Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018


Өңір өнеркәсібінің өзегі талмайды
Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»


Сәрсенбі күні облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткізілген кезекті телекөпір көпшілікке жол тартты. Тікелей эфирдің басты тақырыбы – Елбасы бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аймақта орындалуы. Облыс әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов аталмыш тақырып бойынша егжей-тегжейлі әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.  
– Біздің облыс өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары сынды мұнайлы аймақтардан кейінгі төртінші орында. Ал, индустриалды-инновациялық даму деңгейі бойынша Астанадан кейінгі екінші орынға тұрақтадық,– деді сөз басында Ә.Ахметжанов.
Өңірдің өнеркәсіп саласы күн санап өсіп келеді. Өткен жылы өндіріс өнімдерін өндіру 2,1 пайызға артып, 1,4 трлн. теңгені құраған болатын. Ал, соңғы бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 35 пайызға артып отыр. 2010-2014 жылдар аралығындадағы өнім өндіру көлемі жүйеқұрушы кәсіпорындары өнімін қоспағанда 300 млрд. теңгеден 700 млрд. теңгеге артқан.
Облыс әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, осы жылғы меже – өндіріс көлемін 1,5 трл. теңге көлемінде арттыру.
Облыстың жалпы экспортында өңделген өнім тауарлары 85 пайызды көрсетіп, 3,8 млрд. АҚШ долларын құрайды.  
Индустрияландыру картасына төрт жыл ішінде облыс бойынша жалпы құны 500 млрд. теңге  болатын 80 жоба енгізілген болатын. Сол арқылы 12 мың адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, қолданысқа берілгені – 53 жоба. 100 млрд. тенгені құрайтын бұл жобалардың іске қосылуы нәтижесінде 4 мың жұмыс орны пайда болды.
– 36 жоба толық қуаттылығына шықса, жетеуі 90 пайызға, бесеуі жартылай қуаттылықта өнім өндіріп жатыр. Бастапқы бетінде қалған үш жоба бар,– деді Әнуар Мұратұлы.  
Бұлар – «ҚазАвиаСпектр» ЖОО авиазауыты, Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты және гофрленген металл конструкцияларын шығаратын кәсіпорын.
Мамандардың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ ел экономикасын дамытуға жаңа леп әкелмек. Қолда бар мәліметтер бүгіннің өзінде Кедендік одақ аясындағы тауар айналымның бірнеше есе артқанын көрсетеді. Кедендік одақ елдеріне өнім экспорттауда Қарағанды облысы Павлодар облысынан кейінгі екінші орында. Шет ел асатын өнім көлемі 1 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл – еліміз бойынша жалпы экспорт көлемінің 17 пайызы.
Инвестиция да өз игілігін беріп жатыр бүгінде. Бес жыл ішінде аймақ экономикасына 1,5 трлн. теңге көлемінде инвестиция салыныпты. Бұл инестициялық белсенділіктің 1,5 есе артқанын көрсетеді.
– «Сарыарқа» арнайы экономи­калық аймақта орналасқан «Бемер Арматура» ЖШС-нің тығындық арматура мен шар тектес кран дайындау зауыты жұмысын бастайды. Одан кейін тағы екі жоба жүзеге асырылатын болады.   
Облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы құны 71,2 млрд. теңгеден астам 358 жобаға қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде 38 мың жұмыс орны сақталып, 9 мың жаңа жұмыс орны ашылған-ды. Облыс әкімі орынбасарының аталмыш бағдарлама аясындағы мемлекеттік қолдау 6 млрд. теңге болса, бюджетке 11 млрд. теңгеден астам салық түскен.
Кәсіпкерлікті қолдауда моно­қалаларды дамыту бағдарламасы да өзекті. Қазіргі таңда аталмыш бағдарлама бойынша құны 3,7 млрд. теңге болатын 95 жоба қолдау тауып отыр, – деді ол.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 464
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px