Сынапты шамға салғырттық сан соқтырады - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Тұрмыстық қалдықтан тұншықпай тұрған шаһар жоқ, сірә, бүгін біздің елде. Бірақ, соны сұрыптап, өңдейтін зауыт-фабрикалардың кемдігі – сор. Бұл мәселе айтыла-айтыла, жауырға айналып барады. Бірақ, қанша айтылса да, көкжиегі бір кеңеймей-ақ қойды. Ал, зер салсақ, қалдықтардан бөлінетін залал – орасан.

 

Біле бермейтіндіктен, көп нәрсенің байыбына бармаймыз. Мәселен, сіз бен біз күнде тұтынатын шамның құрамында сырғып қолға ұстатпайтын сынап бар. Ол жарамсыз болғаннан соң, оны әр жерге тастай салу – адам денсаулығына зиян. Алайда, мұны екінің бірі, егіздің сыңары білмейді. Сондықтан да, елімізде қуат үнемдеуге қатысты заң да қабылданды. Қолда бар деректерге сүйенсек, ол заңда қуаттылығы 100 ватт және одан жоғары қыздыру электр шамдарын 2012 жылғы 1 шілдеден, 75 Вт-тық шамдарды 2013 жылғы 1 қаңтардан, қуаты 25 Вт шамдарды 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап әкелуге және сатуға тыйым салынған көрінеді. Әйтсе де, оған қарап жатқан жан бар ма?

Жасыратыны жоқ, елімізде құрамында сынабы бар шамдарды жинау, залалсыздандыру, қайта өңдеу және жою үшін орталықтандырылған жинақтау жүйесі жоқ. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес заңды тұлғалар сынабы бар шамдарға тіркеу жүргізіп, оны жоюға өздері тапсыруы тиіс. Бұл мәселені облыстың қоршаған ортаны қорғауға қатысты өкілетті ұйымы бақылауы қажет. Мұның қаншалықты жолға қойылғанынан бейхабармыз.

Ал, тұрғындар болса, сынабы бар жарамсыз шамдарды қалай қауіпсіз қолдану туралы біле бермейді. Әдетте, сынабы бар шамдар кәдімгі қатты тұрмыстық қалдықтармен бірге қоқыс айлағына түсіп жатады. Бұл болса, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарына қайшы. Бұған заңмен қатаң тыйым салынған.

Сондықтан да, бүгінгі таңда мұндай шамдарды жинау, сақтап, өңдеп, залалсыздандырып, жою мәселесі – күн тәртібіне шығып отыр. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жанынан сынабы бар шамдарды жою бойынша жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы арқылы құрамында сынабы бар пайдаланылған энергия үнемдеуші шамдарды жоюдың кешенді жоспары да жасалды.

Қарағандыдағы «Промотход Қазақстан» ЖШС сынабы бар шамдарды жоюдың кешенді шарасын ұсынып, жүзеге асырып отырған бірден-бір ұйым. Бұл ұйым қазіргі таңда тұрғындардардан ұсталған сынабы бар түрлі шамдарды жинайтын контейнерлерді жобалап, дайындайды. Контейнерлерді орналастырудың сызбасын жасайды, орнатады. Халықтың құлағдар болуы үшін үгітін де жүргізіп отырған көрінеді. Сынабы бар шамдарды демеркуризациялайды, яғни, залалсыздандырады. Оны залалсыздандыратын мамандары да арнайы оқу-тоқудан өткен. Өңделген сынабы бар шамдарды тасымалдау үшін арнайы көліктері бар. Өңдеу барысында сынап қатты металдан қатты сульфидке айналады екен. Сонда оның адамға зияны болмақ емес.

Десек те, күнделікті шамның қаншалықты залалын жалпақ жұрт әзірге бағамдап отырған жоқ. Арзан, әрі қалта көтеретін болғандықтан Еуропа тұтынып отырған жарық үнемдегіш диодты шамдарға жүгінген жұрт - аз. Ал, ұсталған шамдарды сұрыптап, арнайы контейнерге жинақтайтын тұрғын одан да аз. Өйткені, арнаулы контейнерлер қаланың барлық бөлігінде тұрған жоқ. Бұл мәселе – мемлекет тарапынан қолдау таппайынша, күрмеуі шешілмек емес. Мемлекеттің бұған қашан қайта айналып соғары да әзірге белгісіз. Белгілісі – қолдау қажеттігі. Сосын, өзіміздің сауаттылығымыз. Маңайымызға бей-жай қарамауымыз ғана. Сынапты шамға салғырттық сан соқтырып жүрмесе, бопты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2373
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px