Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.01.2018

Өндірісті өлкенің жасыл «өкпесі»
Қарағанды мен оның индустриал­ды серіктес қалаларының атмос­фералық ауасын жақсартудың бір­ден-бір тиімді жолы орман жамылған жасыл желек алқабы екені белгілі.  Бұл жұмыс өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан,  Қарағанды бү­кілодақтық үшінші көмір ошағы болып қалыптаса бастаған кезеңнен бастау алған. Аға ұрпақ өкілдері «Дальний парк», «Зелентрест», «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы атындағы парк», «Көктем» совхозы» сияқты ұғымдарды жақсы біледі. Өндірісті өлкенің жасыл «өк­песінің» негізін құраған солар.  Мекемелер бір ашылып, бір жабылып, маңдайша жазуын өзгертіп жатады. Ал, оларда еңбек еткен адамдардың,  бір сөзбен айтқанда, орманшы қау­ымның қолтаңбасы міне, бізге жай­қалған саябақтар мен гүлзарлар, қала сыртындағы демалыс аймағы  болып қалып отыр.
Орман өсіру оңай шаруа емес. Қандай ағаш түрі қай жерге бейім екенін білу үшін алдымен топырақ құрамын зерттеп алу қажет.  Әйтпесе, тұқымбақта (питомник)  дән қауызын жарып, қылтанақтай болып өсіп, одан кейін отырғызылған көшет қурап қалуы мүмкін. Қарағанды орман­шы­ларының жылдар бойғы тынымсыз еңбегі арқасында Қарағанды мен оның серіктес қалаларының төңі­ре­гінде, сондай-ақ, табиғат сыйға тартқан көрікті жерлерде  мемлекеттік орман қоры жасалды.  Оның аумағы бүгінде 600 мың гектардан асады, соның ішінде, орманмен көмкерілгені 155  мың гектар. Осының 200 мың гектардан астамы (орманмен көм­керілгені 92 мың га) табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 6 орман  шаруашылығы коммуналдық  мем­лекеттік мекемелеріне қарасты. Қал­ған жер темір жол мен автомобиль жолдары бойындағы қорғау жолақтарына, ұлттық табиғи паркіне  (Қарқаралы, «Бұйратау») жатады. Ертеректе отырғызылған Тихоновка ақ қайың тоғайы (10 га), бұрынғы ет комбинаты аумағындағы кәдімгі қарағай тоғайы ( 5,7 га) қала тұрғындарының көз қуанышы. Белағаш (Бұқар жырау), Қараағаш (Жаңаарқа), Қу (Қарқаралы), Қызыларай (Ақтоғай), Ұлытау  мемлекеттік табиғи қорық­тары мемлекет қамқорлығында.  Осы табиғат тартулары мен өндірісті қала­ларды қоршаған орман алқабын күзету, баптау, орман өсіру ісімен Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі  Қарағанды, Теміртау, Ақ­то­ғай, Жаңаарқа, Қу және Ұлытау шаруа­шы­лықтары КММ айналысады.
Басқарманың орман шаруашы­лығы, ерекше қорғалатын аймақтар және жануарлар әлемін қорғау бө­лімінің басшысы Валентина Лузина  бірде  ол басқаратын бөлім  Астана қаласының үлгісімен 2020 жылға дейінгі кезеңде облыстың қалалары мен  селолық аудан орталықтарының айналасын жасыл желекпен көмкеру бағдарламасын жасағанын айтып еді. Мәселені пысықтау үшін қара­ғандылық орманшылар   «Жасыл Ай­­мақ» РМК, Шығыс Қазақстан облысы мен Татарстаннның  Сабы  орман шаруашылығының тәжірибесін үйреніп қайтқан.  Әрине,  мұндай жос­­парларды жүзеге асыру үшін озық техника  сатып алып,  заманауи технология  қолдана білу қажет.  Әсіресе,  барлық шаруашылықтарда су үнем­дейтін технологияға негізделген тұ­қымбақтар құру маңызды. Сонда  2015 жылы 300 гектардан бастап 2020 жылы 4500 гектарға дейін жасыл желекпен көмкеру сияқты асқақ идеялар  қағаз бетіне түскен. Бұған мүмкіндіктер бар ма? «Бар»,– дейді қарағандылық орманшылар.
Өткен жылы мемлекеттік орман қоры алқабында 230 гектар жерге 575 мың түп ағаш егілсе, биыл Теміртау трассасы мен Компанейск поселкесі маңына 240 га алқапқа 600 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Осынау отырғызу материалдары қайдан алынады дейсіздер ғой?
Қарағанды орман шаруашылығы мекемесінің негізі сонау сексенінші жылдары қаланған өз тұқымбағы бар. Ол Шахтинск қаласына қарасты Но­водолинка поселкесінің шеткері аймағында орналасқан. Жер көлемі 40 гектарды алады. Қуаты жылына 1,3 миллион түп көшеттер өсіріп, орнатуға, халыққа сатуға дейін жетіп отыр. Мұнда Орталық Қазақстаннның қатал табиғатына бейімделген ағаш сорттары тұқымынан бастап өсіріледі. Өсімтал шегіршін, үйеңкі, шаған, жиде сияқты тікпе ағаштармен қатар қарақат, акация, ырғай сияқ­ты бұталар да  тамыр жаяды.  Тұ­қым­бақтың орманшысы Э.Крюков, суландыру инженері Ө.Мусин  алқапты аралатып, екі-үш жылдық өскіндерге алып барды. Әсіресе, мәң­гі жасыл  қарағай  алқабы жай­қалып тұр. Ертең-ақ қаланың бір  кө­рікті жерінен орын теуіп, жұпар исін адамдарға тарту етері сөзсіз...
– Өткен жылы тұқымбақ үшін 44 миллион теңге сомаға Италияның «Ferbo»фирмасының жаңбырлатқыш агретатын сатып алдық. Мұнда  суару жұмыстары жаңадан қазылған 4 скважина арқылы жүргізіледі. Қазір тұқымбақ пен орман шаруашылығы мекемесі отырғызатын материалдарды сату, қорғаныс жолақтарын ор­нату, қураған ағаш, тұқым жинау,  саңырауқұлақ, дәрілік өсімдіктер теру сияқты ақылы қызмет түрлерімен айналысып, қаржы-қаражат та табады. Биыл жаңа  жылыжай  салып, бұрын дән себілген алқаптарды қайта құруымыз қажет,– деп алдағы жоспарларымен таныстырды Қарағанды  орман шаруашылығы кәсіпорнының директоры М.Мұқанов.
Жалғыз тұқымбақ қана емес орман шаруашылығының өткен ғасырдың 50-жылдары орын тепкен бүгінгі ғи­мараттары да тозығы жетіп тұр екен. Қыста пешпен жылытылады. Үлкен Михайловканың бір шетіндегі Защитная көшесінде орналасқан мекеме орталықтандырылған жылу жүйесіне  қосылмаған.
– Қызметкерлеріміздің жалақысы да төмен. Олар азаматтық қызмет­шілер санатына кірмей қалған. Бас­қарманың басшылары осыны ескеріп жоғары органдарға қатынас хаттар жолдауда,– дейді тағы бір әңгімесінде Мақсат, – Соған қарамастан орманшыларымыз қысы-жазы қырағы қызмет атқаруда.  Олар өз істеріне бе­рілген жандар.  Мұнда жұмыс бір күн де тоқтамайды. Көктемде ағаш отырғызып, жаз бойы баптап, орман күзетеді. Күзде ағаш кесіп, дән жинаса, қыста тұқым өсіреді. Міне,  енді өртке қауіпті кезең басталды. Мемлекеттік орман қоры алқабы тұрғындар тынығу үшін, қаланың өкпесін тазарту үшін құрылған ғой. Мұнда  дем алушылар үшін арнайы алаңқайлар жасалған. Тек өртке қарсы шараларды сақтаса болды. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні  қарсаңында біздің тілегіміз сол ғана,– деп ол газет оқырмандарына  да құлаққағыс білдіріп жатты.


А.ЖАНҒОЖИН.

Суреттерде: Орманшылар шық­ты вахтаға; тұқымбақтағы жаң­быр­латып суару.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 746
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px