Ет экспортына – елеулі екпін - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Қарағанды аймағының агроөнеркәсіп кешені жаңа белеске көтерілді. Астана күні қарсаңында Абай ауданындағы Ақбастау ауылында «Сарыарқа» АӨК-нің 3000 ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы ашылды.

Облысымызда алғаш рет ашылып отырған соны нысан өңірдегі мал шаруашылығымен айналысып отырған ағайынға жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Олар енді қолдағы малын етке өткізу үшін алысқа сабылып, қалаларды жағаламай, бірден Ақбастауға жол тартып, тірідей тапсыра алады. Бұл, әрине, шаруалар үшін үлкен олжа.

Жобаның құрылтайшысы – кәсіпкер Нұржан Иманов. Бұған дейін энергетика саласында тер төгіп келген іскер азамат мал шаруашылығына бел шеше кірісуде.

Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазанында басталған. Биылғы мамыр айының соңында аяқталды.

Жобаға «ҚазАгро» холдингінен 475 млн. теңге несие берілді. Және қажетті техника күшін сатып алуға 375 млн. теңге қаражат бөлінді. Алаңның жылдық қуаты – 800 тонна ет. «Осы көлеммен жобаға жұмсалған қаржыны жеделдетіп игеруге болады» дейді жоба жетекшілері.

Алаңның ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов нысанның заманауи технологиялармен жабдықталғанын айтып өтті.

– Мұндағы малды ұстау, жемдеу процестері жаңашыл әдістер арқылы жүзеге асады. Барлық халықаралық талаптар толық сақталған. Және осы нысанның арқасында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі шешілді. Жаңа 60 жұмыс орны ашылды, – деді Шагурашид Қалиұлы.

Мал бордақылау алаңына сал­мағы 160 келіден асатын торпақтар қабылданады. Алты ай бағылып, тиісті сал­мақты жинағаннан кейін, ет экспортын іске асыруға лицензиясы бар ет комбинатына немесе мал сою пункттеріне жіберіледі. Бүгінгі таңда ет өнімдеріне Ресей мен Қытай мемлекеттері қызығу­шылық танытуда.

Кешен мал азығымен жеткілікті қамтылған. «Сарыарқа» АӨК бас директоры Саяхат Ыбышевтің айтуынша, шаруашылық иелігіндегі 5 мың гектар егістікке жүгері мен гүлтәжі сынды дақылдар себілген. Мал азығын сүрлейтін шұңқырлар шөп жинауға әзір тұр.

Құнарлы жеммен азықтан­дырудың нәтижесінде, әр ірі қара күніне 1,2 келі салмақ қосады деп күтілуде. Алайда, қабылданып отырған малдың басым бөлігі асыл тұқымды емес болғандықтан, көрсеткіш ептеп төмен болуы да мүмкін. Осы мақсатта «Сарыарқа» АӨК басшылығы өңірдегі шаруаларға асыл тұқымды бұқаларды жеңілдікпен сатуды ойластыруда. Ал, шаруалар өз кезегінде торпақтарын осында өткізуге міндеттеледі.

Шаруашылық келешекте өзінің меншік малын 5 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін келер жылы Абай ауданында жаңа ферманың құрылысы басталмақ. Аталған фермада қазақтың ақбас сиыры мен әулиекөл тұқымдары өсіріледі.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2546
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px