Мыс бұлағына – 45 жыл - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Мыс  бұлағына – 45 жыл
Жезқазған мыс қорыту зауытының бірінші кезегі 1971 жылы іске қосылып, 23 ақпанда тұңғыш мыс балқымасы алынған болатын. Алғашқы мыс катоды В.АЗАНОВТЫҢ ауысымында алынса, алғашқы қара мысты Ж.ЫБЫРАЕВТЫҢ ауысымында аға конверторшы С.ЕЛЕМЕСОВ балқытты. Еліміздегі түсті металлургияның алып өндірісінің шежіресі осылай жазылған еді. Өткен аптада жезқазғандық металлургтер зауытта алғашқы мыс өнімін алғанына 45 жыл толуын еселі еңбекпен және салтанатты шаралармен атап өтті.
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде мыс қорыту зауыты талай өркенді өзгерістерді бастан өткеріп, биік белестерді артқа тастады. Сары алтындай сапалы мысымен әлем елдеріне танылды. Мыспен қатар ілеспе өнім ретінде алтын, күміс және сирек металдар да өндірілді. Кен-термикалық пештерінің екеуі қатар істеген кезде бар қуатын танытып, жылына 200 мың тоннадан аса таза мыс өндіретін. Әлемдік нарықтағы қалыптасқан қазіргі жағдайға орай зауыт бір кен-термикалық пеші арқылы өңірдегі өндірістік ахуалды қалыпты қамтамасыз етіп отыр. Мыс алыбының бүгінгі тынысы туралы кеңірек білу ниетімен зауыт директоры Талғат Жақселековтің өзіне жолыққан едік.
– Өткен  жылды табысты қорытындылап, жыл межесін мерзімінен бұрын бағындырдық. Соның нәтижесінде 2015 жылы 113 мың тонна қара мыс алынса, одан 111 мың тонна таза өнім — катод мысы өндірілді. Бұл күндері зауыт бір кен-термикалық пешпен жұмыс істеуде. «Қазақмыс» Корпорациясының» алдағы стратегиялық жоспарына сәйкес, шикізат көлемі көбейген кезде екінші пешті іске қосудың кезегі де келер деп ойлаймын. Бізде еңбек қауіпсіздігі шаралары басты орынға қойылған.  Корпорацияның бағалау рейтингісі бойынша ЖМЗ бұл жөнінен жақсы қатарда аталуда, - деп әңгімесін бір қайырған зауыт директоры ортақ көрсеткішке лайықты үлесін қосып жүрген озат цехтар мен өндірістегі жаңа технология төңірегінде әңгіме өрбітті.
Негізгі өндірістік буындар арасында Саят Әтен басқаратын күкірт қышқылы цехының, Шоқан Әбілайысов басқаратын электролиздеу және Әлібек Ескермесов басшылық жасайтын шихта дайындау цехы ұжымдарын ерекше  атап айтты. Қосалқы цехтардың ішінде Смағұл Тоқыровтың металлургиялық агрегаттарды жөндеушілері еңбек қауіпсіздігі бәсекесінде көш бастап келеді екен. Жоғарыда аталған негізгі цехтар өнім сапасын жақсарта отырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және рентабельділікті көтеруге айтарлықтай үлес қосуда. Зауыт жүрегі саналатын балқыту цехының майталмандарының есімдері де ерекше аталды. Жоғары разрядты пеш қалаушы Жұмаш Игібай, балқытушылар Сұлтан Әбішев, Алмас Елемесов, Дүйсенбек Әміров, анод учаскесінің металл құюшысы Батырлан Құсайынов, ауысым бригадирі Қанат Әйтенов, учаске бри­гадирі Серік Смайылов сияқты озаттар легі мұнда аз емес. Бүгінде мыс қорыту зауытының директоры дәрежесіне көтеріліп отырған Талғат Жақселековтің өзі де осы балқыту цехында шыңдалып, жетілген кәнігі металлургтердің бірі. Біраз жыл цех басқарып, абыройлы еңбек етті. Енді, міне, жоғары басшылық оған үлкен сенім білдіріп, 1300-ден аса адам еңбек ететін алып кәсіпорынның тізгінін ұстатты.
Мыс өндірісінің болашақ межелері де айқын. Бүгінде  гидрометаллургиялық технологияны енгізуге қатысты ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Тәжірибелік-өнеркәсіптік қон­дырғы орнатылып, алғашқы сынақ ойдағыдай өткізілгені белгілі. Өңір өндірісшілеріне жақсы танымал Александр Юн жетекшілік жасайтын мердігер – «Казгидромедь» ЖШС жаңа цехты жабдықтауды жобаға сай атқаруда. Сынақ әлі де кең көлемде жүргізілмекші. Осыған орай, гидрометаллургиялық шағын зауыттың жобасы жасалып, аяқталуға жақын қалыпты. Қазіргі тұжырымдар бойынша тәжірибелік шағын зауыт 2017 жылы іске қосылады деп жобаланған. Мыс қорыту зауытының құрамында жұмыс істейтін бұл шағын өндіріс өңірдегі құрамы кедей кенді жаңа технология негізінде өңдеуге жол ашады.
Жезқазған металлургтері өздерінің 45 жылдық белестерін осындай өміршең жобаларға негізделген зор өрлеу үстінде қарсы алуда. Зауыттың өзінде және қаладағы драма театрында өткен салтанатты шараларда өндіріс майталмандарына облыс және қала әкімдерінің, «Қазақмыс» басшылығының Құрмет грамоталары тапсырылып, сый-сияпаттар жасалды. «Қазақмыс холдинг» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Талғат Мағзұмов, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Марат Әубәкіров және Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев құттықтау тілектерін білдірді.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 344
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px