Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 15.11.2018

Шаң мен газ зертханасында
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»
Жезқазған мыс зауытының аумағына орналасқан шаң-газ зертханасын жай адам біле бермеуі мүмкін. Біздің өзіміз бұл зауыттың бір құрылымы болар деп ойлап жүретінбіз. Сөйтсек, олай емес екен. Шағын ғана зертхана бүкіл Жезқазған өндірісті аймағымен қоса  Балқаш, Қарағанды аумағындағы «Қазақмыс» кәсіпорындарының қоршаған ортаға, ауаға тарататын газ бен шаңының, сондай-ақ, зиянды қалдықтардың мөлшеріне бақылау жасап отырады. Олардың жасаған сынамалары мен зерттеулері белгілі бір өңірдің экологиялық ахуалын анықтап, жағдайды бақылап отыруға өз септігін тигізуде.
Шаң-газ зертханасы «Қазақмыс» корпорациясының қоршаған ортаны қорғау департаментіне қарайды. Мұн­дай құрылымның қажеттігін өмірдің өзі ұсынса керек. Соған орай зертхана 1987 жылы құрылған. Шағын ұжымда бүгінде 22 адам еңбек етеді. Олардың барлығы өз мамандығының кәнігі ше­берлері. Алғашқы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі жандар да аз емес. Солардың бірі – зертхана басшысы Наталья Васильева. Ол зертхана ашылған 1987 жылы еңбек жолын лаборант болып бастаған еді. Қарағанды политехникалық инс­титутының Жез­қазған филиалын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген Наталья кейін инженер-химик, метролог болып, мол тәжірибе жинақтады. Кор­по­рацияның қоршаған ортаны қорғау департаменті 2007 жылы оны зертхана басшысы етіп тағайындады.
– Атмосфераға таралатын қал­дықтарға, жұмыс аймағындағы ауа мен атмосфералық ауаға жүйелі ба­ылау жасап отыру рет-ретімен жүр­гізіледі. Бүкіл кеніштердің аумағына бақылау жасаймыз. Бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы өндіріс ор­ын­дарындағы экологиялық ахуалды зерттеу бізге жүктеліп келген еді. Би­ылдан бастап Қарағанды облы­сындағы кәсіпорындардың ғана шаң-газ мөлшерін талдап-бақылаумен шек­телетін болдық,– дейді әңгімені жұмыс жағ­дайын таныстырудан бастаған зерт­хана жетекшісі.
Сонымен қатар, Наталья Николаевна өз міндеттерін абыроймен ат­қарып жүрген ұжымның бетке ұстар мамандарының есімдерін де зор ри­зашылықпен атап өтті. Жетекші ин­женер-химик С.Булавенко, инженер-химик И.Сергеева, жұ­мыс аймақтарының ауасы жөнін­дегі топтың жетекшісі О.Иванова, атмосфераға таралатын қалдықтар жөніндегі топ жетекшісі Б.Жа­­рыл­ғасынова, метрология маманы Г.Әмірханова, бақылау-өлшеу при­борларының слесарі О.Сук­манова сынды мақтаулы мамандар қатары аз емес сыңайлы. Р.Хасанова, О.Баймакова, Мар­жанкүл Шайкөзова көп жылдардан бері еңбек етіп келеді. Олар өз тәжірибесін жастарға жалықпай үй­ретуде. Мәселен, Р.Хасанова башқұрт елінен Жезқазғанға 1976 жылы келген екен. Ол зертханада 37 жыл бойы еңбек етіп келеді. Отбасымен кор­порация саласында деуге болады. Күйеуі мыс зауытының күкірт қышқылы цехында қырық жылдан бері істесе, үлкен ұлы да электролит цехында еңбек көрігін қыздырып жүр. Зертханадағы әйелдер Рауза апайларына үлкен сенім көрсетіп, кәсіпком сайлаған екен. Қай шаруаға болсын ұқыптылықпен қарауға дағдыланған Р.Хасанова ондаған жылдардан бері негізгі жұмысымен қатар, қоғамдық міндетін де ұршықша үйіріп жүрсе керек. Әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысып отырады. Уақыт өткен сайын қатарлары жас мамандармен де толығып келеді. И.Макашева, А.Егорова, Т.Абдуғалиева сияқты жас­тар айналдырған бес-алты жыл ішінде өз істерін жетік меңгеріп алды. Аға буынның, тәжірибелі апай­ларының ар­қасы деп санайды оны олар. Мамандар тиісті кесте бойынша күн сайын белгілі кәсіпорындарға барып, арнайы құрал-жабдықтарымен бақылау жасап отырады. Кәсіпорындарға бекі­ті­ліп қойылған адамдары да бар. Мә­селен, М.Шайкөзова негізінен Жез­қ­азған байыту фабрикасындағы шаң-тозаңды бақылайды. Ал, 24 жылдан бері осы зертханада тапжылмай ең­бек етіп келе жатқан Г.Слепенчук әрі жастардың тәлімгері. Ол мыс қорыту зауытындағы газ бен шаңның мөлшерін анықтайды. Қазір зертхананың 5 маманы Балқаш байыту фабрикасындағы, 3 адам Қарағайлы фабрикасындағы экологиялық ахуалды бақылап, зерттеуге кетіпті. Нұрқазған байыту фабрикасы да осы зертхана мамандары арқылы тексеріледі. Өндірістік газдардан және жұмыс аймағы ауасынан алынған сынамалар зертханада өңделеді, тиісті есептеу арқылы газдың немесе шаң-тозаңның мөлшері анықталады. Соған орай тиісті қорытындылар жасалып, корпорацияның қоршаған ортаны қорғау департаментіне жіберіледі.
Кәсіпорындардың ауасы таза, қор­шаған ортамыз зиянды қалдықтар­дан ада болуы жолында тыным көрмей, өз міндеттерін аса жауапкершілікпен атқара білген шағын ұжымның үлкен еңбегі сүйсінуге тұрарлық.       
СУРЕТТЕ: зертхана мамандарының бір тобы.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 853
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1261
count 88x31px