Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.10.2018

Дарақылық
даңққа бөлемейді
«Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген қазақ халқы бақиға көшкен адамды мәңгілік жер бесігіне қондыруға, марқұмды ақ жуып, арулап жерлеп, соңын күтуге ерекше мән бергені баршаға аян. Әйтсе де, оның бәрі әр әулеттің шама-шарқына, қайтыс болған адамның абырой-атағы мен дәулетіне орайластырыла атқарылатын іс-шаралар еді.
Қазіргі заман тыныштығының игілігі болар, бірде төрелеп (адам жасы келіп, қайтыс болған жағдай), бірде төтелеп (қыршын жасында үзілу) келетін топырақты өлімді сән-салтанатпен өткізу үшін әрбір орны 1500-3000 теңге тұратын мейрамхана жалдау, астың неше атасын (түрлі салат, жеміс-жидек, тәтті-дәмді тағамдар) әзірлеу, зират басында шапан-шапқыт тарату уақыт озған сайын дәстүрге дендеп еніп бара жатыр. Мұны біреудің жағдайы көтерсе, екінші адамның жағдайы көтермейді. Бірақ, онымен есептесіп жатқан ешкім жоқ, қатардан қалып қоймау үшін банк­терден несие алып, ағайын-туыс, көрші-қолаңға қарызданып-қауғаланып, дүбірлі жиын өткізуге барын салады. Бұл – ислам дінінің талаптарымен ешбір қабыспайтын, қазақтың да ата салт-дәстүрінде болмаған шектен тыс ысырапшылдық.
Жетпістің жуан ішіне кірген осы ғұмырымда жоқшылықты да, дүбірлі той-думанның да талайын көрдім. Бірақ, шамадан асқан дарақылыққа қазір куә болып жүрмін. Араб тілін оқып, медреседе діни сауат ашпасам да, ауыл молдалары мен намазхандардың жанында жүріп, ересектердің әңгімесін тыңдап, мұсылмандық шарттарынан да, халықтың дәстүр-жоралғысынан да азын-аулақ хабардар болғаныма шүкіршілік деймін. Сонда бір көзім жеткені, соңынан берілетін мол қонақасымен, таратылатын шапан-шапқытпен, басына тұрғызылатын зәулім де көркем мазармен марқұмды жұмаққа енгізе алмайсың. Жалғанды жалпағынан басып жүрген бәзбір әкім-қаралар сияқты емес, Алла Тағала пара алмайды! Бақиға аттанған адамға пейіштің есігін ашатын оның тіршілігінде Жаратушыға деген сенімі, ислам талаптарына адалдығы, адамдарға жасаған жақсылығы мен ізгі іс-әрекеттері ғана. Алланың аманат жанын тапсырған марқұмның соңында қалғандардың дәулеті болса, панасыз қалған қарттар мен мүгедектер үйлеріне, жетімхана тәрбиеленушілеріне, қоқыс қопарып, нәпақа теріп жүрген міскіндер мен кембағал жандарға көмек жасасын! Өзіне де, ата-анасына да сауабы тиеді. Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп мешітінде ас бергенде дастарқанға қойылатын тағамдардың мәзірін осы аймақтағы өкіл имам бекітіп, оның орындалуы қатаң қадағаланатынын таяуда ғана сондағы бір құдайы асқа қатысып қайтқан туыстар айтып келді. Марқұмның мұрагерлері кеудеге салып, артық-ауыс тағамдар қоямыз десе, мешіт молдалардың Құран аударуына тыйым салады екен.
Бізде де Қарағанды облысындағы өкілетті имамның өкімімен шамадан тыс ысырап жасауға тыйым салынып, дастарқанға қойылатын тағамдар саны шектелсе, бұл бастама халық тарапынан қолдау табатыны күмәнсіз.
Осы жерде мына бір мәселені айта кетудің артықшылығы болмас: қайтыс болған адамның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, әркімнің шама-шарқынша көмек көрсету, бата жасау – бабалардан қалған ғұрып. Дұрыс-ақ. Бірақ, сол шығынының есесін қайтаратындай ниетпен қаза шыққан үйдің қазанына телміру – қазақ дәстүріне жат әрекет. Бұл ислам дінінің талаптарында да жоқ. Онда тек, марқұмды ақ жуып, арулаған, қабір қазып, жерлеген адамдардың еңбегіне ақы төлеп, риза қылу жайлары ғана айтылған. Қара жамылған шаңырақтың дастарқанынан ішіп-жегеніміз өз алдына, Пайғамбар жасынан асып, әсіресе, қартайып қайтыс болған адамдардың қонақасынан сарқыт алу сияқты жан түршіктіретін әдет бой алып барады. Кейбіреулер «Марқұмның жасын берсін» деп қоятынын қайтерсің. Ағайындар-ау, жасты дастарқаннан олжа қылған екі-үш кәмпит, алма мен банан бермейді, Алла береді.
Өткен жылы Өзбекстаннан келген бір құдамыз Қарағандының іргесіндегі Доскей аулы зиратында бой көтерген кейбір мазарларды көріп таң қалды. Өйткені, өзбек мемлекеті қабірстандарға қадағалау жасап, зәулім де сәнді ғимараттар салуға Үкімет тарапынан тыйым салады екен. Өзімізге жұпыны көрінетін ауыл бейіттеріне таңдай қаққан құдамыз Соқырдағы қабірстанда бой түзеген кейбір сәулетті мазарларды көргенде талып түсері анық еді. Шынында да, мұндай керемет құрылыстардың аруақтарға еш пайдасы жоқ. Олар тек марқұмның соңында қалған ұрпақтары мен туыстары байлығын қаймана халыққа көрсетіп, күпілдеп мақтануы үшін ғана керек. Әрине, мүрде қойылған жерді мал баспайтындай етіп, басын көтерудің, адамның аты-жөнін, ғұмыр кешкен мезгілін көрсететін белгі қоюдың жөні мүлде бөлек. Сөз реті келгенде айта кетейік, қазақтар өте сирек жағдайда, оның өзінде ел билеген хандар мен билерге ғана күмбезді мазар орнатқан. Айталық, Қарқаралыны жатқызып-тұрғызған Алшынбай мен Құнанбайға кәдімгі төрт құлақты бейіт салынған. Адамзаттың данышпаны Абайдың да басы жай ғана қарайтылған. Інісі һәм шәкірті Шәкәрім екеуіне көтерілген күмбездер – ел Үкіметі тарапынан кейін жасалған қарекет. Жоғарыда айтқанымыздай, марқұмдарға осы мазарлардан келіп-кетер еш шарапат жоқ. Бұл Абайдың кіндік қаны тамған, сүйегі қойылған жерге тәу етіп сырттан келетін адамдарға, әсіресе, шетелдік меймандарға көрсету, «әйгілі адамдарымыздың аруағына жасаған құрметіміз осындай» деп әйгілеу үшін тірілерге ғана керек.
Жер басып жүрген шағында қауымның құрметіне бөленген, қасиеті­мен ерекшеленген тұлғаларға олар өмірден өтіп кеткен соң, кейде тіпті, ондаған жылдардан кейін мазар тұрғызылған жағдайлар бар. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауиге (1093/1103 – 1166) қазіргі керемет кесенені ол кісі қайтыс болған соң арада төрт ғасырдан астам уақыт өткен соң (ХVІ ғ. соңы) Ақсақ Темір салдырғаны белгілі. Бұқар жырау бабамыздың мавзолейі екі жүз жылдан астам уақыттан соң ғана, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тұрғызылды.
Бүгіндері марқұмның соңында қалғандар қалталы болса жеткілікті, жақсыға да, жаманға да, көптің қақысын жегенге, қылмыскер ұры-қарыға да әйдік мазарлар орнатылып жатады. Ислам дінінің ұстанымына кереғар күнәлардың бірі – осы. Бұл – адамның астамшылығын, тәкаппарлығы шектен шыққанын айғақтайтын әрекеттер санатында. Сондықтан, «ағайын, ақылға кел, орынсыз дарақылықпен даңққа бөленем деген ниеттен аулақ бол!» деген толғамды ойымызды қайталап айтамыз.
Мақсұт ЖҰМАШҰЛЫ,
зейнеткер.
БҰҚАР жырау ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 533
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1251
count 88x31px