Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 27.04.2018

Небары 504 күннен кейін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі әлем халқына есігін айқара ашатын болады. Бүгінгі таңда әлемнің 69 мемлекеті мен 13 халықаралық ұйымы «ЭКСПО» көрмесіне қатысатындығын ресми растап отыр. Ал, бұл тізімнің мұнымен тоқтап қалмайтындығы аян. Деректерге жүгінсек, 110 елден 3 млн-ға жуық шетелдік мейман күтілуде. Сондықтан да, халықаралық көрмеге туристерді тарту ісін ұйымдастыру мақсатында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Қарағандыда көшпелі мәжіліс өткізді.

Мәжіліске ұлттық компаниямен қатар, Астана және Қарағанды туризм саласының өкілдері қатысты. Өзек болған тақырып – атап өткеніміздей, туризм. Еске сала кетейік, көрмеге арнайы ат терлетіп келетін меймандарды күтіп алуда таңдалған үш қаланың бірі – Қарағанды. Сол себепті, мәжіліске келген компания басшылығы кеншілер мекенінің қонақжайлық келбетіне баса назар аударып отыр. Мейманханасы халықаралық талаптарға жауап беріп, инфрақұрылымы да сын тақпайтындай сиықты болуы тиіс. Қонақүйлердің өзі лайық болған жағдайда, оның қызмет көрсететін қызметкерлері үш тілді білуі керек. Мұндай қатаң талапқа толығымен жауап беретін аймақта әзірге жалғыз қонақүй көрінеді.

Роза АСАНБАЕВА, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төр-ағасының кеңесшісі:

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысатын мемлекеттер 5 ай бұрын елімізге келіп, өз павилиондарын құрады. Сондықтан, туроператорларға әріптестік орнатудың бұл зор мүмкіндігі. Туристер Астанаға келгенде, сіздерде өз агенттіктеріңіздің ерекшелігін көрсетіп, мүмкіндікті ұтымды пайдаланыңыздар. Қарағанды мен Астана жақын орналасқандықтан шетелдіктер алдымен осы өңірді көруге ұмтылатыны сөзсіз.

Халықаралық тәжірибе бойынша «ЭКСПО» көрмесі секілді ауқымды іс-шараларды өткізу туризм саласын ғана емес, сонымен бірге, экономиканың басқа да салаларын дамытуға қозғау салады екен. Статистикаға сәйкес, 1 турист өзі келген ел аумағында 1,5 мың долларға жуық қаржы жұмсап, шамамен 6-12 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. Сөйтіп, көрмені өткізуден алынатын нәтиже орасан зор.

Содан да туристік агенттіктерге де қойылатын талап жоғары. Олар, ең әуелі, туристік маршруттарын анықтап, әр мемлекетке ұсынулары қажет. Сонымен қатар, туристерді алып жүретін гидтердің білімділігі мен біліктілігі сайма-сай болуы абзал-ды.

Қазір тарихи-мәдени орындарға қатысты туристерді тамсандыратындай сызба әзірленуде. Осыған байланысты компания облыстағы 3 туристік фирмамен келісімге келді. Бұлардың арасында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркі де бар.

Даниал СЕРЖАН, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК департаментінің бас менеджері:

Туристік бағдарламаларға бірінші кезекте Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралы, Бурабай сынды Ұлттық парктер енеді. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолы бойымен жылжи отырып Алматы облысындағы туристік орындарға, Үстірт жəне Байқоңыр сынды танымал жерлерге турлар ұйымдастырылатын болады.

Сондай-ақ, оның айтуынша, 7 тілді гид маман және керек. Алайда, аз мерзімде мұндай маман дайындау мүмкін емес болғандықтан, аудиожазбалар әзірленбек. Ал, халықаралық көрмеден аймақтағы туристік фирмаларға қандай күлше тиерін уақыт көрсетеді. Мүмкіндік бар, тек мүлт жібермеу – өз қолымызда.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 481
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1227
count 88x31px