Жиһаз өндірушелерде – мол мүмкіндік - Өңдіріс - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Жиһаз өндірушелерде – мол мүмкіндік
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Қарағандылық кәсіпкерлермен кездесу барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңдеу өнеркәсібі комитеті хатшылығының басшысы Төлеген МОЛДАХМЕТОВ жиһаз шығарумен шұғылданатын жергілікті кәсіпорындардың «ЭКСПО – 2017» көрмесі үшін тапсырыстар алу мүмкіндігі мол екендігін мәлімдеді.

– Осы мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау қарағандылық өнім өндірушілердің ықыласы мен талпынысына тікелей байланысты, оған қол жеткізуге барлық қолайлы жағдайлар бар. Айталық, Қарағандының Елордаға іргелес орналасуы, кәсіпорындардың өнім өндіру қуаты және білікті мамандармен талапқа сай деңгейде қамтамасыз етілуі – ұтымды әрекеттердің басты шарты, – деді комитет хатшылығының басшысы.  
Қазіргі таңда нарықтың аталған саласында тұтынушыларға облыс аумағындағы 21 кәсіпорын қызмет көрсетуде. Олардың арасында, әсіресе, атағы алысқа кеткен «№1 экспериментальдық заводы» ЖШС-інің әлеуеті аса зор.
Қазақстан Республикасының жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліметі бойынша отандық жиһаз өндірушілер, асыра айтқанда, бар болғаны 60 пайыздық жүктемемен ғана жұмыс істейді. Ал, қазақстандықтардың өткен жылы сатып алған жиһаздарының жиынтық сомасы 72 млрд. теңгеден асып жығылған.
«Жалпы алғанда жиһаз нарығының қаржыға шаққандағы көлемі 98 млрд. теңгеге жуықтады. Алайда, түскен түсімнің айтарлықтай басым бөлігі Украина, Ресей, Қытай және Түркия елдері өнім өндірушілерінің қалтасына кетіп отыр. Демек, бүгінгі күні біздің өнімдерді сырт елдерге сатылымға шығару туралы сөз қозғау – орынсыз. Десек те, ішкі нарықта тиімді табыс табу мүмкіндігін тереңірек ойластыру қажет-ақ» дейді Төлеген Молдахметов.
Жоғарыда аталған қауымдастықтың мәліметтеріне сүйенсек, елдегі жиһаз жасап шығарушылардың тек 28 пайызы ғана шынайы өнім өндірушілер болып табылады. Осы сала бойынша 700 компания тіркеуден өткен болса, олардың ішінде, тұрақты жұмыс жүргізіп, сұранысқа сай жиһаз шығаратыны – 500 кәсіпорын, белсенділерінің саны – 300. Ал, айналымдағы қаржысы 200 млн. теңгені құрайтын кәсіпорындардың сандық көрсеткіші де тым солғын, бар болғаны – 20 бірлік қана, қалғандары – әлеуеті тым төмен өнеркәсіп орындары.
Солай десек те, 2014 жылы жүргізілген сараптамалық-талдау жұмыстары ел көлеміндегі жиһаз өндірушілердің қатары 2500 кәсіпорынға жеткенін көрсеткен.
– Бұл – көптеген компаниялардың белгілі бір тендерлік бәсеке қарсаңында шұғыл түрде дүниеге келетіндігінің айғағы, – дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жауапты өкілі. – Конкурс өтіп, нәтижесі жария етілген соң олар да ізім-ғайым жоғалады, яғни, таратылады. Біз осы жайт туралы өз мәлімет-деректерімізді тұрақты түрде жаңғыртып, салалық министрліктерге жолдап тұрамыз. Қазіргі уақытта  отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету аясында, сондай-ақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы құрамында болу кезіндегі қисынсыз тәуекелдерге шектеу қою мақсатында индустриялдық сертификат әзірленуде. Бұл құжатты алу үшін кәсіпорын өзінің өнім өндіру қуатын нақты айғақтама негізінде дәлелдеуі – шарт. Осынау рәсім қолданысқа енгізілгеннен кейін «бір күндік ғұмыр кешу» үшін ғана құрылған уақытша фирмалар конкурсқа қатысуға жіберілмейтін болады.     

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 557
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px