Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Өзіміз шашамыз, өзіміз жинаймыз
Экоахуалы – дімкәс, дертті аймақтардың үштігінің қақ ортасында Қарағандының тұруы бұл күнде ешкімді таң қалдыра алмайды. Тазалыққа деген аса «ыждаһаттылығымыз» сондай  халге жеткізген. Кен қарпып, күкірт шашқан немесе мыс жұтып, газ түкірген зауыт-фабрикалардағы өндірістік қалдықтар туралы емес айтпағымыз. Ол жөнінде әңгіме – бөлек. Айтпағымыз – күнделікті сіз бен біз етін жеп, сүйегін тастайтын, сусынын ішіп сыртқа шишасын шығаратын, тауар алып, пакетін балконнан қоқысымен қоса ұшыратын тұрмыстық қалдық хақында.   Өйткені, тұрмыстық қалдықтың қаупі  қазір Қарағанды үшін өндірістік қалдықтың қаупінен кем түспей тұр.
Қызғалдақ Айтжанова,
«Орталық Қазақстан»


Жалпы өндірістік қалдықтан қарыс қадам қалыс қалмай «қарышты дамып» жатқан тұрмыстық қалдықтар жөнінде жақ ауыртып, сөз қозғауымыз да –  бірінші емес. Бұдан бірер жыл бұрын жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, көтерген көкейтесті мәселе. Әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Оның біз анықтаған үш себебі бар. Әуелгі  себеп – тұрғындардың мәдениеттен мақұрымдығы. Мақұрым болғанда, көшеде шемішке шағып, я шылым тұқылын, қағаз-қапшығын қалай болса, солай тастай салуы емес.  Бұл орыстың мәтелі айтпақшы, «гүлі» ғана. «Мақұрымдық» деп көпқабатты үйлердің терезесінен, балконынан пакет-пакет қалдықтардың  құшақ-құшақ болып «ұшуын» айтамыз. Одан қалды подъездің ішіне, үйдің бұрышына ірітіп-шірітіп тастап кетуі. Бұл енді – әлгі «гүлдің» «жемісі».
Беттің арын белбеуге түйген қоғамда жұрттан мәдениет іздеуіміз – май шаммен жоқ  іздеген секілді сезілер. Бірақ қалдық түгілі көшесін шаңсорғышпен тазалап, шампуньмен жуатын Еуропа жұртшылығынан неміз кем? Олар да  – біз секілді жұмыр басты. Екі қолы, екі аяғы бар дегендей...  Екінші- КСК дейтін «жарты патшаның» жарытып жұмыс атқармайтындығы. Ай сайын ақша жинап алудан әріге бармайтын бұл ПИК-тің пайдасынан зияны көп. Саусағын саусағына тигізбейтін КСК-лардың мәселесі қайта қарастыруды қажет етеді.  Үшінші – қалдық өңдейтін зауыттың жоқтығы. Қайта өңдеуден өтпеген соң қоқыс төгетін айлақтар апат аймағына айналып барады... Осы үш «жоқ» Қарағандыны қоқысқа «құндақтап» тұр.
Бұл күні Қарағанды облысында  7 миллион тонна тұрмыстық қалдық бар екен. Жыл сайын Қарағандының өз басында 48-51 мың тонна қалдық шығатын көрінеді. Бұл қалдықтар облыс бойынша 213 полигонда «дамылдап» жатыр. Ал оның ресми рәсімделгені 21 ғана. Қарағанды қаласының маңында 3 ірі полигон бар. Онда бүгінде 2,5 миллион тонна тұрмыстық қалдық «тұнып тұр». Ол жыл сайын өсіп, аумағын кеңейтіп келеді. Бірақ қарекет – жоқ. Өйткені, Қарағандыда қалдық өңдейтін зауыт жоқ.
Обалы нешік, Қарағанды қаласында қалдық өңдейтін зауыт туралы мәселе бірнеше рет қозғалды. Сондай зауыт салынады деп алғаш алақайлағанымыз 2006 жыл болатын. Одан кейін ол жабулы қазан жабуымен қалды. Бұдан соң 2010 жылы тағы бір зауыттың жобасы жасалды. Бұл  да алдыңғының күйін кешті. «Шар» етті де, дүниенің есігін тарс жауып, кете барды. Барлығында қаржының жоқтығы – себеп-мыс. Әдетте «Өндірісі өркендеп келеді» деп аузымызды керетін біздің қалдық өңдейтін зауыт салуға келгенде неге қаржымыз жетпей қалады екен? Ол жағы әзірге беймәлім.
Бұл күні дәтке қуат – бұдан көп уақыт бұрын жасалған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің «Осы бағытта келесі жылы еліміздің сегіз қаласында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін енгізу үшін техникалық негіздеме жасалмақ. Бұған бюджеттен қолдау жасалды» деген мәлімдемесі. Соның негізінде 2020 жылға дейін 41 қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін енгізу көзделген.  Соның арасында Қарағанды да бар болар деген дәмеміз де жоқ емес.
Қалдықтар мен әр түрлі аурулар эпидемиясының тікелей байланысты екені де ешкімге құпия емес. Сондықтан да АҚШ-та тұрмыстық қатты қалдықтардың 41%-ы айрықша қауіпті» болып топтастырылады екен. Венгрияда 33,5%-ы, Францияда — 6%-ы, Ресейде — 10%-ы, Ұлыбританияда - 3%-ы, Италия меи Жапонияда - 0,3%-ы қауіпті деп танылса керек.  Бізде ше? Бізге ненің зиянды, ненің пайдалы екенін сараптау бұйырмай тұр.
Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек,  жылына ірі қалаларда бір адамға шаққанда жалпы 300 кг тұрмыстық қалдық сай келіп, оның ішінде азық-түлік қалдықтарының жылдық мөлшері 80-90 кг-ды құрайды екен. Ал, 1 тонна азық-түлік қалдықтарының құнарлығы орта есеппен 250 кг дәнді жем-шөптікіне парапар деседі.
Бізде болса, жағдай белгілі. Еліміз бойынша мұндай қалдықтардың тек 5 пайызы ғана өңдеу көреді. Қалғаны түрлі аурудың ошағына айналады.  Одан қалса әжетке асатын жерді жарамсыз етуге «қызмет» қылады.
Қазір қар кеткендегі Қарағандының көрінісі тіпті, көрер көзге қораш. Сұрықсыз. Салақтығы, олақтығы - облыс орталығының өзге қала-аудандарға үлгі бола алмайтындығын айтып тұр. Қалтарыс-бұлтарыстардағы үйлерді ысырып қойғанда, әйдік көшелер бойындағы үйлердің маңайы тұрмыстық қалдықтарға оранып алған. Қыстай жеген соғымның сүйек-саяғы, ішкен сусын-шараптың шишалары қарағандылықтардың тағамдану рационынан хабар береді.
Негізі Қарағанды тазалыққа қарсы бір қадам алға, екі қадам артқа басып келеді. Әлбетте, үш айлық тазалық айлығы жарияланды. Сөз жоқ, жөн-ақ. Бірақ сол тазалық айлығында біршама атқарылған жұмыс қайтадан айлық біткен соң баяғы қаз-қалпына түседі. Оны айтасыз, күрек пен сыпыртқы тимеген аулалар, қаланың  бөліктері аз емес. Сыпырып, жинап отырып, екінші бір жиналмаған бұрышқа апарып, төге салатын да өзіміз.
Рас, өткен сенбілікте біраз тонна күл-қоқыс шығарылды. Бірақ ол қоқыс қаланың ық жағы емес, жел жағына барып төгілеріне және дау жоқ. Жел айдап, кері ұшып келмесе де, одан шыққан микроб, вирустар қалаға ауа арқылы тараларына тағы күмән жоқ. Қаланы ұрандатып, өтірік-шынды тазалаған дұрыс-ақ. Бірақ тұрғындардың мәдениетін көтермей, жиғанымызды қайта шашсақ, сенбіліктен не пайда?  Тұрғын үй аулаларындағы тазалыққа тұтқа болар, КСК-лардан қайыр болмаса ше?  Жиған-терген қоқыстар қала сыртына төгіліп, ол шаһарға вирус боп, жол тауып жатса ше? Ішімізді тазалап, сыртымызды былғаймыз. Тұрғын үйлер де осыны ұстанып алған. Үйінің ішін тазалайды. Қоқысын үйінің сыртына төгеді. Қарағандының тап өзі сияқты қарағандылықтар. Ішін тазалап, сыртына төгетін....

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 723
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px