Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
Туған табиғатты аялайық
Қарағанды  мемлекеттік техникалық университетінде Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың мамыр айында  қол қойған  Қазақстан Республикасының  «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының  мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге арналған аймақтық семинар болып өтті.  
Оны ҚР Қоршаған ортаны қор­­­­ғау министрлігі, БҰҰ Даму Бағ­дарламасы, «Астана «ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы АҚ  және Қарағанды облысының әкім­дігі ұйымдастырды. Семинар «Қа­ра­­ған­ды облысының «Жасыл эко­номикаға» өтудегі әлеуетін баға­лау» деген тақырыпты қамтып,  мем­ле­­кет­тік органдар мен өнеркәсіп ор­ын­дарының, ғалымдар мен прак­тик экологтардың  арасында қы­­­зы­­ғушылық тудырды.
Семинарға қатысушылар  алдымен  университет фойесінде  «ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясының мұрындық болуымен «Жасыл эко­номика» саласында облыста қол жеткен жетістіктерді баяндайтын арнайы көрмені қызықтады.  Онда энергияның қайта қалпына келе­тін  көздерін дамыту, өнеркәсіп қал­дықтарын іске жарату, тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылықта энер­гияны үнемді пайдалану, ор­нықты ауыл шаруашылығын дамыту және экожүйелерді басқару  мәселелеріндегі жетістіктер паш етіл­ді.  Семинарға қатысушылар қа­ра­­ған­дылық ғалымдардың осы саладағы ізденістеріне жоғары баға берді.
– Біз шын мәнінде таңғалдыратын жобаларды өз көзімізбен көрдік,– деп ағынан жарылды  ҚР қоршаған ортаны қорғау вице-министрі  Талғат Ақсамбиев семинарды ашарда сөй­леген сөзінде. – Мемлекет басшысы атап өткеніндей, «Жасыл эко­но­микаға» көшу – Қазақстанның да­мы­ған 30 елдің қатарына қосылуға мүм­кіндік береді. Қарағанды облысы – елдің аса ірі индустриалдық орталығы.  Кейінгі жылдары біз өнер­кәсіп қалдықтарының қоршаған ор­таға тасталуының азаюы тұр­ғысында жақсы істерді байқап отыр­мыз. Бұл жұмыс «Жасыл эконо­мика»  тұжырымдамасына сәй­кес жал­­ғасын тауып, халықтың өмір сапасын арттыруға әкеледі.  Әсіресе, экологиялық таза және аз қалдықты өнеркәсіп  технологияларын  өндіріске  енгізудің маңызы зор. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиясына  сәйкес жасалған «Жасыл экономика­ға»  көшу тұжырымдамасының да басты мақсаты осы болып отыр. 
Соның ішінде  2050 жылға қарай электр энергетикасында  баламалы көздерден энергия өндіру  50%,  ауыл шаруашылығында 2020 жылға қарай алқаптардың өнімділігі 1,5 есе артуы тиіс, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы шешіліп, ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығы 2015 жылы 10 пайыз, ал 2020 жылы 25 пайыз төмендемек.
БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің  орынбасары Екатерина Паниклова «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы Қазақстанның ал­дына зор перспективалар ашады,  соның айқын дәлелі осында ұйым­дастырылған көрме, деп атап өтті. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бұл жұмысқа белсене қатысатын болады.
ҚарМТУ ректоры, академик Арыс­тан Ғазалиев Қазақстанның  тұ­рақты дамуы жолында «Жасыл эко­номи­каның» рөлі мен маңызы туралы әң­гімеледі.  Ол университет ғалымы, практик – инженер Николай Алексан­дрович Дриждтің басқаруымен Қара­ғанды бассейнінде метан газын кө­­мір қабаттарынан сорып  алып, қа­жетке жарату жөніндегі жұмыспен таныстырды. Бұл перспективалы ба­ғыттағы ізденісті практикаға енгізу үшін республикалық деңгейде қаржы бөлу мәселесі қаралуда. 
Облыс әкімінің орынбасары Қай­рат Айтуғанов облыста «Жасыл эко­номикаға» көшу тұжырымдамасы ая­­­сында қандай істер атқарылып жат­­­­қандығы туралы егжей-тегжей  баян­дады. Тарихи мысал ретінде ол  шахтерлер астанасында террикондар деп аталатын жасанды төбешіктерді рекультивациялауды еске салды.  Бүгінде  соның жалғасы сияқты қатты тұрмыстық қалдықтарды  өңдейтін кешен құрылысына инвестициялар салудың негіздемесі жасалды. Мұның өзі Қарағанды мен оның қанаттас қалаларының экологиялық жағдайын едәуір жақсартпақ.
 Сондай-ақ, баяндамашы  Шет ауданындағы  «Азат»  шаруа қожалы­ғында күн энергиясын пайдалану тәжірибесін  және  бұдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған  «қуаң жер­лерді игеру» жобасын да атап өтті.  Қоңыратта «Сары қазына» ЖШС  гидрометаллургия әдісімен тех­­­­но­гендік қалдықтарды іске жаратуда. Облыста тау-кен өндірісі қал­дық­тарын ұқсату, бұзылған жер­лерді рекультивациялаудың басқа да мысалдары жеткілікті екен. 
Теміртауда металлургия ком­би­натының домна шлактарын өң­деу­дің өзі неге тұрады?! Одан қиыр­шық тас өндіріліп, байыту қал­дықтары қайырадан технологияға қайтарылады,  отын ретінде пайда­ланылады, т.т. Өндіріске агломерат, кокс ұнтағы, жолай қалдықтар, колошник шаңы қайтарылады. Тұ­тасымен алғанда, комбинатта қал­дықтардың 40 пайызы қайырадан өндіріске жаратылады. Осындай  қиыр­шық тас алу технологиясы Жәй­­ремде  де өндіріске енгізілген.  Қал­дықтарды өңдеу мен залалсыздандыру жұмысына бірнеше шағын және орта бизнес кәсіпорындары жұмылдырылған. Соған қарамастан  бүгінде  қалдықтарды залалсыздандыру мен қайыра пайдалану ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Баяндамашы мұнан кейін облыс кәсіпорындары мен халқын өндірістік және  ауыз сумен жабдықтау проб­лемаларына назар аударды.  Судың жалпы көлемінің 90%-ы өндірістік мақ­саттарға жұмсалады екен және кейінгі 5 жылда оның көлемі 24%-ға арт­қан.  Табиғи су ресурстарына ан­тропогендік әсерді азайту үшін сумен жабдықтаудың айналмалы жүйесі пайдаланылады.  Шағын қалаларды кешенді дамыту және салалық «Ақ бұлақ»  бағдарламасын жүзеге асыру аясында Жезқазған, Шахтинск, Балқаш, Абай қалаларының су тазарту  қондырғыларын  қайта құрып, жаңаларын салу қажет. Балқашта тазарту қондырғысы құрылысының жобасы жасалып, республикалық бюд­­жеттен қаржыландыруға ұсыныл­ды. Жезқазған және Приозерск  қала­ларының кешенді даму жоспарларында тазарту қондырғыларын қайыра құру көзделген. 
Сөзінің қорытындысында әкім орынбасары «Жасыл экономикаға» көшу парник газдарын шығаруды азайтып,  энергияның жел, күн, термальды және гидроэнергетика сияқты қайта қал­пына келетін  көздерін дамытуға, экологиялық жағынан қауіпті және тиімділігі төмен өндірістерді алмас­тыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.  Ал, коммуналдық шаруашылықты жаңарту  су мен энергия пайдалануды едәуір азайтады.
 Семинар жұмысы   энергияның қайта қалпына келетін көздерін да­мыту, ТКШ-да, құрылыс пен жарық­тандыруды  энергия тиімділігін арттыру және   орнықты даму мақсатында табиғи ресурстарды басқару мәсе­лелеріне арналған   екі сессияда жал­­­ғасты. Қатысушылардың назарына қарағандылықтардың ТКШ-дағы тәжі­рибесі мен сынама жобасы  ұсы­нылып, таныстырылды. Қайталап айтайық,  қарағандылықтардың  ту­ған табиғатты сақтап қалу жөнін­де атқарып жатқан жұмыстары қонақ­тардың жоғары бағасына ие болды.
Аман ЖАНҒОЖИН.
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1120
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px