БАЛҚЫТУШЫЛАР БАЙЛАМЫ - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Түсті металлургияның көшбасшысы саналатын Жезқазған мыс қорыту зауыты биыл алғашқы мыс балқымасының алынғанына 45 жыл толуын атап өтіп, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы еңбек көрігін қыздыра түсуде. Жалпы, от-жалынның ортасында мыс балқытқан металлург еңбегімен шынайы танысу үшін ең әуелі анод бөлімшесінде болу керек сияқты.

Анод бөлімшесі металлургия цехының басты буындарының бірі. Шихта ретіндегі шикі өнімдер рудотермикалық пештерде электр қуатымен балқытылған соң анодқа келеді. Осында келген штейндер мұнда одан әрі балқытылады. Қып-қызыл болып, тоқтаусыз құйылып жататын от бұлағының қара мысқа айналатын жері осы. Одан әрі мысты электролиздеу цехына жол тартып, негізгі өнім – катод мысы шығарылады. Газ да, бет шарпыған жалын да осында. Анодшылар еңбегінің асқан қайрат пен қажырлылықты қажет ететінін сезіп тұрмыз.

– Балқыту цехында 300-ден аса адам еңбек ететін болса, соның 73-і біздің учаскемізде жұмыс істейді. Жоспар бойынша 110 мың тонна қара мыс, 134 мың тонна анод құю керек болса, бұл көрсеткіш асыра орындалып жыл межесіне ұдайы мереймен жетіп жүрміз,– дейді анод бөлімшесінің аға шебері Александр Дергунов.

Қарқынды еңбектің жарқын мысалы металл құюшылардың қауырт қимылынан да айқын аңғарылады. Қалыпқа құйылып шыққан қара мысты олар құлағынан тізіп, аспалы кран ілгегіне іліп, толассыз келесі цехқа жөнелтуде. Қарбалас сәттің арасында шамалы тілдесіп қалған жігітіміз түсті металл құюшы Нұржан Байкенжиев екен. Зауытқа келгеніне 14 жыл болса, 10 жылдан бері балқыту цехында жұмыс жасайды. Бүгінде 5- разрядты білікті маман. Онымен бірге мыс балқымасын алып, әбжіл қимылымен иықтаса еңбек етіп тұрған Ержан Баймағанбетов те 5-разрядты металл құюшы көрінеді. Бұлардың бригадасында 12 адам бар. Бригадир Болат Айдаболов та нағыз өз ісінің маманы. От ойнатып, мыс балқытқан жандар арасында озаттар қатары аз емес сыңайлы. Анод бөлімшесінің аға шебері олардың арасынан Берік Ақпанбетов, Қамзат Чантуев, Есенкелді Дүйсенбаев, Сұлтан Әбішев сынды балқытушылар есімін ерекше атады.

Мыс зауытының негізгі тынысы мыс балқымасына байланысты. Сондықтан да, балқыту цехының ырғақты жұмысы көп нәрсені шешеді. Осы басты цехты 2008 жылдан бері тәжірибелі металлург Дәулет Тәжібаев абыроймен басқарып келеді. Жабдықтарды жөндеу, жаңарту жұмыстары белгіленген кестеге сай уақытылы атқарылуда. Мыс өндірісінің болашақ межесі де айқын. Бүгінде гидрометаллургиялық технологияны енгізуге қатысты жаңа жоба жүзеге асырылуда. Мыс қорыту зауытының құрамында жұмыс істейтін бұл шағын өндіріс өңірдегі құрамы кедей кеннен жаңа технология негізінде мыс алуға жол ашады. Сөйтіп, мыс бұлағының тынысы одан әрі кеңейіп, көкжиегі кемелдене түсетіні металлургтердің де болашаққа деген сенімін нығайта түсуде. Сенімге сай серпін танытқан балқытушылар байламы да – еңбек қарқынын еселей түсу.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суретте: түсті металл құюшы Н.Байкенжиев.

Суретті түсірген автор.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2339
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px