Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 13.11.2018

Мұнайлы елдің мұңы неде?
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Шикізаты шекесін шылқытпағандықтан шығар, бұқараны жер асты байлығынан гөрі, қазір қолындағы тиын-тебені ойландырады. Әсіресе, мұнай пұл болмай, теңгеде құн болмай бара жатқан кезеңде. Мұнай  құлаған сайын «қан қысымы» біресе көтеріліп, біресе түскен доллар жұрттың жүйкесіне салмақ салып тұр. «Долларда неміз бар, өзіміздің теңге бар емес пе?» десек те, дүниенің тетігі - көк қағазда екеніне күн сайын көзіміз жетіп-ақ келеді. Доллардан бас тарту туралы ұсыныс айтылғанымен, оның қас пен көздің арасында іске аса қоймайтыны аян. Содан  еріксіз күнде доллардың «еркелігін» қадағалайтын әдет таптық. Сөйте тұра, қалтамызда жыртық бір долларымыз жоқ.  «Бұл елдің бұқарасында доллар жоқ, нем бар бұларда» дейтін емес көк қағаз. Сәт сайын құбылады. Ал, бұл қашанға дейін жалғаспақ?..

Мұны – саясаттың жілігін шаққан саясаткерлер де, сарапшылар да, жауырын ұстаған сәуегей де тап басып айта алмай дал. Өйткені, экономика болжамды көтермейді. Оған нақты әрекет пен нәтиже ғана  керек. Сарапшылар  шикізатқа тәуелді елдің мұндай аумалы-төкпелі жағдайда дамуына  күмәнмен қарауында гәп жатыр.  Олар біліп айтады. Десек те,  экономикамыздың бірден-бір тірегі, ұлттық қордың көзін толтырған мұнай арзандап кетсе ше? Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 12,  мұнай өндіру бойынша 17-орында тұр екен. Газ қоры жағынан әлемде 20, оны өндіруден 29-орында («Қазақпарат»). Бірақ, бүгінгі мұнайлы елді торлаған әлемдік  мұң – осы қара алтынның қадірін қалай да арттыру. Мұнай сатушылар алушыдан көбейіп кеткен нарықта алпауыт елдердің өзі тығырыққа тірелді. Жауырды жаба тоқып неғылайық, біздің елде бар соның арасында.
Деректер мұнай бағасы 30 АҚШ долларының төңірегінде болуы көмірсутегін өндіретін көптеген елдерге тиімсіз екендігін айтады. Оны өзіміз де көріп жүрміз. «АҚШ-тың СNN арнасы келтірген дерек бойынша: Бразилияда бір баррель қара майды жердің бетіне шығару құны $48,8 екен. Ал, Канадада бір баррель мұнайды өндіруге 41 доллар жұмсалады. АҚШ, Норвегия, Колумбия сынды елдерде бұл сома 35 пен 36,5 АҚШ долларының төңірегінде. Иран мен Біріккен Араб Әмірлігінде мұнайдың бір баррелін өндіру құны 12,3-12,6 доллар. Ал, Иракта – $10,7, Сауд Арабиясында $ 9.9. Қазақстанда   бір баррель мұнай өндіруге $27,8 жұмсалады екен» («Нұр».кз). Ал, кеше Brent маркалы мұнай құны  $34  шамасында саудаланып  тұр. Сонда үстінен түскен пайда небары 6 жарым доллардай.
Естеріңізде болса, қаңтарда мұнай баррелі $28 түсіп кеткені мәлім. Сонда бір доллар 388 теңгеге жетіп барған-ды.  Бірақ бұған бып деген біздің үкімет жоқ. Үкімет  мұнай баррелі 30, 25, 20-долларды қойып, 16 долларға түсіп кеткен жағдайға  да түрлі сценарийді байқап, бағдарлап отырғанын мәлімдеген-тін. Демек,  теңгеге белін бекем буу әлі алда. Себебі, АҚШ  жаңа жыл туғалы  өз мұнайын экспортқа шығарды. Ол болса, онсыз да нарығында саудагері көп мұнай базарының парқы болмайтынын сездіреді.
Айта кетейік, Барак Обама АҚШ-тың мұнай экспортына сонау 1975 жылы салынған тыйымның күшін жоятын құжатқа қол қойған еді. Техас штатының өкілі, сенатор Джо Бартонның айтуынша, АҚШ-та «әлемдегі ең озық технологиялар мен ең жақсы мұнай бар» және ол осы арқылы Ресей, Сауд Арабиясы мен Иранды мұнай нарығынан ығыстырып жібереді. Қазір АҚШ қорында 486 миллион баррель мұнай бар (24 кз). Сөйтіп, 40 жылдан кейін алпауыт ел мұнай құбырының шүмегін экспортқа қарай ашып жіберді. Онсыз да әбігерде жүрген мұнай базары енді бұдан соң не боларын тап басып айту қиын.
Ал, Қазақстандағы ахуал нешік?  Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы мұнай қоры 11-12 миллиард тонна. Көптеген ғалымдар Қазақ жерінің қойнауындағы қара алтын қоры туралы сөз болғанда 76 миллиард тонна дегенді айтады. Ал, табиғи газ қорының көлемі 6 трлн м³ (Нұр.кз). Қазақ мұнайының сапасы туралы деректер де біздің қара алтынның дес бере қоймайтынын жеткізіп әлек.  «..Американдық мұнай институтының (IPC) мамандары осындай қорытындыға келген. Теңіз бен Қарашығанақ кеніштерінен алынатын майды зерттеген IPC сарапшылары оның Brent пен Urals-тың да сапасынан жоғары екенін айтады.
Осы екі кеніштен алынатын май қоспасына қатысты әлемдік мұнай жайлы әдебиеттерде СРС-blend деген термин пайда болды. Бұл дегеніңіз – біздің мұнайдың бағасы өзгелерден жоғары болуы тиіс деген сөз. Бағаны тұрақтандыру үшін мұнай экспорттаушы елдер – ОПЕК Қазақстанға көмірсутегін өндіруді қысқарту туралы қолқа салыпты. Бірақ, былтырғы бас­қосуда сол ұйымның өзі он­дайдан бас тартқан болатын. Онсыз да соңғы үш жылда бізде мұнай өндіру мөлшері қысқарып келеді. 2013 жылы елде 81,8 млн. тонна мұнай өндірілген болса, 2014 жылы 81 млн. тонна өндірілген  (Нұр.кз). Дегенмен, сатушысы қалың мұнайды мол өндіріп, қазір саудалағаннан ұтар жоқ. Мұнайға шомылсақ та, ол экономикаға серпін бермек емес. Сарапшылардың пікірлеріне сүйенсек, мұнда шикізат тәуел­ділігінен арылмай, ұту мүмкін емес. Яғни, таза мұнайды экспортқа шығару емес. Одан өнім өндіріп шығару тиімдірек.
Жалпы, мұнай төңірегінде әркім әр түрлі болжам ұсынады. Сарапшылар доллар  құны 400 теңгеге баруы мүмкін дегенді де аракідік  күбірлеп жүр. Алайда, ақиқаты қайсы, аңызы қайсы, беймәлім. Әйтсе де, доллар төрелік етіп тұрғанда, еңсе тіктеу оңай емес екенін ішіміз сезеді. Сондықтан болар, Шанхай ұйымына мүше алты мемлекет доллардан бас тарту туралы ұсыныс жасады. Олар – Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан. Олар Жібек жолын жаңғыртуды көздеген-тін. Бұл мемлекеттер өздерінің халқын экономикалық тұрғыда  толық қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктері барын және мәлімдеген еді. Соның бір көрінісі ретінде Астана мен Пекин өзара есепайырысуларын ұлттық валюталарымен жасайтын болған.  Екі елдің бас банкирлері 200 миллиард теңге болатын алғашқы келісім-шартқа да қол қойып тастаған-тын. Өзгелерді осыдан үлгі алуға және шақырған. Мұның дағдарып тұрған экономикаға қаншалықты оңалту боларына уақыт – төреші. Әзірге, мұнайлы елдің мұңы – қалың.
Айтқандай,  36 доллардан да арзандау бағам соңғы рет 2004 жылы болған. Brent маркасының бағасының шарық­тау шегі 2008 жылы тіркеліп,  мұнай бағасы 145,61 долларға сатылды.  1970 жылы мұнай құны – ең арзан бағаға, яғни, баррелі 2,23 долларға тең бол­ған(«Түркістан»).
(Сурет ғаламтордан алынды).

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 581
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1260
count 88x31px