Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018

Өнеркәсіп: ұқсатудан ұтылыс жоқ
Еліміздің тағам өндірісінің ішкі нарығында Қарағандының маргарин зауытының үлесі қомақты. Бүгінде «Евразиан фудс» компаниясы атанған кәсіпорын жоғары сапалы және қауіпсіз  азық-түлікпен  қамтамасыз етуде өзінің жұмысын үр жаңа технологиялармен жалғастыруды мақсат етіп отыр. Осыған орай,  Индустрияландыру картасына кәсіпорын тарапынан тың жобалар енгізілген-ді. Сол жобаға біршама инвес­тиция салынды.  Ол жоба –  абсорбциялық ағарту және өлшеу-бөлшектеудің жаңа өндірістік желісі.

Желінің қуаттылығы сағатына 5 тоннаға дейін өнім өндіре алады, ал өнімнің өзіндік құнындағы қазақстандық үлес салмағы 50 пайыздан артық.  Мұндағы өндірістік үдерістер толық автоматтандырылған.  
Өндірістің бұлайша қайта құрылуы майды абсорбциялық ағартуға, өлшеу-бөлшектеу желісін құруға, өнім көлемін, сапасын, еңбек өнімділігін  арттыруға мол мүмкіндік береді.
Әлем елдерінің тағам индустрия­сындағы үздік технологиялық құрал-жабдықтары алынды. Өнімнің алуан түрін дамытуға қадам жасалды. Алдыңғы қатарлы май өндірісі саласындағы фирма-өнім өндірушілер  қолданатын қазіргі заманғы құрал-жабдықтарға қол жеткізуінің  нәтижесінде бұл кәсіпорында май өнімін бұзылып кетуден сақтайтын өлшеу-бөлшектеудің  замануи тенденциясы қолданылады. Маргарин цехын жаңарту мақсатында Coppararapid түріндегі  Benhil автоматты машинасының өнімділігі сағатына 3-тен 6-тоннаға дейін сұйық маргаринді құрайды. Өлшеу-бөлшектеуді түрлі көлемде және формада  жасауға мүмкіндік бар.
«Евразиан Фудс» акционерлік қоғамы – Қазақстанның май өндіру саласындағы жетекші кәсіпорын. Еліміздің 20 қаласында филиалдары жұмыс жасайды. Мұнда шикізаттан бас­тап, дайын өнімге дейін қалдықсыз  өндірудің құрылымын жүзеге асырады. Өндірістің жаңа зертханалық құралдарында барлық шикізат құрамын сатылап, жіті тексереді. Арнаулы цехтарын айтпағанда, еліміздің аймақтарына, алыс-жақын шетелге дайын өнім жіберетін 19 вагон-термосы және теміржол цистерналары бар. Шетел демекші, бұл ұқсату кәсіпорны Өзбекстан, Қырғызстанға өнімдерін экспорттайды. 40 жылан астам тарихы бар кәсіпорынның тамақ өнеркәсібінен алар орны ерекше екенін уақыттың өзі дәлелдеп келеді.
Соны өнімдер мен олардың құрылымы Германия, Дания, Бельгия сынды елдің мамандары, кеңесшілері арқылы жүзеге асырылады. Зерттеудің заманға сай әдістерін қолдану ең бір кірпияз тұтынушылардың тілегін дер кезінде ескеруге мүмкіндік береді. Сапаны арттырып, шикізат  және дайын өнім қауіпсізідігіне талапты күшейтуге ықпал етеді деседі. Өнімдердің барлығы да сапа сертификатына сайма-сай.
Кәсіпорын «Қазақстанның үздік азық-түлік тауарлары» дипломын 2005 жылы иеленді. «Қазақстанның азық-түлік нарығы 2007» ІХ қазақстандық халықаралық көрмеде алтын медаль табысталды. Одан кейінде Өзбекстанда өткен халықаралық көрмеде «Сапа шебері» алтын медалін иеленді. Ал 2009 жылы «Жыл таңдауы 2009» фестиваль-байқауда «Қазақстандағы №1 сары май» және «Қазақстандағы №1 маргарин» номинациясында сертификат және медальді қанжығасына байлады.  Бұл зауыт небары 1999-2002 жылдар аралығында 18 медаль алған, оның ішінде, 15-і алтын. Ендігі жерде соны жобалары арқылы жаңарған кәсіпорынның өнімі артып, қуаттылығы да күшейді.  Кәсіпорынға  жүктелген міндет зор.


«Алтын-күміс –тас екен...»
Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің 80-90 пайызы жерімізде тұнғанымен, оны  өзіміздің өңдеуімізге келгенде, қолымыз қысқалығы ешкімге құпия емес-тін. Көбіне-көп сырт ел асып кететін қазына байлықтарымыздан бізге бұйыратыны сілекейі ғана еді. Енді олай емес. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы арқылы талай кеннің көзі ашылды. Кәдеге асып келеді. Өндірісі бар жұрттың өзегі талмайтынын нарық әлдеқашан қауашағымызға құйып-ақ берген. Байырғы өндіріс-өнеркәсіппен бәсекеде бәс тіге алмайтынымыз айдай анық көрінгені сонда. Сондықтан, көне өндірістер түрленіп, жаңа өндірістер заманауи құрал-жабдықпен, озық технологиямен қарулануы қажеттігін уақыттың өзі көрсетті.
Дамыған елдің көшіне ілескіміз келсе, күшті талап – осы. Қазіргі таңда мемлекеттен қолдау тауып, тұсауы кесіліп отырған жобаларға артқан сенім осындай-ды. Сондай үдеден шығуға ұмтылған жобалардың бірі – биыл жылдың соңында тұсауы кесіледі деген жоспар бар. Ол – Ақтоғай ауданындағы «Алтыналмас» АҚ-ның  «Өнімділігі жылына 2 млн. тонна кен болатын алтын өндіретін фабрика ретінде «Пустынное» тау-кен кәсіпорнын жаңғырту және кеңейту». Жобаның құны – 21 млрд. 512 млн. теңге. Жоба – заманауи тау-кен кәсіпорнын  құруды көздейді. Яғни, алтыны бар кенді алудан бастап, Доре құймаларын балқытуға дейінгі қайта өңдеудің толық циклын қарастырады. Алтын өндіруші фабрикада алтын өңдеудің жаңа технологиясы қолданылады. Бұл – алтыны аз кеннің ауқымды көлемін өнеркәсіптік айналымға тартып, еліміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдалануды арттыра түспек. Жоба іске қосылғанда, ауылдық жерде 524 адам нәпақасын айыра алады.
Қолда бар деректерге сүйенсек, «Пустынное» кен орнында қазба­лардың бар екендігі 1960-шы жыл­дардың өзінде белгілі болған көрінеді. Бірақ, онда нәтижелі жұмыстар жүргізілмеген.  Ал, 1998 жылы алтын шаймалау әдісімен алына бастаған. Бірақ, бұл әдіс тиімсіздігін көрсеткен.  Компания басшылығының деректерінше,  «Алтыналмас» CIP технологиясын қолдана отырып, аталған әдіс арқылы  мейлінше мол алтын алуға мүмкіндік береді.
«Алтыналмас» – қазақстандық рудалық компания.  Оның Жамбыл облысында «Ақбақай кластері» бар. Алдын ала деректерге қарағанда, «Ақбақайлық кластердің» шикізаттық базасы – 100 тонна алтын. Бұл кластерге Ақбақай, Светинское, Бескемпір, Карьерное жатқызылған.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 567
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px