Жарты ғасырлық белесте - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Жарты ғасырлық белесте
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Ғ.Омаров атындағы Жезқазған шахтапроходкалау тресі өзінің 50 жылдық белесін атап өтті. Алып кеніштер мен шахталарды салып, өндіріс көкжиегін кеңейтумен айналысатын іргелі трестің қалыптасып, өсу жолы өңір тарихымен тікелей байланысты.
Алғашқы мыс балқымасын 1928 жылы алған Қарсақбай мыс зауытын кен өнімдерімен 1940 жылдарға дейін ағылшындардан қалған ескі шахталар қамтамасыз етіп келген еді. Тереңдігі 15-60 метр шамасындағы бұл шахталардың оқпандары ағашпен шегенделген, кен өндіру жұмыстарының барлығы қолмен атқарылатын. Үлкен Жезқазғанның жаңа шахталарын жобалауға 1940 жылдан бастап Мәскеудің «Гипроцветмет» институты кірісіп, кен-металлургия комбинатын құру қолға алынды. Алғашқы шахталардың құрылысы басталды. Ал, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 30 наурыздағы  қаулысымен Жезқазған шахтапроходкалау тресінің құрылуы кен өндіру саласын мүлдем жаңа белеске көтерді. Одақ мыс кеніштерінің қуатын арттыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Проходкаларда өзі жүретін машиналар, вагондары бар жерасты автопойыздары қолданысқа келді. Шахта құрылысын жүргізуші трестің күшімен №55 және №57 шахталар, №31, №61, Шығыс және Батыс шахталары 10-15 жылдың ішінде салынса, жетпісінші жылдардың ортасында №65 алғашқы алып шахта бой көтерді. Республикалық екпінді құрылыс аталған бұл шахта 7 жылдың ішінде салынды.  Тереңдігі 600-700 метрге кететін шыңыраудан өнім өндіру үшін тау-кен проходкасындағы технологиялар мүлдем жаңартылып, қуатты техникалар іске қосылды. Өндірістік талай рекордтар осы алып шахталарда туындап,  трестің еңбек даңқы арта түсті. Шахтапроходкалау тресінің алғашқы басқарушысы Ғазиз Омаров бастаған бір топ инженерлерге өндірісте жаңа техниканы енгізгені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілгені де сол тұста болатын. Іргелі ұжымның ұдайы биік межеден көрінуінің арқасында  кейін  Ғ.Омаров Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Алғашқы құрылғаннан бастап 20 жыл қатарынан тресті бұл кісі абыроймен басқарды. Бүгінде шахтапроходкалау тресі еселі еңбегімен танылып, ел есінде қалған осы айтулы тұлғаның есімімен аталады.
Жарты ғасырлық мерейлі белесін салтанатты шаралармен атап өткен шахтапроходкалау тресінің алдағы атқарар істері де айқын. Көз тіккен көкжиектері кең.  Трест директоры Сайран Әменовтің айтуынша, қазірде Жезқазған кен орындарын кеңейтудің 5 бағыты бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Жыланды кен тобына жататын Солтүстік Жезқазған кенішінде, Сарыоба, Қарашошақ карьерлерінде кен өндіруді қамтамасыз етуге байланысты жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Жомарт» кенішін кеңейту мақсатында шахтаның екінші кезегі салынбақшы. Сонымен қатар, «Абыз» және «Ақбастау» кеніштерінің ғұмырларын ұзарту бағытындағы жобалар да қолға алынады. Онда жартылай жерасты әдісімен ұңғыма арқылы кен жүлгесіне жол ашылады. Шығыс Қазақстан өңіріндегі екі бағыт бойынша атқарылатын жұмысқа екі бригаданы жіберу көзделіп отыр екен. Трестің Балқашта да басқармасы бар.
Негізінде, алып кеніштер мен шахталарды іске қосып, шыңырауда шыңдалған шахтапроходкалау ұжымының еңбеккерлері нағыз өз ісінің майталмандары десе болады. Бүгінде олар бес жылға арналған межелерін белгілеп қойыпты. Мерей­той белесін толымды тартулармен атап өткен жер қойнауындағы қазба байлықтарға жол салушылар ел экономикасын өркендету бағытындағы еселі еңбектерін одан әрі жалғастыра бермекші.
 СӘТБАЕВ қаласы.                   
СУРЕТТЕ: №55 шахтаның сырт көрінісі.
Суретті түсірген автор.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 265
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px