Жаныбек ЖАРҰЛЫ: Біліктілік курстарының берері мол - Білім - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жаныбек ЖАРҰЛЫ:
Біліктілік курстарының берері мол
«Әрбір адамға қызметтің белгілі түрі лайық келеді, бұл қызмет оны қоғамға пайдалы етіп, сонымен қоса оған бақыт әкеледі» (М.Баррес) деген даналық сөз бүгінгі кейіпкеріміздің бет-бейнесі мен болмыс-бітіміне, адами тұлғасына арналып айтылғандай. Барлық саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесі мен жас ұрпаққа білім беруге арнап, сол кәсібінен бақыт пен қуанышқа бөленген Жаныбек Жарұлының өмірі – көпке үлгі боларлық өнегелі өмір. 1982 жылы Қарқаралы ауданындағы көп жылдық тарихы, өзіндік дәстүрі қалыптасқан, қаншама білім-ғылым, мәдениет қайраткерлерін қанаттандырған Н.Әбдіров атындағы орта мектепке директор болып тағайындалған Жаныбек Жарұлының, бір қызығы, ол кезде педагогика саласынан тәжірибесі жоқ кезі еді. Партия мен кеңес қызметінде жинақтаған басқарушылық-ұйымдастырушылық тәжірибесі мен болмысындағы осы қасиеттері қызметкерлер мен оқушылар саны жағынан үлкен мектептің көшін бастауда септігін тигізіп, білім ордасы аудандағы тірек мектептердің біріне айналды. Талапшыл басшының қолдауымен мұғалімдер ұжымы оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін тәжірибеге батыл енгізуге төселіп, мектеп жыл сайын республикалық пән олимпиадасының жүлдегерлерін шығарды. Үнемі іздену мен өзін-өзі жетілдіру, дамыту жұмыстары мен басшы ретінде өзіне қойған қатаң талабының арқасында ұжымның сый-құрметі мен мектептен түлеп ұшқан мыңдаған шәкірттердің алғысына бөленді. Еңбегі мемлекет тарпынан да лайықты бағаланып, «ҚазақКСР халыққа білім беру ісінің озық қызметкері», «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен марапатталды. Аталған білім ордасын басқарған 27 жылда мектептің материалдық-техникалық базасының шашауын шығармай, гүлдендіре түскен Жаныбек Жарұлына қатысты бірде-бір арыз бен сынның, қаралаудың болмағандығы да тұлғаның өз ісіне деген адалдығы мен мінсіз қызметін көрсетеді. Бүгінде зейнеткерлік демалыстағы біздің ұлағатты ұстаз, білікті басшыны еңбек жолы мен бүгінгі білім саласы, бала тәрбиесі туралы әңгімеге тартқан едік.
– Жаныбек Жарұлы, еңбек жолыңызды қарап отырсақ, Сіз басшылыққа тағайындалған уақытта мектеп ұжымы кәсіби тұрғыдан пісіп-жетілген, білікті, шығармашыл ұстаздарға толы болған екен. Мұндай ұжымды басқару педагогика саласынан тәжірибесі жоқ маманға қаншалықты қиын болды?
– Педагогикалық институттың фи­­зика және математика факуль­те­тін аяқтаған соң, партия, кеңес қыз­метінде болдым. Ал осы лауазымға тағайындалғанда, менің не педа­гогикалық, не басшылық салада тәжіри­бем болмады. Тіпті, сабақ беру мен журнал толтырудың не екенін білмедім. Мұғалімдердің сабағына қатысуға да жүрексініп жүрдім. Сол себепті алғашқы жылдары білім саласындағы барлық құжаттар мен әдебиеттерді күн-түн демей оқып, өзіме қажетті ақпаратты үнемі жұмыс дәптеріме түртіп алып жүретінмін. Іс-қағаздармен жұмыс, заңнамалық құжаттар мазмұнын, мек­тепке қойылатын, оның ішінде әрбір пәнге, сабаққа қойылатын талапты білген басшының ұжым алдында еңсесі биік болатындығына көзім жетті. Пән мұғалімдеріне қойылатын талапқа сүйеніп әңгіме жүргізу – бірден өз нәтижесін берді. Мұғалімдер бетпе-бет әңгімелесуге келгенде ізденіп, кәсіби іс-әрекетіндегі мәселелер туралы ой­ларын түйіндеп келетін болды. Солай-солай бәріне үйрендік. Ұжымның басын біріктіріп, әрқайсысының тілін табу үшін, құрғақ талаптан өзге көтермелеу мен қолпаштау болғаны дұрыс. Оның өзі субъективті көзқарасқа негізделген емес, керсінше ісіне қарай берілген әділ мадақтау болуы керек.
– Бүгінде зейнеткерлік демалыстасыз. Әйтсе де, жаңа ұрпақты оқыту мен оқуындағы ерекшеліктерді көріп жүрсіз. Жалпы, бүгінгі оқыту мен тәрбиелеу үдерісіне өзгерістер қажет пе?
– Әрине, қажет. Себебі, әр қоғамның өз ортасы, дәстүрі, ерекшеліктері бар. Жеке адамның қоғамнан тыс оқуы мен тәрбиесі деген ақылға қонбайтын дүние. Сондықтан, педагогика саласындағы инновация мен жаңа технологияларды өз басым құптаймын. Бірақ, ол жаппай ұрандатудан аулақ болуы керек. Жаңа тәжірибе мен технологияның мақсаты, жолы алдымен түпкілікті нәтижеге бағыт­талған, айқын, анық болуы кер­ек. Бүгінгі таңда жаңашылдық деп бір дүниені бастап, қоянның жымына сал­ғандай бірдеңені айтамыз, оны өзіміз түсінбейміз, сөйтіп өзгелердің де басын қатырып қоятынымыз бар. Өз басым осы тұрғыдан барлық жаңа­лықтың түпкілікті теориясы кеңес педа­гогикасының негізінде жатыр дегеннен танбаймын.
– Әр заманның өз қоғамы, өз адамы бар деп отырсыз. ХХІ ғасыр балаларының бойынан қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
– Қазіргі балалардың ішінде небір алғыр, талантты, дарындылары бар. Тіпті, еліміздің атын халықаралық дәрежеде танытып жүргендері аз емес. Бірақ, олардың бойындағы еңбекке деген құлшыныс кеміп бара жатқан сияқты. Ал еңбектену дегенміз – табындылық, тәртіп, талап пен міндет, жауапкершілік. Оның үстіне мына ұялы телефон, компьютер деген бар, сонымен әр нәрсеге әуестеніп, мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай, уақыттарын жоғалтып жатады. Еңбек болмаған жерде қандай «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» бол­саңдағы, талантың мұқалып, бара-бара тұншығып қаласың.
– Телефон, компьютер демекші, қазір ақпараттық-коммуникативтік технология дамыған ғасырда кітап оқудан қалып бара жатырмыз. Бұл кеселмен күресудің өзіндік амал-тәсілі бар ма?
– Қазір, шыны сол, онсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Кітаптан гөрі осының айы туып тұрған заман. Бала-шағаның бәрі осыны құшақтайды да жүреді. Мұнымен күресудің қандай да бір айрықша амалы бар деп айта алмаймын-ау деймін. Дегенмен, кез келген нәрсеге, алдымен, қызығушылық болуы керек, ол қызығушылық белгілі бір ортада жаппай пайда болса, онда оның ықпалы да зор болмақ. Мысалы, ертеректе сыныпта біріміз бір кітапты оқуды бастасақ, біртін-біртін оқырмандардың саны артып, соңы бәсекеге айналатын. Жарыса оқып, жарыса есеп шығаратынбыз. Бірақ қазір қоғам басқа ғой. Тек осыны (ұялы телефонды ымдап-автордан) жақсы іске, жақсы ниетке пайдаланып, керегіне жаратса дейміз.
– Сөзіңізге қарағанда, немеренің оқу-тәрбиесімен мектептен тым қол үзіп кетпеген сияқтысыз. Қандай да бір шаруалармен білім ордаларына бара қалсаңыз, көзіңізге алдымен не түседі? Неге аса назар аударасыз?
– Алдымен мектептегі адамдардың жүріс-тұрысы, сырт келбетінен-ақ мек­тептегі хал-ахуалды сезуге бол­ады. Ондағы тазалық, безендіру жұмыс­ынан-ақ ұжымның, басшының эстети­калық талғамын айқын аңғаруға болады. Өз басым кез келген жерде әрбір ілінген қабырға стендтеріндегі ақпарат­тардың дұрыс-бұрыстығына мән беріп қараймын. Өйткені, осының бар­лығы жиналып келіп басшының түр-тұлғасын қалыптастырады. Зейнет­керлік демалысқа шыққанға дейін мек­тепте қызмет жасаған күндерде мен осыны жадымнан шығармадым. Білім ордасының бет-бейнесін жоғары дең­гейге көтеруді қаладым, еңбегім еш кетпеген сияқты.
– Кәсіби өсу мен мансап жолында өзіндік ізденіспен қатар, маман үшін арнайы біліктілікті арттыру курстарының маңызы зор. Басшы ретінде біліктілікті арттыру курсында болған сәттеріңіз есіңізде ме? Қаншалықты пайдасы тиді?
– Біліктілікті арттыру курстарынан өту маманға керек-ақ. Бірақ, курстың да курсы бар. Егер сол курс маманның сұранысы мен талап-тілегіне жауап берсе, маман сол курстан өзіне қажет дүниені тауып, ала алса, оның пайдасы орасан зор. Алғаш қызмет жасаған жылдары Қарағанды біліктілікті арттыру институтынан әр бес жыл сайын екі рет курстан өттім. Зейнетке шығар уақытым таянғанда, мен ізімді басып келе жатқан жастарға мектептің шашауын шығармай табыстау керек екендігін ойлана бастадым. Шамам келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аттестаттау кезеңінен де сәтті өттік. Сол уақытта әр оқу орындарына арналған даму бағдарламасы шыға бастады. Осыған байланысты өзім сұранып, арнайы директорларға арналған курсқа келдім. Осы курс барысында даму бағдарламасының неден басталып, немен аяқталатындығы, не нәрсенің ескерілу қажеттігі, мерзімі, соңғы күтілетін нәтижесі туралы дүниелерді ұғынып, тәжірибеде бойымнан өткізіп, бір айдың ішінде өзім бағдарлама жасауға толық дайын болдым. Сонда бұдан шығатын қорытынды – біліктілік курстарының берері мол. Бірақ, соған ең алдымен тыңдаушы мүдделі болуы керек. Өз еркімен ынталанып, ізденуі керек. Құр уақыт өткізудің сылтауымен барғандарға, енді, сөз жоқ. Алдыңа мақсат қойып, бірдеңе үйренейін деген адамға бәрі табылады. Тіпті,  дәріскердің өзі керемет ой салады. Тек, соны қағып алып, керегіне жарататын тыңдаушы болса, ол кәдеге асады.
– Орта білім беру ұйымдарын басқарып жүрген қазіргі басшылардың бойында қандай қасиеттер жетіспейді?
– Менің бір қынжылатыным, дирек­­торлар өзінің қол астындағы мұғалімдердің шеберлігін толыққанды білмей жататын жағдайлар. Директор басшы болғанымен, ол – ең алдымен мұғалім. Сондықтан, оқу үдерісін естен шығармау керек. Көп жағдайда әкімшілік-ұйымдастырушылық міндет­тер мен жиналыс өткізу, есеп берумен шектеліп жатады. Соған қарның ашады. Мұғалімнің кәсібилігін оның сабағы, өткізген іс-шарасын талдау арқылы толыққанды бағалауға болады. Мүмкін, қазіргі жүйе басқа болар. Әйтеуір, осыған көңілім толмайды.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан:
Лаура АБЗАЛБЕК,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 279
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px