Түпкі меже – тұтынушы тілегі - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Түпкі меже – тұтынушы тілегі

Бүгінде «Достық» сауда-өндірістік кооперативінің өнімдері мен олардың сапасы Қарағанды жұртшылығына жақсы таныс. Оның негізін қалаушы – ұтымды әрекеттің үлгісін таныта білген кооперативтің бас директоры Бақыт Құсайынқызы

ЖӘКІШЕВА .


Саран қаласындағы шахтердің отбасында дүниеге келген Бақыт 1973 жылы Сарандағы сауда-кулинария техникумын тәмамдап, 1973 жылы осындағы қоғамдық тамақтандыру басқармасына аспазшы болып жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп, Қарағанды кооператив институтын экономист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бір орында табан аудармай 15 жыл қызмет істеп, аспазшылықтан директордың орынбасарлығына дейінгі жолдан өтеді.

1993 жылы төрт тұлға қатысқан аукционда жеңімпаз атанып, Қарағанды қаласындағы С.Мұқанов көшесінің бойындағы шағын дүкенді сатып алады. Едені жоқ, жылу жүйесі тартылмаған, төбесінен тамшы ағатын ғимаратты жөндеуге біраз қаржы жұмсалады. Бақыт уақыт өткізбес үшін дүкеннің бір бөлігін наубайханаға айналдырып, жөндеу жұмысын нан пісіріп, сатумен қатар жүргізеді. Сол күндері тәулігіне жүз бөлке шығарылса, қазір ауысым сайын төрт жарым мың бөлке сауда орындарына жөнелтіледі. 22 жылдың ішінде өндіріс көлемінің қаншалықты ұлғайғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бүгінде нан саудасы нарығының 20 пайызы – «Достық» кооперативінің үлесінде. Кооператив орта мектептердегі үш мыңнан астам оқушыны, әскери бөлімдердегі мыңға жуық адамды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Сарбаздарды 22 жыл бойы ас-сумен қамтамасыз етіп, 2015 жылы Елбасының қолынан «Алтын сапа» марапатын алған. Осы қызметтеріне орай, әскери бөлімдер мен ата-аналардан жыл сайын оншақты Алғыс хатқа ие болады.

Кәсіпорынның Қарағанды, Саран қалаларында шағын дүкендері бар. Сондай-ақ, сауда агенттерінің көмегімен өнімдерін қалалардағы дүкендер арқылы да таратады. Бұған қосымша «Юма», «Аян» супермаркеттерімен жасалған келісім-шарттары да бар. Кооператив алғаш ұйымдасқан күннен бастап, жыл сайын өткізілетін «Ауыл – береке» жәрмеңкесіне үздіксіз қатысып келеді.

Жұртшылыққа сапалы нан және кондитер өнімдерін ұсынудағы осындай табысты еңбектеріне орай кооператив басшысы Бақыт Құсайынқызы «Парыз – 2009» мемлекеттік сыйлығына, бірнеше медальға және облыстық, Қарағанды қалалық, Қазыбек би аудандық әкімдіктерінің «Алғыс хаттарына» ие болған. Ол – Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, «Ажар» сыйлығымен марапатталған.

Кооператив мүшелерінің алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Қызметкерлер таңертең жұмыс орындарына арнаулы көлікпен жеткізіледі, ауысым соңында үйлеріне таратылады. Олар күн сайын кооператив есебінен тегін тамақтанады. Ауысым соңында қызметкерлерге тегін нан-тоқаш өнімдері босатылады.

«Достық» кооперативі басшылығы тарапынан жыл сайын «Жартас» шипажайына үш жолдама бөлінеді. Екі жолдама қызметкерлердің денсаулығын түзету үшін, ал, бір жолдама – жыл қорытындысында үздік шыққан қызметкерге. Емделуге берілетін жолдамаға 50 пайыз жеңілдік жасалады. Қызметкер жыл бойы екі реттен көп ауырмаған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздығы жөніндегі парақшаға сәйкес, жалақысы 100 пайыз көлемінде төленеді. Еңбеккерлердің жұмыс арасында тынығулары үшін арнайы демалыс бөлмесі ұйымдастырылған. Әрине, басшылық тарапынан жасалынған осындай қамқорлыққа сәйкес, еңбек өнімділігі артып, өнім сапасының жақсара түсері даусыз.

«Достық» сауда-өндірістік кооперативінің импортты алмастыруға, Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалары да бар. Кооператив басшылығы екінші жартыжылдықтан бастап, шығарылатын кондитер және нан-тоқаш өнімдерінің түрлерін молайтып, сапасын анағұрлым жақсарта түсуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта озық технологияны игеруге ден қойылуда.

Кооперативте көптен жұмыс атқарып келе жатқан тәжірибелі мамандар аз емес. Дегенмен, өнім сапасын арттыратын шетелдік технологияны меңгермей болмайды. Сол үшін алдағы уақытта Беларусь Республикасынан білікті мамандар шақырып, кооператив қызметкерлерін арнайы курстан өткізу жоспарлануда. Тәжірибелі маман Бақыт Құсайынқызы басшылық жасайтын «Достық» сауда-өндірістік кооперативінің ендігі мақсаты – өз өнімдерін республика нарығына, ал таяудағы он жылдан кейін экспортқа шығару.

Ұйымы жарасқан кооператив қызметкерлері бүгінде осы мақсат жолында күресуде.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 233
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px