Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Жер дегеніміз – жалпы көлемі 510 миллион шаршы шақырымды құрайтын алып сайран. Сол байлықтың 2717,3  шаршы шақырымы біздің Қазақстанның еншісінде. Бұл, тіпті, аз жер емес. Аз нәрсе не? Ол –  орман, Қазақстан жерінің бар жоғы 4,3  пайызы орман. 

«Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жалпы жер көлемі – 15098 га. Бұның ішінде 4871 гектары орманды алқап, ал 6800 гектары республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын зоологиялық қорық.

Мекеменің басты жұмыстарының бірі  – орман алқабын тілсіз жау өрттен және түрлі зиянкестерден қорғап, өз бетімен заңсыз ағаш кесуді болдырмау және заңсыз аңшылықпен күресу болып табылады.

Мекемедегі орман өртін сөндіру станциясында Беларус 1221 тракторы жер жыртқыш соқасымен, "Зил" өрт сөндіргіш автомашинасы, "Газ-53", "Нива" автокөліктері бекітіліп, өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен толықтай жабдықталған.

Өрт қаупі маусымы басталар алдында Қарағанды облысы әкімінің облыс аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи өрттерді болдырмау жөніндегі қаулысын басшылыққа алып, мекеме бойынша орман өрттерінің болдырмау, бола қалған жағдайда дер кезінде сөндіруге іс-шара бекітіліп ,орындалысы үнемі қадағаланып тұрады.

Өрт қаупі басталғанша орман қызметкерлері орман өрттерін сөндіру тәсілдерін жете меңгеру, өрт және еңбек қауіпсіздігін сақтау, мекеме еңбеккерлерінің білім дәрежесін көтеру мақсатында сабақтар жүргізіліп, емтихан қабылданады. Орман күзеті қызметкерлері жазғы және қысқы арнаулы киіммен, орманшылық куәліктермен қамтамасыз етілген, 2011 жылы қызметтік мініс аттар алынып тегіс ертұрманмен  жабдықталып,  қыстық азық жем-шөптері түсіріліп берілді. Орманшылар бір-бірімен байланыста болу үшін рация байланыс жүйесі іске қосылып, толық рация байланыс құралдарымен жабдықталған, берілген штаттық диспетчер-оператор өрт маусымы уақытында тәуліктік қызмет атқарады.

Орман алқабына кіретін басты автокөлік жолдары соқамен жыртылып, Қараағаш орманшылығына кіре беріс жолға жаңадан бекет ғимараты салынып, аспалы есік /шлагбаум/ орнатылып тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Олардың негізгі міндеті  – сырттан келген техникаларды журналға тіркеп, орман ішінде  өрт қауіпсіздігін сақтауды ескерту. Ал, жазғы өрт қаупі күшейген уақытта орман арасына кіруге адамдар мен техникаларға тыйым салынады. Сонымен қатар, орман алқаптарында аңдар мен құстардың бірнеше түрі мекен етеді, орман алқаптарында заңсыз аң аулауға,   ерекше қорғалатын  аумақта аң аулауға мүлдем тыйым салынған. Биотехникалық іс-шаралар бойынша жануарларды қоректендіру, қорғау мақсатында 2 бұлақ көзі қоршалып, тас төселді, 27 құс ұясы жасалып, 30 құмырсқа илеуі қоршалды, халық көп жүретін орман алқаптарына, сонымен бірге орманға кіре беріс жолдарға өрт қауіпсіздігін сақтау мен аң-құстарды қорғау тақырыбында 20 билборд пен аншлагтар орнатылып, күн көзінен өңгендері жаңартылып, ауыстырылды.

Жаз бойы жалпы ұзындығы – 236 км, ені – 6 метр болатын өртке қарсы жолақтарға жоспарланған кесте бойынша уақытылы күтім жасалып тұрады. Өрт маусымы уақытында Қараағаш, Ақтау ауылдық округтерінде орман және дала өрттерінің алдын алу, орман заңдылықтарын сақтау бойынша  аудан прокуроры Айтбеков Алмас, аудан әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасы Бекқожин Юржан, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ахметжанов Алданыш, т.б. өртке қарсы күресуге мүдделі мекеме басшыларының қатысуымен шаруа қожалықтарының жетекшілерімен, ауыл тұрғындарымен жалпы жиын өткізіледі. Орманды алқаптарды айнала қоныстанған 80 шаруа қожалығына орман және дала өрттерінің алдын алу, орман заңдылықтарын сақтау жөнінде ескертпелер таратылды. Өрт қаупі күшейген мезгілде арнаулы жанар-жағармай қоры  үнемі сақтаулы тұрады. Жаңаарқа аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастамасымен аудандық № 50 өрт сөндіру бөлімі мен орман  шаруашылығы  мекемесі тәжірибе алмасу барысында бірлескен оқу-жаттығу өткізді. Қорытынды барысында «жақсы» деген баға алдық. Бұл қағаз жүзінде бағалау емес. Іс барысында ілгерілеудің бағасы болатын.

Осындай үгіт-насихат жұмыстары ұқыпты жүргізіп, жауапкершілікті күшейту нәтижесінің  жарқын дәлелі соңғы 5-6 жылда бізге қарасты аумақта ешқандай  орман өрті тіркелген жоқ.

Жерге қырбық қар түсіп, өрт қаупі сейілген уақыт деп орманшылар бүгінгі күнде бейқамдық танытып отырмағаны тағы бар, жыл он екі ай бойы орман шаруашылығы қолдау мен қорғауды қашанда талап ететіні анық. Орманшылар алдымыздағы жаңа жыл мерекесі қарсаңына орай тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып қылқан жапырықты ағаштарды  күзетуді бастап кетті.

Бүгінгі таңда әлем әйнегіндегі жаңалықтармен қоғамдық қозғалыс­тарға көз тігетін болсақ, адамзат баласының алдында тұрған ең үлкен мәселе экологиялық проблемалар, демек жер сайраны климатының өзгеруі, солтүстік мұзды мұхитының жібуі, Аралдың тартылуы, шөпті алқаптардың шөлге айналуы сияқты эрозиялық күй кешу, ауада оттегі мөлшерінің  төмендеуі сияқты күрделі мәселелердің күрмеуінің шешілуі табиғатқа деген адамзат баласының ат үсті қарайтынына дәлел болмақ.

Қаншама кен орындары ашылып, шикізат өнімдері алынып, бүгінгі заман қажеттілігіне сай экономикамыздың көтеріліп жатқанымен экологиямыз әлсіреп бара жатқаны сөзсіз. Экология жаhан проблемасына айналып күрделі  мәселелер туындаған шақта «Жасыл экономиканы» дамыту тек қана өндіріс саласында ауаға зиян тигізбейтін технология қондыру емес, ең бірінші орман, су, аң-құс, балық,  басқа да биоорганизмдерді сақтап қалу.

Бекітілген штаттық кестеге сәйкес, мекемеде 32 адам еңбек етеді. Бұның ішінде 11 адам осы сала бойынша орман шаруашылығының арнаулы мамандары, ал, қалған қызметкерлер  Қараағаштың жергілікті тұрғындары, олар ертеден әкеден балаға мирас болып орманшылықпен айналысып келе жатқан өмірлік тәжірибе арқалаған өз істерінің білгір мамандары деп айтсам артық болмас. Осы азаматтар совет өкіметі тұсында «Дүние жүзілік ағаш егу ісі» үрдісі кезі, яғни 1981-1990 жылдары Павлодар облысы Шалдай орманынан қарағай көшеттерін Қараағаш орманшылығына әкеліп отырғызып, күтіп-баптап, жергілікті жерге бейімделіп өсуіне барынша жағдай жасаған болатын. Сол қарағай өскіндері бүгінгі күнде 55-60 пайыз өсім беріп, 15-20 метр биіктеп, қабырғалы қалың қара орманға айналды. Бүршік атып, тұқым шашып, өздері де өнім бере бастады. Өз табиғатымызға бейімделіп өскен осы қылқан жапырақты қарағайдан орман шаруашылығының қызметкерлері ешқандай бюджет қаражаты қарастырылмаса да өз ынталарымен өткен жылдан бастап қарағай бүршіктерін жинап, қысқы мезгілде үйдегі жағдайда  бір қалыпты температурада сақтап, уақытша тұқымбақ  жасады. Көктем шығысымен  егіп, жаздай суарып, күтіп-баптады. Бүгінгі күнде 70 пайыз өсім беріп, биіктігі 8-12 см болып өсті. Енді, алғашқы жылғы егілген жас өскіндерді келер жылы орман қорын молықтыру негізінде көшіріп егу жоспарланып отыр.

Қарағанды облысының табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы  Шагурашид Мамалинов  Қараағаш орманшылығында болған іссапарында  бұл бастамаға оң баға беріп, қолдайтынын білдіріп, ор­маншыларды  жігерлендірді.  Ол «бағбанның бабы болмаса, бақшаның сәні болмайды» дей келе, бүгін өз ынталарыңызбен еңбектеніп жатырсыздар, келешекте мемлекеттен қаржы қарастырылып, бұл тұқымбақ шаруашылығы жүйелі түрде жүргізілетініне сендірді.   Қазіргідей ғылым мен техника дамып жатқан уақытта тұқымбақ шаруашылығын заман талабына сай дамыту үшін басқа облыстарға барып тәжірибе алмасу қажеттілігін ескертті. Облыс бойынша сала мамандарын Астана қаласының «жасыл аймақ» тұқымбақ шаруашылығына, Шұрайлы шығыс аталған Қазақстанның негізгі орманды аймағы- Өскемен қаласында өткізілген Қазақстан-Ресей орман форумына  өзі бастап  алып барды. Сөйтіп,  тұқымбақ өсіру бойынша  тәжірибе   алмастық,  біраз мағлұматтарға қанықтық.         

Басқарма басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың күз мезгілінде үйеңкі, көк жиде тұқымдарын  жинап,  тұқымбақ аумағын ұлғайтып  отырмыз. Амандық болса біздің еккен тұқымдарымыз нәтиже беріп, ерте көктемде көктеп шығады деп  күтеміз.

Тегінде, диқан, бағбан, орманшы мамандықтары бір-біріне етене жақын деп айтамыз,  диқан көктемде егін егіп, күзде жинап алады, бағбан да солай жаздың бір төрт-бес айы істеген ісінің жемісін көреді. Ал, орманшының еңбегі ерен: бір түйір дәннен көктеп шыққан қарағай өскінін балаша мәпелеп күтіп, баптап 1 метр биіктікке  діңін тіктеп өсіру 7-8 жылды қажет етеді, қасақана жұлып, шауып, сындырып тастамаса немесе өртке шарпылмаса, бұл қарағай 45-50 метр биіктікке көтеріліп, 350-400 жылға дейін өмір сүреді. Ғылыми түрде дәлелденген дүние – бұл. Әрине, бұл еңбектің жемісін келер ұрпақ көрері сөзсіз. «Орманшы –  келер күннің адамы» деген сөз содан болар,  бәлкім. Бізде де Қуантай Омаров, Ержан Нұрланов, Шардарбек Иманбаев сынды өз ісінің шеберлері, тәжірибелі орман күтушілеріміз бар. Олар жасыл желек қорын молайту үшін қолдан келгендерінің бәрін істеуде. Орманшыға  қойылатын талаптар шаш етектен. Орман өртінен бастап, ағаш дертіне дейін, шөбінен бастап шөлейтіне дейінгі өзгерістер мен процестерді қатаң бақылауға алып, аялы алақан, жүрек  жылуын талап ететін ізгілікті  мамандық.бұл.

 Елімізде қазіргі таңда  «Жасыл даму» салалық бағдарламасы, Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы негізінде орман секторын дамыту қолға алынуда. Біздің мемлекетімізде орман пайызға шаққанда жоқтың қасы, бүкіл жаhан проблемасы «Жасыл экономика» болып тұрған мезгілде орман шаруашылығын дамыту, оның ішінде орман өсіруді қатты қолға алуымыз керек.

Қуат ИМАНТҮСІПОВ,

«Орман және жануарлар әлемін қорғау  жөніндегі Жаңаарқа шаруашылығы» КММ директоры, аудандық мәслихат депутаты.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2392
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px