Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
Сенбілік: соңы – салақтық 
Жәнібек ӘЛИМАН,
"Орталық Қазақстан"
Қала тұрғындары сенбілік жасағалы көп бола қойған жоқ. Кәрі-жасымыз қалмай, бір емес, екі-үш мәрте сенбілік атқардық. Қыстай жатып, қордаланып қалған күл-қоқыстан арылу оңай ма? Көп боп жұмылдық. Сөйтіп, қаланы қоқыстан бір тазарттық десек, керісінше шықты...  
Шаһардың күнгей бетіндегі Мұқанов көшесінің бойымен ілби берсеңіз, үсті-үстіне үйілген үйінділерге тап боласыз. Күл-қоқыс, қиқым-сиқым сияқтылар. Сыпырып, жинағанымен, көлікке тиеп әкетпеген. Жата-жата жадағай тартқан. Қаға беріс, қалтарыс емес, көшенің ортасында. Күре жолдың бойында. Көгал, талдың арасында. Біздің көзге шалынғаны оншақты қоқыс төмпешігі. Тіміскілей берсе, одан да көп-ау. Қай уақытта тазаланып, қашан алынары белгісіз. Сенбіліктен соң құзырлы орындар тексеріс жүргізбейтіні бірден байқалады осыдан. Сол беті келер жылдың сенбілігін күтіп қалмасына кім кепіл? Көрнекі жер мұндай болғанда, қуыс-қуыс қандай десеңізші... 
Келер жыл демекші, көптен бері қордаланып қалған күл-қоқыс «қоры да» жеткілікті қалада. Бәрін тізбелемей бірін айтсақ болар. Чкалов көшесіндегі «Айса» рестораны мен «Цесна банк» ғимаратының арасын Бұқпа өзені бөледі. Өзен үстінен өтетін көлік жолы өткелінің төменіне тартылған темір тордың ағыс жағы капрон құтыдан көрінбейді. Темір тордан сығалаған тұтқындардай. Өткел салынғалы тазаланбаған шамасы. Алаңқайдағыны көзіміз шалмай жүргенде, қалтарыстағыны қайдан көрейік... Бұл пластмасса шөлмектер, біріншіден, суға ағыс бермейді. Екіншіден, қала тазалығының деңгейін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Үшіншіден, пластмасса шөлмектер химиялық зат болғандықтан, экологияға аса қауіпті. Ол өмірі шірімейді. Су тисе де, жел, күн қақса да. Есесіне, ұзақ уақыт қолдануға болмайды. Қытайлықтар оны бір рет қолданып, қоқысқа лақтырады да, шашау шығармай өртеп жібереді. Ал, бізде... Сай-сала, қуыс-қуыстың бәрі осындай құты. Қалада да, далада да.                   
Осындай олқылықтар бір ғана бұл көшеде ме? Індете берсе, әр көшеден табылады. Бұл ненің белгісі? Бұл – біздің ұлттық санамыздың төмендігінде. Кейбір азаматтардың туған елі мен жерінің тазалығына, тіпті, мүддесіне немкеттілікпен қарайтындығында. «Мен неге істеймін, ол неге істемейді?» деп санасатын жұрттың керітартпа мінезінің кесірі. Әйтпесе, туған елінің қаласын қоқысқа толтырып не көрініпті? 
Жазғытұры әрбір мекеме мен кәсіпорын қызметкерлері шығып, өздеріне тиесілі ауланы күл-қоқыстан тазартуға міндетті. Ендеше, ауласының тазалығына сол мекеме басшылығы жауапты. Міндеттелді ме, мұнтаздай етуі тиіс. Тазаламады ма, тиісті шара, ескертулер жасалсын. Аула аумағы аз ба, көп пе, арланатын іс емес. Себебі, ол жер – өз Отаның. Жаттың жері емес. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қазақ содан айтқан. Аула тазалығына ат үсті қарамайық!
Біз Мұқанов көшесіндегі қоқыс төмпешіктерін суретке түсіруге барғанда, біреуін құмырсқалар меншіктеп, илеу көтеріпті. Жуық арада жерден көтерілмейтінін жәндік екеш жәндіктің өзі сезген шығар... 
Қарағанды.    
Суреттерді түсірген Ж.ИМАН­ӘЛІ­ҰЛЫ.      
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 854
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px