Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.10.2018

Биылғы қыс баламызды сырғанаққа апарудың да ретін келтірмеген. Әсіресе, аумалы-төкпелі келетін Арқа қысының сыры мәлім – баршаңызға. Бірде – боран, бірде – жаңбыр. Әйтеуір, кенжеміздің бұйымтайын орындай алмай жүргенбіз.

***

Осы жексенбіде сәті түсе кеткені. Сырғанаққа барудың. Оның өзінде, түске дейін жарықтық күн бұрқасындатып тұрып алды емес пе?! Демалыс күндеріндегі мәдениетті «үй қамақта» отырған азамат атаулының жарының қабағы мен ауа райының қабағын бағатыны бар тағы. Сонымен, түске дейін осы қос қабақты баққан бақыр басымыз түс ауа тысқа ұмтылған. Кенже ұлды жетектеп сыртқа шықтық. Уәде бойынша – сырғанаққа бармақпыз. Шықтық. «Үй қамақтан» – сырғанаққа!

...Баламның қуанышында шек жоқ. Балаға қуаныш сыйлағаннан артық не бақыт бар ата-ана үшін?! Сәбидің күлкісі – Әлемнің әлдиі!

Келдік. Қаланың Оңтүстік-Шығыс аймағындағы жасанды сырғанақ-төбеге. Қар-МУ қалашығының түстік беткейіндегі.

Ойлағанмын. Күннің райы – мынау, адам қарасы шамалы болар деп. Олай болмады. Түнімен жауып-бораған қарды қымтанған қасқа бел – аппақ әлем. Жер-Ананың жан жарасын уақытша болса да, бүркеп жататын қарда да қасиет бар-ау, жарықтық. Біз келген сырғанақ сол ақ пен қараның шарпысқан жанталасы секілді. Ақ түсте – қозғалыс жоқ. Қара-құрада – дамыл жоқ. Аппақ әлемді табанға басып, таптап жүр. Бейне бір, қантқа үймелеген шыбындай.

Біз де қосылдық осы тобырға. Төбеге шығып, ылдиға қарай құлдилай жөнелеміз. Әшейінде «Өскенде ғарышкер боламын!» дейтін балам шынымен де, жүйткіген жылдамдықтың ғажабына шаттанып жүр. Өмірдің қызығының өзі осындай жылдамдықпен өте шығарын қайдан білсін періште?!

...Үскірік. Батыстан соққан желдің ызғары өңменіңді теседі. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Пеш түбінде жүргендей бусанып, бұрқырап жүр. Баламен бірге сырғанақ теппейтін болған соң, шеткері тұрған вагонға бас сұқтым. Ойымда – ыстық шәй ішіп, бой жылыту. Жақындағанда көрдім, әлгі вагонның маңдайшасында «Прокат коньки» деген ғана жазу бар. «Ыстық шәй», «ыстық бәліш» деген жазуды іздеймін, баяғы. Өкінішке орай, таппадым. Ақыры бас сұқтым ғой, конькиді жалға беруші қазақ жігітімен шүйіркелеспек болып, әңгімеге тарттым. Ана тілінен ада шықты. Ресми тілде қауқылдастық. Аты-жөнін айтпады. «Не үшін керек?» дегеннен әріге бармады. Конькидің бірін сұрап алып, табанына көз жүгірттім. «Made in China» дегені көзіме оттай басылды. Күрсіндім. Тым болмаса, жылының жартысы қар құрсауында өтетін Арқада коньки шығаратын бір фабриканың жоқтығына қынжылған түрім – бұл. Осы Қарағандыдағы аяқ киім фабрикасынан шығатын бәтеңкені Теміртаудың темірімен табандай салса – болады ғой. Енді жүрміз, Қытайдың жасық темірмен табандалған конькиіне бір сағатқа 500 теңге төлеп...

Сыртқа шықтым. Жел күшейген. Жұрттың беті – қып-қызыл. Бала біткен суығыңды керек қылар емес. Ата-аналары – көлікте. Термосқа құйып әкелген шәйларын сораптап отыр. Біз оны да ескермеппіз. Болашақ ғарышкерімді тым болмаса көлікке әкеліп, жылытып алайын деген оймен төбеге беттедім. Тура алдымнан линолеумнің қиындысына отырған бір бала зу ете қалсын... Қазақтың баласы. Күні бойы байқамаппын, балалардың дені төсеніштің осы түрін сырғанақ көлігі етіп алыпты. Шананы кездестіре алмадым. Біразында – үрмелі шеңбер (камера), бірақ, рәзеңке емес. Өзін «Алексеймін» таныстырған жігіттің қолындағы камераны сұрап алып, «шыққан тегін» қарадым. Ол да – қытайлық өнім.

...Баламның ойыны қанды. Екі беті домбығып, алқызыл түске енгенше ойнады. Тақымында – «Nesquik» тәттілер өндірісінің қалағы (ледянка). Әйтеуір, біздің қалақ – қытайлық емес, көрші Ресей елінің өнімі.

***

Қайттық. Үйге. Балам – мәз. Мен – ой құрсауындамын. Ойымда – әлгі сырғанақ алаңы. Қала іргесінде тұрған алаңға бизнестің тіпті жабайы түрі де бармаған. Бұл төбені шаңғы базасына айналдырмасақ та, бой жылытар шайхана салуға жағдайымыз бар еді ғой...

Көз алдымда – линолеум қиындысымен сырғанаған қазақ баласы. Қарадомалақтардың құйрығына басар қалақ та жасай алмағанымыз ғой...

Балам – мәз. Ағасына сырғанақ қызығын айтып, тауыса алар емес. Қайдан білсін, әкесінің тайғанақ қоғамның сырғанақ сахнасында күнде ой кеміріп, сөз сауып жүргенін.

Үйге келіп, бойым жылынған соң, ойым толғатып сала берді. Бір күнгі сырғанақтың серуені мен сергелдеңі – осы, ағайын...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 532
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1251
count 88x31px