КЕНШІЛЕР АЙМАҒЫНЫҢ АХУАЛЫ НЕШІК? - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қарағанды облысында болды. Бір күндік сапарында Премьер-Министр өңірдің тынысымен танысып, еліміздің  индустриалдық орталығы атанған кеншілер мекеніне жауапкершілік талап  еткен зор міндеттер жүктеді. Қарағандыға табаны тиісімен, әуелі әуежайдың жай-жапсарымен жіті танысты. Жергілікті атқарушы билік өкілдері әуежайдың әлеуеті туралы мағлұмат берді. Іле, содан соң Үкімет басшысы тұрғындарды алаңдатқан мәселе – эпизоотиялық жағдайдың мән-жайын сұраған кеңес өткізді. Көптің көкейін тескен күйдіргі індетінің бет алысы туралы және оның ошағын жою үшін қандай қарекет ету керектігі осы кеңесте талқыланды. Құзырлы орындарға маңызды тапсырмалар берілді. Аймақтағы ахуал туралы Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков баяндады.

ӘУЕЖАЙДА:

Кінәлілер жазадан

жалтармайды

 

Аймақтағы эпизоотиялық ахуал бүгінгі таңда – басты назарда. Індет шыққан Шет ауданы Өспен ауылдық округі Еркіндік ауылында аурудың етек алмасы үшін тиісті сала қызметтері жұмылдырылған. Кәрім Қажымқанұлы сөз кезегінде індеттің шығуы ветеринарлық және медициналық қызмет тарапынан жіберілген қателік. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының кемдігі деді.

«Жергілікті атқарушы орган секілді, орталық өкілетті мемлекеттік ұйымдар тарапынан жіберілген жүйедегі олқылық екені анық», – деді К.Мәсімов. Сонымен қатар, зардап шеккен отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринарлық қызметтің жұмысын сараптап, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды жүктеді. Сондай-ақ, Үкімет басшысының тапсырмасымен, министрлік өлген малды көметін орындарға қатысты қосымша шаралар қабылдауы қажет.

Ал, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі күйдіргі індетіне шалдыққан науқастарға көрсетілген медициналық көмектің сапасына қызметтік тексеріс жүргізетін болады. Аймақ басшысына мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қажетті алдын алу шараларын жүргізуді, бақылауды күшейтуді тапсырды. Жауапкершіліктің жүгі зор екенін ескертті. Негізі, бұл жағдай еліміздің басқа өңірлерінде орын алмауына қатысты шараларды қадап айтты.

Қолда бар ресми мәліметтерге жүгінсек, қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты және медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша дәрігерлерге қатысты Қылмыстық кодекстің 327 және 317-баптарына сәйкес екі қылмыстық іс қозғалды. Шет ауданы Еркіндік ауылындағы карантин сегізінші шілдеде алынуы мүмкін.

 

ӘЛЕУМЕТТІК

НЫСАНДАРДА: 

Құрылыс қарқынды

 

Қарағанды аймағына күнде ат терлетіп келе бермейтіндіктен, Үкімет басшысы облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтеріп отырған бірқатар нысандардың құрылысын арнайы барып көрді. Әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуді міндет тұтқан бағдарламаның шапағатымен құрылысы қарқынды  нысандар баршылық. Соның бірі – «Самұрық-Қазына» мұрындық болған  «Жанұя» тұрғын үй кешенінің құрылысы. Премьер-Министрге аталған кешеннің құрылысы туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.

Тұрғын үй кешенінің құрылысы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы тұрғын үй бағыты бойынша «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы арқылы бой көтеруде.

Құрылыс жобасы бұрын ҚР-да өндірілмеген құрылыстағы жаңа өнімдерді қолданумен, Саран қала­сындағы үй құрылысы комбинаты­ның қуаттылығын ескерумен әзірленген. Қарағанды қаласының әкімі Н.Әу­бәкіров аталған өнімдермен нысан­дар құрылысын жүргізу құры­лыстың нормативтік ұзақтығы 30-35% төмендететінін айтады. Сапасы да талапқа сай. Оған қоса, қосымша жұмыстарға  жұмсалатын және  еңбек шығыны 30% жуық қысқармақ. Жоба технологиясы қазіргі кезде қолданылатын технологиямен салыстырғанда, тұрғын үй құрылысының 1 шаршы метр  құнын 20% төмендетуге мүмкіндік береді екен.

Бұдан кейін Үкімет басшысының үңілген нысаны – «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша құрылысы қолға алынған балабақша. Бұл балабақша  шілде айында балдыр­ғандарға есігін айқара ашуды жоспарлап отыр.  320 орындық балабақшада 16 топ болмақ.

Облыста «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр, қазір үй құрылысы нысандарын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар жүргізілуде.

 

 ҚарМТУ-да:

Нарыққа қажет маман

 

Премьер-Министр Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына арналған кадрларды даярлаудың оқу үрдісімен танысты. Бұл –  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытындағы иігілікті іс екенін атап өткен жөн.

Қарағанды мемлекеттік техни­калық университеті  елімізде екінші бесжылдығы басталған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына қажетті мамандарды оқытып шығарудағы бірден-бір негізігі оқу орны. Мұндағы басым бағыттар – қара металлургия, машина жасау, тау-кен ісі. 14 техникалық әлемдік жетекші жоғары оқу орындары  ҚарМТУ-дің серіктестері. Премьер-Министр университетте жұмыс берушілердің бірлестігімен бірлесе отырып әзірленген Орталық Қазақстан аймағындағы өнеркәсіптің өзекті бағыттары бойынша 27 кәсіптік стандартпен, ҚарМТУ инновациялық жобалар көрмесімен танысты.

 «Автоматтандыру және басқару» мамандығы, оның ішінде «Робот техникасы» бағыты, «Энергетика» мамандығын бітіру жұмыстарын орындау кезінде әзірленген қолданыстағы жабдықтар көрсетілді.

 

ОРТАЛЫҚТА: Қағазбастылық кеміп келеді

 

Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы да Үкімет бас­шысының назарынан тыс қалмады. Онда  К.Мәсімов халыққа мем­лекеттік қызмет көрсететін  «Азаматтарға арналған үкімет» мем­­лекеттік корпорациясының» жұ­мысымен танысты. Премьер-Министрге көлік құралдарын тіркеу үдер­істерін оңтайландыру және жер қатынастары саласында қызмет көрсету бойынша пилоттық жобаларды таныстырды.

Мамандандырылған ХҚО заманауи жабдықпен жарақталған. Азаматтардың мәселелерін шешу үшін мұнда әкімшілік полиция және мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері бар. Өткен жылы орталықта автокөлікті тіркеу бойынша 58 мыңнан астам құжат қабылданып, 7 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді.

Мамандандырылған ХҚО-да қарағандылықтар нөмір алып, тех­никалық төлқұжатты рәсімдей алады. Бұл ретте автомобиль иелеріне қызмет көрсету  қажетті құжаттар саны  сияқты барынша қысқартылған.

2016 жылғы 1 наурыздан бастап әлеуметтік маңызды қызметтерді көрсететін республиканың барлық ХҚО-лары бір «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына біріктірілді.

 

ТЕМІРТАУДА:

Тау-кен металлургия кешенінің келешегі

 

Бұдан соң Үкімет басшысы Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на барып, оның  өндіріс барысына куә болды. Өндіріс ошақ­тарын аралап көрген соң тау-кен металлургиялық кешенінің жағдайы мен келешегін талқылаған кеңес өткізді.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек индус­трия­ландырудың алғашқы бес жыл­дығында тау-кен металлургия өндірісінде өнім көлемі 2008 жылмен салыстырғанда  28 пайызға өскенін айтады. Салада 2,5 млрд.АҚШ долларын құрайтын  60-тан аса жоба іске қосылған. Бағдарламаны іске асыру кезінде арматура өндірісі 10 пайызға, алтын кесегін шығару  4 пайызға артқан, сортты прокат қуаттылығы күшейген және өзге де елде бұрын өндірілмеген өнімдер, атап айтқанда, болатты арқандар, титанды құймалар, сымдар, алюминді панельді радиаторлар және тағы басқа өнімдер шығарылды. Дегенмен, әлемді шарпыған экономикалық дағдарыстың металлургия мен тау-кен ісінде олардың экспортына кері әсері болғаны да рас.

Мәселен, 2015-2016 жылы түрлі металдарға әлемдік  бағаның  20-40 пайызға дейін құлдырауы.  Соның ішінде, соңғы жылдары экспортқа негізделген металдарға әлемдік баға: алюминий – 20 пайыз, мыс – 25 пайыз, қорғасын – 7 пайыз, мырыш – 30, болат – 40 пайызға дейін түсті. Министрдің айтуынша, болат 13 жыл бұрынғы төменгі бағаға түскен. Сонымен қатар, рубльдің девальвациясы да өз ықпалын тигізген. Оларда өнім арзандай түскен. Негізгі серіктес елдердің тауар өндірісіндегі экономиканың  тежелуі де экспортқа кері әсер етті. Соған қарамастан, елде металлургия саласында өнім алуды арттырудың нәтижесінде ілгерілеу бар. 5 айда металлургия кенін алу 8 пайызға өскен. Жылдың соңына дейін өсім болжануда. Қара металлургияда , түсті металлургияда да өсім болады деп күтілуде. Десек те, металлурия кәсіпорындарына қажетті металдың жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Соған орай, жер қыртысын пайдалану, салық заңнамаларына қатысты жұмыстар жүргізілуде. «Каz minerals» басшысы Эльдар Мамедов сөз кезегінде заңнамалардағы өзгерістер мен кейбір кодекстер нормасына мәселелер туындайтынын жеткізді. 

Ал, жүйе құраушы ірі өндіріс ошағы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Үкімет басшысына өздерінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоба-жоспарларын баяндады. Компанияның қара металлургияда  жоспары  батыл. Инвестиция саласында да көрсеткіш айтарлықтай дейді. Мәселен, соңғы бес жылда компания 1,4 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйыпты. Соңғы жиырма жылда қоршаған ортаға шаң-тозаң шығару 3,3 есеге кеміген.

Сөз кезегінде Үкімет басшысы дағдарысқа қарамастан, жұмыс орнын сақтап қалуды тапсырды. Үкімет қажет жағдайда қол ұшын созуға әзір деді.

– «Арселор Миттал Теміртау»  – елдің, өңірлік жүйе құраушы кәсіп­орындарының бірі. Бұл жерде көптеген адам еңбек етеді. Сіздерге басқа кәсіпорындардың жұмысы тәуелді. Қиындыққа қарамастан, жұмыс орнын сақтап қалу туралы тілегімді айтқым келеді, – деді Үкімет басшысы. Айта кеткен жөн, соңғы бес жылда өндіріс 8 мың адамды жұмыстан қысқартқан.

ERG компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкеевич өндіріс көлемін 2015 жылғы деңгейден төмендетпейтіндіктеріне сендірді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары орын алған экономикадағы қиындықтарға қарамастан компания бірде-бір адамды жұмыстан қысқартпаған. Сондай-ақ, ол мем­лекеттің қолдауының арқасында компания жылдан-жылға өсіп, өркендеп келеді. Бұған кейінгі жылдардағы өнім көлемінің артуы дәлел. Атап айтсақ, кейінгі бес айда  хром кені - 4 пайызға, алюминий – 6 пайызға, ферроқорытпасы – 2 пайызға өскен. Алайда, компанияда салыққа қатысты қиындықтар барын айтады.

К.Мәсімов компания жетекші­леріне ұсыныстарын тиісті министр­ліктерге жолдауды ұсынды. Содан соң әбден қарастырып, Үкіметте осы кеңесте көтерілген мәселелер төңірегінде арнайы басқосу ұйымдастырылады. Күн тәртібіне шыққан мәселелердің нақты бір шешімін табу үшін. Жалпы, Премьер-Министр Үкіметтің компанияларға көмек беруден қашпайтынын айтты.  Ал, компаниялар қандай қиындық болмасын, жұмыс орнын сақтап қалуы тиіс. Қысқартуға жол бермеуі керек. Үкімет пен аймақтың ірі компаниялары осыған бәтуаласты.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1018
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px