Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018

«Сарыарқа»  сауға сұрайды
Ерсін МҰСАБЕКОВ,
«Орталық Қазақстан»

«Салиқалы саясат салтанат құрған қоғамда сауға сұрау қайдан болсын?!», – дерсіз, бәл­кім. Өкінішке орай, бар болып шықты. Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетінің халі – мүшкіл. «Сарыарқа» қабыр­­ға газеті емес. Кешегі облыс­тық «Жезқазған туы» газе­ті­нің заңды мұрагері. Қырық екі жылдық тарихы бар қара­шаңырақтың уығы сықырлап, ша­ңырағы ортасына түскелі тұр.
Айтамыз-ау... Әйтпесе, шаңырақ дейтіндей, бұл басылымның басында баспанасы да жоқ. Кезінде бір шаңырақ астында болған орыс тілді басылымның бағы үстем шығып, редакция ғимараты әу баста жекешеленіп үлгерген «Жезказганская газетаның» меншігіне өтіп кеткен. Содан бері «Сарыарқа» бағзыдағы көшпенді бабалардың күйін кешуде. Әуелі әкімдік ғимаратына... Одан кейін қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ор­наласқан ғимаратқа... Осыдан төрт-бес жыл бұрын қайтып келген. Баяғы «Жезказганская газетаның» иелі­гіндегі ескі жұртқа. Төркініне қай­тып келген қыздай болып... Төркіні төрге де оздырмады. Босағадағы бес бөлмеге жылына 2 миллион теңге төлеп отыр. Сөздің тоқетері – «ішіме сыйған қызым сыртыма сыймай» отыр.
Міне, осылайша ілдебаймен кү­нелткен байырғы басылымның жағ­дайы биыл тіптен төмендеді. Қала әкімі Батырлан Ахметов мырзаның «жомарт жүрегі» аймақтағы қазақ басылымдарының қарашаңырағы – «Сарыарқа» газетіне мемлекеттік тапсырыс есебінен бөлінетін қаржы көлемін 5 миллион теңге шеңберінде шектеп тастаған. «Дағдарыс!», – дейді құрылтайшы. Жарайды, бө­лін­ген қаржыны шотқа салып көрі­ңіз... Редакция есепшілері баспахана шығыны жылына 3,5 миллион теңге екенін нақтылап отыр. Бұған ғимаратты жалдауға төлейтін 2 мил­лионды қосыңыз. 5,5 миллион. Айтпақшы, әлгі «берекелі» 5 миллионнан қосымша құн салығын (НДС) шегеріңіз. Сонда редакциядағы біз­дің әріптестеріміз айлық жала­қысын қайдан алмақ? Сондай-ақ, нор­­мативтік-құқықтық актілерді (мәс­лихат шешімдері, қаулы-қарар­лар) жариялау қызметі де осы 5 мил­лионның ішінде жүр. Не деген бе­рекелі 5 миллион? Мұның сырын ғұмыр бойы салық саласында істеп, тиын санап дағдыланған әкім Батырлан Дүйсенбайұлы білмесе, біздің миымыз жетпеді. Таразылап көріңіз, өткен жылы бөлінген 14 миллион теңгемен әпіл-тәпіл шыққан газет 5 миллионмен қай ұшпаққа шықпақ? Айтқандай, осы газеттің бұрынғы ре­дакторы Амандық Рахұлы  сонау 2002 жылдың өзінде мемлекеттік тапсырыс көлемі осындай мөлшерде болған­ын айтады. Одан бергі инфляция дең­гейі неге есепке алынбайды?
«Сарыарқа» – менің ұшқан ұям. Еңбек жолымды жергілікті «Дидар» телеарнасында бастап, осы қа­­ра­ша­ңырақта да бірқатар жыл қа­ла­мым­ды шыңдаған едім. Сыртынан тілеуін тілеп жүруші едік. Міне, мен үшін  мектеп  болған қара­ша­ңы­рақ қаңырап қалғалы тұр екен. Осы  хабар құ­ла­ғыма тиген бетте жеткен едім.  Газет ре­дакторы Төлеш  Асантегі  еш­­­те­ңе айта қой­мады. Баяғы көнбістікке салып... «Жазғанмен, айтқанмен, пайда бар ма? Бір реті болар», – дегеннен әріге бармады.
Әкімге де жолыққанбыз.
– Дағдарыстың салдары. Не істей аламын? Жарнама тартсын, газеттің мазмұнын қызықты етсін, – деді шарасыз күйде.
Сыңайы, әлемді әбігер еткен дағдарыс дақпырты Жезқазғанға бірінші жеткен. Оның алғашқы құр­бандығы да «Сарыарқа» газеті бол­ғалы тұр. Әкімнің ауызша нұсқауы­на жүгінер болсақ, жарнама іздеп жар жағалауымыз керек екен. Қазақ басылымдарының тарихында жарнамамен аузы майланған қазақ га­зеті болған емес. Ал, оқырман үшін мазмұны бай мақаланың көкесі – өткір жазылған дүние. Ендеше, би­ліктің көңіліне жақпайтын өткір сын газет қызметкерлеріне жалақы болады деген де – жай сөз.
Сонымен, газеттің аузынан жы­рылған қаржы басқа саланың қазанын қайнатпақ дейді билік басындағылар. Алайда, шекесі шылқи қалған саланы көре алмадық. Өткен жылы қала іргесіндегі Кеңгір селосының бес көшесін асфальттадық деп, сүйін­шілеген қала басшылығы күзге салым әлгі көшелердің бойында көмір артқан жүк көлігі тас жолдың тас-талқанын шығарғанда, жол сапасын салмақтай алмай діңкелеген.
Сонымен, Жезқазғанның салық­шыл әкімі халықшыл болмай, сауға сұраған «Сарыарқаның» жағдайы оң­бай тұр. Меніңше, бұл – қаржы үнем­деу емес, ұлттық рухты тұн­шықтыру!

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 784
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px