Егіс жұмыстарына қамданыс пысықталды - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

 Егіс жұмыстарына қамданыс пысықталды
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ аймақтағы көктемгі егіс жұмыстарына қатысты кеңес өткізді. Жиынға «ҚазАгро» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысты.
Күн тәртібіндегі ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов баяндама жасады. Басқарма басшының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда көктемгі егіс жұмыстарына дайындық өз деңгейінде жүргізілуде. Сондай-ақ, сала басшысы жұмысқа қажетті техникалар мен жабдықтардың сақадай-сай дайын тұрғандығын жеткізді. «Қазіргі уақытта диқандарды сапалы тұқыммен, қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мақсатқа жетуге толық негіз бар» деп атап өтті басқарма басшысы.
 Өз кезегінде «ҚазАгро» өкілдері шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жайында егжей-тегжейлі баяндады.  2016 жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қазақстандық фермерлер қаржыландырудың бірнеше тәсілдерін пайдалана алады. Алдағы егіс науқанын өткізуге және жалпы, көктемгі егіс жұмыстары барысында республиканың аграрларын қолдауға «ҚазАгро» Ұлттық холдингі 60 млрд. теңге бюджеттік несие қаражатын бағыттауды жоспарлап отыр. Негізінен, қаражатты қарыз түрінде холдингтің еншілес ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің арасында бөлу болжануда.  
Қаржыландыру жолдарының бірі – екінші деңгейлі банктер арқылы несиелеу, оларды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер банктің рейтингіне қатысты 7,5-8-дық ставка бойынша несие қаражаттарын алады. Басқа бір тәсіл – «ҚазАгроның» еншілес компаниясы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан екінші деңгейлі банктің кепілдігімен тікелей несиелеу. Бұл жағдайда фермерлер үшін соңғы ставка жылдық 5 пайызды құрайды.  
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша шаруалар несиені несие серіктестіктері және шағын қаржы ұйымдары арқылы да ала алады. Бұл жағдайда соңғы қарыз алушы үшін ставка 9 пайызды құрайды.
Қаржыландырудың басқа құралы – әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігі арқылы «Қаз­Агроның» еншілес компаниясы – «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы бидай мен арпаны форвардтық тәсілмен сатып алу.  Қаржыландыру 1 гектарға 6 мың теңге есебімен, олардың қаржыландыру мерзімінің аяғында қаржыландыру сомасының жылдық  5 % мөлшеріндегі комиссия төлеу шартымен жүзеге асырылады.
Жоғарыда айтыл­ғандардан басқа «ҚазАгро» Ұлттық холдингі шағын және орта агроқұрылымдарға аймақтық астық кооперативтеріне біріге отырып, несие қаражаттарын алуды ұсынады. 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 256
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px