Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.01.2018

Еш уақытта қайталанбауы тиіс
Бәрін кейін білдік қой...
1949 жылдың 29 тамызында қуаты 20 килотондық алғашқы атом бомбасы жарылыпты.
Қайда дері жоқ, өзіміздің Семей облысында. Дегелеңде. Едірейден қол созым жерде.Бұл жарылыстан орта есеппен 900 мыңдай адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған екен, одан кейінгі 1963 жылдар аралығында аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдапты.
Бұл жарылыстар елдің жаппай денсаушылығын алды. Сол қасіретті әлі де арқалаумен келеміз.  Оның 300 жылға дейін созылуы да мүмкін екен, өйткені, ол тұқым қуалайды. 1989 жылы бүкіл халық болып КСРО әскери күштері өнеркәсібінің бұл озбырлығына қарсы шықпағанда бұл қасірет жалғаса да бере ме еді?!
1989 жылы 28 ақпан күні Алматы теледидарындағы кешкі жаңалықты үзіп, оның орны­на ақын, мемлекет қайрат­кері, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов Семей ядро­лық сынақ полигонын жабу мақсатында халықты қозғалысқа бірлесуге шақырды. Бұл қозға­лыстың аты Халықаралық ядролық апатқа қарсы «Невада-Семей» деп аталды. Халықаралық қоғамдық ұйымдардың ортақ мүддесі адамзатты, қоршаған ортаны ядролық сынақтан құтқарып қалу еді. Американың Невада штатындағы, Ресейдің Жаңажер аралығындағы, Францияның Мороруадағы және Қытайдың Лобнор өзені жанында орналасқан полигондардың үні өшті. Осы жетістіктің нәтижесінде 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды.
Ақын ерлік жасады. Халықты қарсылық шеруіне алып шықты. Елбасы ерлік жасады. Ядролық қарулы мемлекеттердің полигондарын жабуға қол жеткізді.
Міне, сол ерлікке 25 жыл толып отыр.
ҚР ғылым академиясының акт залында өткен қарсылық акциясы ардагерлерінің конференциясында нақ осы мәселелер көтерілді. Оны мектеп оқушылары «Заман-ай» әні­мен ашты.
«Радиация. Экология. Денсау­лық» про­блемалық комитетінің төр­ағасы Айтқожа Биғалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Майра Жантелова, ХАҚ (халықаралық антиядролық қозғалысы) Қарағанды филиалының төрағасы Марғұлан Хамиев және басқалары ядролық қарусыздандыру мәселесінің заңды жалғасы ядролық зарарсыздандыру сынды мәселелерді көтерді.
ХАҚ Алматы конференциясы деген атауға ие болған бұл келелі жиында ГМО (генді модификациялау өнімдері) мәселесі де талқыға түсті. Болашақ ұрпақ денсаулығына залалын тигізетін бұл жасанды тағамдар бүгінде біздің де елімізге жетіп отыр.
Бұл көкейкесті мәселелерді талқылау алдағы тамыз айында өтетін Семей конференциясында жалғасын таппақ.

А.ҚОСЫЛБЕКОВА,
«Невада-Семей»
қозғалысының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 573
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px