Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 13.11.2018

Білім ордасының басшысы Арыстан Ғазалиев бұл кездесудің мәні-мағынасы зор, ерекше, елеулі оқиға деп бағалайды. Өйткені, «серпіндіктер» өздерінің тікелей инженерлік мамандықтарын меңгерумен қатар, сондай-ақ, нарықта сұранысқа ие жұмысшы мамандыққа машықтануды бастады. Жаңа заманауи станок, құрал-жабдықтарда тәжірибе жинақтауда. Бұл міндет – оқу орнының «Жұмысшы мамандықтар орталығында» қызу іске асып жатыр. Бұған кездесуге келген Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабидолла Сарекенов куә болды. Ардагерлер кезінде осы орталықта білімдерін шыңдаған екен. Кездесудің діттегені – жастардың аға ұрпақ өкілдерінің өсиет-өнегесін тыңдау, олардың еңбек жолын үлгі ету. Сол арқылы «серпіндіктерге» серпін беру.

Арыстан ҒАЗАЛИЕВ, ҚарМТУ ректоры:

– Бұл жүздесуді ұйымдастырудағы мақсат – «Серпін» жобасы бойынша білім алушы оңтүстік өңірден келген жастарға аға толқынды таныстырып, ардагерлердің ақ жол тілеген батасын алу. Биыл біздің оқу орны «Серпін – 2050» бағдарламасымен студенттерді қабылдады. Бұл – Елбасының моделі. Еліміздің оңтүстік өңірлері, Шымкент, Жамбыл облыстары секілді аймақтарда тұратын қазақтың балаларына осында техникалық негізде дәріс беріп, кейін солтүстік өңірлерге жұмысқа орналастыратын боламыз. Бүгін бірінші күн 18 жұмысшы мамандық бойынша білім беру басталды.

Бұдан соң мәртебелі меймандар «Шнайдер Электрик» инновациялық зертхананы, дәнекерлеу институтын және тағы да бірқатар тәжірибе, зертханаларды аралап көрді. Студент жастармен пікір алмасты. Өздерінің де бір кездері дәл осы балалардай білім алып, еңбекте шыңдалғандарын еске алды. Ақжарма тілектерін айтып, аталық баталарын берді. Оқу орнының білім мен тәжірибені бірге ұштастырғанына ризашылық білдірді.

Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР тұңғыш Сыртқы істер министрі, Президенттің үзеңгілес серігі:

– Бүгін «Серпін – 2050» жобасына келген жастарға қарап, өзіміздің сонау бір күндеріміз есімізге түсіп отыр. Біз де дәл осындай шағымыз да инженер мамандығын алуға келген едік. Талабымызды ұштап, мамандықты игеруге бар күшімізді салған едік. Бүгін заман да, уақыт та өзгерді. Білім алушы балаларға барлық мүмкіндіктер жасалған. Өздері де оқу ұнайтынын айтады. Талаптары таудай.

Қабидолла САРЕКЕНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Оқу орны ұжымының көп еңбектенгені көрініп тұр. Барлығы да бүгінгі күннің талабына сай. Университетте оқып жүріп-ақ жұмысшы мамандығын алады. Инженер болғанның өзінде нарықтың талабына орай жұмысшы мамандығын да игеруі тиіс. «Серпін» жобасы арқылы оқу орны сол үдеден шығарына дау жоқ.

«Серпіндіктер» де сергек. Елі­міз­дің қазақы қалпы бұзылмаған аймағынан келген жастар таза ана тілінде дәріс алуда. Сонымен қатар, оларға үш тілділік бойынша қосымша сабақтар да өткізіледі екен. Жатақхана талапқа толық жауап береді. Білім алып, мықты маман болуға мүмкіндіктің бәрі бар. Тек, зейінді бол да, білім ал. «Серпіндіктер» осылай дейді.

Ерлан КӨПЕЙСІНОВ, ҚарМТУ I курс студенті, «Серпін» студенттерінің сардары:

– Бұл бағдарлама біз үшін Елбасы өмір жолын қайталау деп білеміз. Елбасымыз Оңтүстіктен Орталықта бастады еңбек жолын. «Серпіндіктер» де сондай. Өзіңіз білесіз, Оңтүстікте техникалық мамандықтар кемшін. Ал, Орталық, Солтүстік аймақтарда бұл мамандықтарға сұраныс көп. Сонымен қатар, мұның демографиялық сипаты да бар. Оңтүстік жастарын Орталық, Солтүстік өңірлерге тартып, сол аймақтарда қазақ жастарының шоғырлануына ықпал ету. Сондықтан, бұл жобаның маңызы зор деп білемін.

Түс ауа студенттер қауымы жоғарыда есімдері аталған ардагерлермен бірге құрметті металлургтер Қ.Омашев, Е.Тілеубаев, В.Никоновпен әңгімелесті. Әңгіме барысында мәңгілік ел жастары мәнді сауалдар жолдап, мазмұнды жауаптар алды.

«Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіреді. Стратегияға сәйкес, дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті болмақ. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба – «Серпін – 2050» деп аталады. Жоба бойынша оқуға құмартқан жастардың саны артып келеді. Мәселен, былтырғы жылы олардың саны 5 мың болса, биыл 8 мыңға жетіп жығылған.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1009
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1260
count 88x31px