Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019


Біздің жерімізді Табиғат-ана ерекше жаратқан. Қазақ даласы өзендер мен көлдерге, ормандар мен кең алқаптарға толы, жер асты қазба байлығына ерекше бай. Менделеев кестесіндегі эле­менттердің Қазақстанның таулары мен далаларында кездеспейтіні жоқ деуге болады.

Біздің ауыз әдебиетімізден бастап, ақындарымыз бен жырауларымыз осындай кең алқаптағы әсем табиғатты жырлап өтті, әлі де жырлап келеді...

Міне, осындай ертегідей әсем әлемде не болып жатыр?..

Қазірдің өзінде біздің елімізде 23 млрд. тонна қатты қалдық жиналып қал­ған, оның ішінде 6 млрд. тоннаға жуығы улы қалдықтар.

Қазақстанда шөлейт далаға айналған, бүлінген жердің аумағы 180 млн. гектарға жеткен, бұл – жалпы аумақтың 66 пайызына жуығы. Республика аумағында жалпы қосындысы 16,5 млн. кюри болып саналатын 237 млн. тонна радиациялық қалдықтары бар кеніштер мен карьерлер саны 118 болып отыр. Бұған қоса жыл сайын мұнай өндіру кезінде шығатын радиоактивті қалдықтар саны арта түсуде. Бұған жұмыс істеп тұрған «Сарышаған» полигонын, атырапты тұзбен улап жат­қан Арал теңізін, зардабы 500 жылға дейін сақталатын, ұшу жолында 2,5 мың тонна гептил төгілген Байқоңыр космодромын (адамды уландыру үшін жетіп жатыр оның мыңнан бір грамы) қосыңыз.

Еуразия құрылығындағы аса ірі көл­дердің бірі, екі табиғи ауданның шек­ара­сына орналасқан – Балқаш көлі. Солтүстіктен Балқашқа Орталық Қазақ­станның ұсақ төбешіктері мен жазығы келіп тірелсе, оңтүстігінде қазіргі кезде Балқашқа бес су көзі – Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі және Аягөз келіп құяды. Балқаштың қазан шұңқыры созылыңқылығымен, күр­делілігімен және бөлек-бөлектігімен ерек­шеленеді. Сарыесік түбегі оны батыс және шығыс бөлікке бөліп жатыр. Батыс Балқаш өзінің жаратылысында тұщы және оған құятын көздер де тұщы өзендер болып келеді. Шығыс Балқаш шын мәнінде тұзды. Айтайын дегеніміз – тек өзеннің өзі де емес, оның жағалауы да жыл өткен сайын ластанып келеді.

Балқаш өзеніне келіп құятын өзендер де күрт азайды. Бұл Іле өзенінің бойында Қапшағай ГЭС-ын салумен және көлге құятын өзендердің суын бақылаусыз, қа­лай болса, солай пайдаланумен байланысты.

Бассейндегі су балансын сақтау көп жағдайда ҚХР-ның су қатынасын реттеуімен анықталады.

Дегенмен, мүдделердің тепе-тең бол­мауы салдарынан гидрологиялық ре­жімнің бұзылуы пайда болады, судың минералдануы артып, сапасы төмендейді. Балқаштың саяздануы және тұздануы, сарапшылардың бағалауына қарағанда, Арал теңізінің кебін киюге әкеліп соқ­тырады.

Балқаш кен-металлургиялық комбинаты үлкен қауіп төндіріп, оның тастандылары көлдің ластануына ықпал етуде.

Көл жағасына орналасқан кәсіпорын суды шектеусіз пайдаланып, ластанған су ағызады, апаттық су жібереді. Лас­тандырғаны үшін төлемдер мен айып­пұлдар бюджеттің табиғат қорғау шараларына түседі, ал кәсіпорын оларды тұтынушылармен есеп айырысу кезіндегі тауар мен қызметтің құнына қосып жібереді. Сонымен, қоршаған ортаны лас­тандырудың құнын тұрғындардың өздері төлейді де, бұл ластандыруды азайтатын және табиғатты қорғайтын технологияны енгізуге кәсіпорынды ынталандырмайды.

Кейінгі отыз жылда көлдегі су деңгейі бір метрден астам төмендеп, жағалау бірнеше километрге шегініп кеткен. Көлдің тұзды және тұщы бөлектерінің арасындағы деңгей 1,5 градусқа жеткен.

Көл бұрынғы бай өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің көптеген түрінен мәңгі­лікке айырылды.

Сөйтіп, Балқаш көлі қазірдің өзінде құ­рып кетудің аз-ақ алдында тұр. Жағ­дайды одан сайын қиындатып, көлдің құрып кетуін жеделдету үшін оның дәл жағасынан ЖЭС салмақпыз. Қолында күректей-күректей қос-қостан, тіпті, үш-үштен дипломы бар, ғылыми атақтары аспандаған біздің шенеуніктеріміз парасатты шешім қабылдай алмайтындығына, Балқаштың ең бірінші кезекте біздің немерелерімізге қажеттігін ойламайтындығына таң қаламын. Бұл олар­дың ұрпақтарының тұрағы, олар келешекте осында өмір сүріп, осында еңбек етеді!

Балқаштың басынан бақ тайғалы қашан.

Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Литературная газетаның» бе­тін­де Балқаш негізгі нәр алып отырған Іле өзеніне Қапшағай су қоймасын салу мәселесі қызу талқыланды.

Қапшағай су қоймасын салуға одақтың көптеген академиктері, сол сияқты жазушы­лар, қарсы болып, оның мақсатқа сай келмейтін­дігін, оның тек Балқаш көлін ғана емес, сонымен қоса, бүкіл өңірдің экожүйесіне нұқсан келтіретіндігін негіздемелермен айтқан еді. Бұған ол кезде ешкім құлақ асқан жоқ. Сол кездегі ҚПК ОК-нің бірінші хатшысы және СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі Д.Қонаевтың жеке шешімімен Қапшағай су қоймасы салынды. Қолынан келген қонышынан басады, ал Балқаш көлі осы жылдар ішінде тек тайызданып қана қойған жоқ, бүкіл Балқаш өңірінің экожүйесі бұзылды.

Қапшағай ГЭС-ның салынуы осы 30 жылдан астам уақыт ішінде Іле өзенін және оның бүкіл атырабын аздырды – су бетінің аумағы 3 есеге азайды, атырабындағы тұщы сулы 16 ірі өзеннің тек бесеуі ғана қалды. Іле өзенінің ағынын қолдан реттеу шабындық жерлерді, тоғайлы орманды, аңшылық ауқымын, биологиялық сан түрлілікті мүлде азайтып жіберді. Енді айтты не, айтпады не? Болар іс болды!

Менің ойымша әзірге оңтайлы шешім қабылдауға болатын сияқты. Ол үшін не істеу керек?

Әуелі Балқаш ЖЭО-ның жобасын қоғамдық тыңдау керек.

Одан соң құрылысты кем дегенде көлден 20 км жерден салу қажет.

ЖЭО-н сумен қамтамасыз ету үшін көлден салқындатушы тоғанға дейін ғана су құбыры тартылуы керек.

Тоған үшін көлмен ешқандай байланыс болмайтын жер (су жер астымен де көлге құйылмайтындай) таңдалып алынуы керек. Егер Балқаш көлінің жағасында ЖЭО-ның құрылысын салуды бүгін тоқтатпасақ, онда біз үлкен қателік жасап қана қоймаймыз, бұл табиғат-ана алдындағы үлкен қылмыс болмақ. Біз Балқашты өз қолымызбен құртамыз, бұл қателігімізді ертеңгі ұрпақ кешірмейді.

ЖЭО-ның жобасы екі мақсатты көздеуі керек, оның ішінде тек көмірді ғана емес, газды да пайдаланатын болуы қажет. Тек бір ғана Қарашығанақтың өзінен біз жыл сайын 14-15 млрд. текше метр ілеспе газ өндіреміз.

Балқаш ЖЭО Екібастұз разрезінің кө­мі­рімен жұмыс істемек. Сапа жағынан бұл көмірдің күлділігі 37-39 пайыз болып келеді, оның тозаңы 8-9 пайыз. Сонда біз 1 млн. тонна көмір жаққанда 500 мың тонна қалдық (күл, шлак) алады екенбіз. Оны қайда тығамыз?

ЖЭО-ның орнын белгілейтін шенеу­ніктердің назарына мынадай бір мысал келтіре кетудің артықтығы жоқ деп ойлаймын. Ресейден Қытайға тартылатын мұнай құбырының әуелдегі жобасы бо­йынша Байкал көлінің жағасымен өтетін болған. Бірақ, көптеген ғалымдар, жазушылар, жұртшылық өкілдері Бай­калдың жағасымен мұнай құбырын тарту қауіптілігін, мұнай құбырында апат болған жағдайда Байкалға кесірі тиюі мүмкін екендігін айтып, жобаға қарсы болды. Сөйтіп, РФ-ның Үкіметі есті сөзге және экологиялық қамқорлыққа құлақ асты, оңтайлы шешім қабылдап, бұрынғы бөлінген қаражаттан артық кететін шығынға да қарамастан, құбырды Байкал көлінен 40 км қашықтыққа ауыстырды. Мұндай шешім үшін халықтың рахметтен басқа айтары жоқ.

Туған табиғатымызға деген сүйіс­пеншілігіміздің астарында өзіміздің ба­­ла­ларымыз бен немерелеріміздің бо­­ла­шағына қамқорлық жатыр. Сон­дықтан да, әрбір ұрпақтың жасам­паздық күш-қуаты мен зияткерлік әлеуеті оның айналадағы ортаға қандай өзгеріс әкелгенінен емес, табиғатты келесі ұр­пағына қандай күйде қалдырып бара жатқанынан байқалуға тиіс.

Осыған орай, біздің әрқайсымыз та­биғаттың байлығы мен әсемдігін көзі­міздің қарашығындай сақтайық. Өйткені, халықтың әл-ауқат жағдайының қайнар көзі табиғаттан тарайды.

Қазіргі және келешек ұрпақтың ба­қыты мен бейбіт өмірінен артық қасиетті ештеңе жоқ!

Марғұлан ХАМИЕВ,

Қазақстанның Құрметті экологы,

Құрметті профессор.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1656
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px