Береке бастауы – бүгіннен - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Береке бастауы – бүгіннен
Абай ауданы әкімдігінде аудан басшысы Серік ШАЙДАРОВТЫҢ төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы мақсатты кездесу өткізілді. Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан АСАНОВ,          «ҚазАгро» АҚ өкілдері, кент және ауылдық округтер әкімдері және егіншілік саласындағы шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Аудан әкімі өзінің кіріспе сөзінде ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту күн тәртібіндегі  көкейкесті мәселе екендігін атап өтіп, биылғы жылдың басында ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң күшіне енгенін тілге тиек етті. «Шағын шаруа­шы­лықтарды сақтап және нығайту үшін  бұл Заңның алар орны ерекше. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі 5 институционалды реформаларды жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам»  – Ұлт жоспарында да  жер телімдерін пайдалану, сүт және ет өнімдерін өндіруді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту жайы қозғалған. Сондықтан, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында бар күш-жігерімізді салу керек» деген өңір басшысы істің ілгері басуы жайы алдағы кезеңде ұдайы бақылауда болатынын қадап айтты.
Аудандағы егіс өндірісінің негізі – өсімдік шаруашылығы. Сонымен қатар, Абай ауданы – облыстағы картоп және көкөністің негізгі өндірушісі.
Қазіргі таңда шешімін күткен күрделі мәселелер де бар. Машина-трактор паркі жаңартылмауда, сол себепті, техникалардың тозуы 80 пайызды құрап отыр.
«Көктемгі дала жұмыстарына 115 ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысып,  барлығы 37 976 гектар егіс егу межеленіп отыр. Оның ішінде, дәнді дақылдар 23000 гектар, картоп 4000 гектар, көкөніс 800 гектар, көпжылдық шөптер 6000 гектар және бір жылдық шөптер 4176 гектар аумақты құрайды. Жоспарға сәйкес, биыл 9732 гектар суармалы жерлерді қолдану жоспарлануда» – деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мағзин өз есебінде.
Ауданда дәнді дақылдар өн­діріс­інде ылғал ресурстарын сақ­тау технологиясы жоспарлы түр­де енгізілуде, яғни, картоп пен көкөністерде тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Ол дәстүрлі технологиядан анағұрлым тиімді және өнімділікті екі есеге дейін арттырады. Тың тәсіл былтыр 12250 гектар жерге қолданылса, биыл 12500 гектар егістікке пайдалану жоспарлануда. Оған лайықталған 7 жоғары технологиялы егістік кешендері бар.
Ауылдық округтердегі тыңайған жерлерді игеру мақсатында  «Абай ауданы бойынша 2016-2020 жылдарға арналған жем-шөп өндірісін дамыту жоспары» әзірленіп, бекітілді. Жоспарға сәйкес, ірі мал азығын дайындау көлемі – 79,0 мың тонна.
Ақбастау, Есенгелді, Жартас, Самарка, Құлайғыр және Сарепта ауылдық округтеріндегі ма­шина-трактор парктері баяу бол­са да, жаңартылып келеді. Көктемгі егіс жұмыстарына түрлі модификациядағы 598 трактор жұмылдырылатын болады. Қазіргі таңда қолдағы бар техника­мен тұқымдарды тазалап, себу жұмыстарын 20-25 күннің ішінде аяқтауға болады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілер дизель отынымен 47 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілген.
Биылғы жылғы ауыл шаруа­шылы­ғын қаржыландыру барысы жөнін­де облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, «ҚазАгро» АҚ өкілдері жем-шөп базасының дамуы, дәнді дақылдарды сатып алу, көктемгі-жазғы қаржы­ландыру, несие берудегі пайыздық мөлшерлеменің тиімді жолдары туралы сөз қозғады.
Жиын түйінінде аудан әкімі Серік Шайдаров тиісті салалық құры­лымдарға қарастырылған мәселе бойынша ат­қарылатын жұмыстарды ширатуға қатыс­ты нақты тапсырмалар берді.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.
АБАЙ ауданы. 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 155
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px