Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018

Әділдік қайда, ағайын?!

Арман ӘЛМЕНБЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Редакциямызға шағым айтып, жалғыз басты ана келді. Құрылыста істеп жүріп мертіккен ұлының жайын айтты. Заң орындарынан қайыр болмаған соң, не істерін білмей, амалы таусыла бастапты...
Осыдан үш жыл бұрын 21 жасар Ерлан есімді жігіт табыс таппақ ниетпен «СамВИТ Нур Строй» деген құрылыс компаниясына қара жұмысшы болып жалданады. Компанияның Балқаш қала­сындағы құрылысына барып, ешқандай келісімшарт жасаспастан, жұмысқа кі­рі­седі. Жалақы мөлшерін де нақтылап келіспейді. Нұрлан Сұлтанбаев деген азамат «ренжітпейміз» деп қысқа қайы­рады. Ерлан алғашында қатардағы қара жұмысшы, одан соң темір кесуші, ақыр аяғында прораб болады. Оның себебі, ертерек келген жұмысшылар алған ақ­шаларына риза болмай, жұмыстан шы­ғып кетеді, ал, прораб болса, дема­лыс алып, ауылына кеткен екен.
Жоғары білімі болмағандықтан, басқа қолынан келер жұмысы да жоқ болған соң, «аз да болса ақша тауып, анама кө­мектесейін» деген ниетпен Ерлан істің ақырын күтіп жүре береді. Ақыры, бір күні... 2012 жылдың 3 қыркүйегінде техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы кесірінен, үстіне құбыр құлап, ауыр жарақат алады. Жамбас тұсы езіліп, қуығына да зақым келеді. Содан бері төсекте жатыр. «Енді, ешқашан балаң болмайды» депті дәрігерлер. Өз бетінше дәрет шығара алмайды.
Енді сол бір қасіретті күнге қайтып келейік. Ерланның түсініктемесіне сенсек, тұрбаның астына түскен ол қансырап, «Жедел жәрдем» келгенше біраз жатып қалады. Ал, «Жедел жәрдем» келіп, әкетіп бара жатқанда Нұрлан Сұлтанбаевтың туысы Мехбет деген азамат: «Кім сұраса да, құрылыста кранға жүк ілушімін деп айт» деп көндіріпті. Кейін бес күн жан сақтау бөлімінде жатып, травмотология бөліміне ауысқанда Нұрланның өзі келіп: «Маған көмектес, мен де саған аяғыңнан тұрып кеткенше көмектесемін» дейді. Кө­мектес дегені, жауапты сәл басқаша айт дегені. Ерлан анасының жағдайын ойлап, бұған келіседі. Бірақ, кейін сот ба­ры­сында сонысы өзіне зиянын тигізген. wew.kz порталындағы осы жағдайға бай­­ланысты мақалада Нұрлан Пулатов есім­ді азамат былай депті: «Мен сотқа «СамВИТ Нур Строй» ЖШС атынан қа­тыстым. Бұл іс барысында тек куәгерлер сөзіне ғана сүйенген, сондықтан, болған оқиғаның нақты көрінісін анықтау мүмкін емес. Бұл жігіт арызда басқаша айтады да, кездескенде басқаша сөйлейді. Көр­сетіндісі әрқалай: тұрба құлағанда біресе кранның жанында тұрдым дейді, біресе тросты ілу үшін тұрбаның астына кірдім дейді. Менің мақсатым – жағдай шын мә­нінде қалай болғанын анықтау. Ол краннан алыс, қауіпсіз жерде тұруы керек еді. Бізде оның техникалық қауіпсіздік бойынша нұсқамадан өткені туралы құжат бар. Ол жігіт пен оның отбасы тарапынан маңызды болып тұрғаны қаржы мәселесі: өтем ретінде төленетін миллион теңгеге олар риза емес. Біздің компания оған толық мөлшерде жалақы төлеп отыр, бірақ, заң бойынша жарты айлығын төлеуі­мізге де болады, өйткені, ол жарақат ал­ғандықтан жұмыс істемейді. Біз оған дәрі-дәрмек әперіп отырмыз».
Сот алдына барғанда компания қыз­меткерлерінің қалай өзгергенін байқаған боларсыздар? О баста көмектес деп келген Нұрланның орнына басқа Нұрлан келіп, жәбірленушінің өзін өтірікші етіп көр­сеткен. Құжаттың бәрін қолдан жасаған.
Жарайды, енді Пулатов айтқан мил­лионға келейік. 2014 жылдың 19 науры­зындағы сот шешімі бойынша, болған жағдайға аталған компания 100% кінәлі болып танылып, бір миллион теңге көле­мінде айып салынған. Содан бері бір жыл өтті, бірақ, ол қаражатты Ерлан ала алмай отыр. Ал жақында сот орындаушыларынан: «05.11.2014 жылы борышкер есепшоты тұтқындалған, сондай-ақ, ешқандай мен­­шігі жоқ екені анықталған, орындау­шы құжатта көр­сетілген мекен-жайда борышкер мен оның басқармасы ме­кен­демейді, қазір қайда екендері белгі­сіз» деген маз­мұн­дағы хат келеді.
Біз аталған «СамВИТ Нур Строй» компаниясын ғаламтордан іздеп, нөмі­рін тауып, хабарласып көрдік. Қай Нұр­лан екені білгісіз, әйтеуір бір Нұрлан көтеріп, өзінің қазақша түсінбейтінін, ол компаниядан өз еркімен шығып кеткенін және қазір «СамВИТ Нур Строй» компаниясының бар-жоғын біл­мей­тінін айтты.
Анасына көмектесемін деп жүріп, мертіккен, енді сол анасы­ның қолына қарап қалған бала – көмекке зәру. Сот өндіріп берген ақшаға қолы жетпей отыр. Әрине, ол ақшаны алғанымен, денсаулығы қалпына келмейді. Бірақ, тым құрығанда, анасының қиындығын солай болса да жеңілдеткісі келеді...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 419
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px