психология, команда құру ұйымды дамытудың тиімді жолы ретінде, мектепті дамыту стратегиясын әзірлеу сияқты келелі мәселелер төңірегінде білім мазмұны беріліп, директорлардың заманауи білім ұйымын басқарудағы жаңаша форматын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар атқарылып келеді», – дейді білікті маман.
«Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» демекші, оқу-әдістемелік орталығының әдіскерлерімен қатар, «ProfiTraining» білім беру технологиясы орталығының директоры С.Каплина, «Озарение» ҚҚ директоры Т.Савицкая, «Болашақ» халықаралық ынтымақтастық академиясының ғылыми жұмыстар бойынша проректоры Т.Смолькина, «Якамас» МЕҰ жетекшісі А.Ибраев жүргізді.
Курс бағдарламасы аясында гимназия және лицей директорлары Абай ауданы инновациялық мектептердің ашық есік күндеріне қатысып, тәжірибе алмасты.
Шет ауданы, «Батық ЖОББМ» КММ-нің директоры Бағдат Саламатұлы осы курстардан көп дүние түйгенін айтты. «Әр адам өз ісіне жауапты. Өз көзқарасын өзгертпейінше, әлемге деген танымы өзгермейді. Адам оқуды өзінен бастауы қажет. Біз мұнда мектепке кірген сәттен мектеп имиджі басталатынын, оны негізге келтіру үшін қандай іс атқару керек деген сұрағымызға толыққанды жауап алдық. Сондай-ақ, функционалдық сауаттылығы жоғары қызметкерлер қатарын көбейту керек деген шешімге келдік. Жаңа технологияны меңгеріп, тиімді қолдана білу – біздің міндетіміз. Біз енді өз мектебімізге білім сапасын жақсарту үшін даму бағдарламасының жоспарын жасап, жүйелі жұмыс жүргіземіз», – дейді ол.
Білім алушылар курс соңында өз мектебінің 3 жылға арналған даму стратегиясының жобасын қорғап ұсынды. Олар мектептің даму стратегиясына функционалдық сауаттылықты арттыру, сын тұрғысынан ойлау технологиясын дамыту, заманауи технологияларды оқу процесінің үрдістерінде жобаларды енгізу ережесін жазып, үштілділікті дамыту жоспарын енгізді.
Мектепті дамыту жоспарының мақсаты шетелдік озық тәжірибелерді негізге алып, білім беру мазмұнын жаңарту. Ал, мектептердің 2016-2019 жылдарға арналған даму жоспары сапалы білімге қол жеткізіп, «Үштұғырлы тіл» жобасын дамытып, жаңаша тұлғаны тәрбиелеуге септігін тигізеді.

Айнұр ЕГІНБАЙ,
Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 332
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px