Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 11.12.2017

«Қалада қант бітті. Өнімнің бағасы 100 теңгеге қымбаттады». Таңғы жетіде аялдамада маған шақпақ қант ұстатып, 5-ші автобусты күткен Надя апайдың жаңалығы бұл. Сөйтіп, ол – саяжайға, мен – орталық базарға тарттық.

Жексенбідегі жәрмеңкеге келсем, қант іздеп шуласқан ел. Базардағылардың айтар уәжі – құмшекерге сұраныс артқан осы шақта бағаның мың құбылуы – қараша халықтың қалтасына ауыр. Соңғы көрсеткіш бойынша Қарағандыда қант бағасы 260-270 теңгеден – 300-350 теңгеге дейін көтерілген. Алтай қарақатын сатып алған Сәуле есімді қала тұрғыны сатушыны қантты қабымен сатуға көндірді. «Қарақаттың тосабы қыстай тұмауға ем болды. Молынан қайнататындықтан, құмшекердің бағасына қарамаймын»,– дейді.

Көптің назарын аудартқан базардың қақ ортасындағы жанжалдың басы да – қант екен. Жеміс-жидек сатушылардың да наразылығын тудырғанға ұқсайды.

Мақпал жеміс сатушы: – Қазір – жеміс-жидектің піскен, дәмді кезі. Бұлар халықтың дәл осы уақытта тосап қайнататынын біліп, қантты әкелмей қойды. Сатылымдағы шие, қарақат, бүлдірген бағасынан қанттың бағасы қымбаттап кетті. Көтерме бағамен сататын жерде қант – тапшы. Күніне 8 қап қант алсақ, 4-5 қабын сатуға қоямыз.

Облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, нарыққа 150 тонна қант шығарылған. Сату бағасы – 244 теңгеге белгіленіп, алдымен әлеуметтік дүңгіршектерге, кейін базарларға таратылды. Мәселе, тұтынушылардың осы маусымда қантты бұрынғы мөлшерінен көп сатып алуында. Қазіргі таңда құмшекер өндіретін зауыттың өзінен тікелей қант тасымалдайтын вагондар жолға шығыпты Тек, күту керек екен.

Әлеуметтік дүңгіршек демекші, қайтар жолда «Юма» сауда дүкенінің сатушылары кісі басына 2 келіден артық қант сатпайтынын айтты. Түстен кейін дүкен сөрелері тегіс құмшекерден босайды екен. Қант сұраған қария: «Жоқ болса, тұз да қант, барға – қанағат» деп кетті.

Мәліметке сүйенсек, қала бойынша 33 әлеуметтік дүңгіршек, 4 коммуналдық базар, 285 сату орындары бар. Әкімдіктегілер болса шалған қоңырауымызға «қант бағасының өзгеруі – қанттың қалаға әкелінетін көлемінің азаюынан» деп құтылды. Ал, базар саудагерлері кейбір көршілерінің бір ай бұрын қор жасап алуға әрекет етіп, қанттың біраз қабын жинағанын аңғарған. 320 теңгеден сатып отыр.

Шілденің базар жұртын қуантпайтын түрі бар. Біздің үйде биыл тәтті тосап бола ма, болмай ма?.. Айтпақшы, көрші Надя апай таңмен шақпақ қант беріп еді ғой. Үйге келсем, ұзақ жауған жаңбырдан кейінгі күннің ыстығымен қалтамда еріп кетіпті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 8963
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1199
count 88x31px