Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.01.2018

Есімі  ұмытылмасын
Өмірдің өткен күндеріне көз салып, ой елегінен өткізе отырып, мына бір оқиға есіме түсті. 1965 жылы мен Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түстім. Топқа жиналып, бір-бірімізбен танысқан кезде арамызда Ұлы Отан соғысының ардагері де бар екенін көріп, таң-тамаша болдық.
Егізбай Баешев 48 жасында студент атанған. 1963-1964 жылдары аталмыш оқу орны оның құжаттарын қабылдамай, білімін шыңдаймын деген ойы жүзеге аспай қалады. Содан 1965 жылы Л.Брежневке хат жазып, жағдайын айтқан соң ғана оны оқуға қабылдаған. Мен  Егізбай Баешев оқыған топта староста болдым. Егізбайдың жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап шығуына ұстаздар да, студенттер де көп көмектесті. Сөйтіп, Егізбай 1972 жылы, араға жеті жыл салып, оқуын аяқтап шықты.
Бұрынғы Жезқазған облысында дүниеге келген Егізбай Баешұлы сондай ақылды, батыл, алғыр, сөзге шешен адам еді. Ол еңбекке жастай араласқан. Мектепті аяқтаған соң, 1936 жылы Қызылорда медициналық училищесіне түсіп, 1939 жылы оны тәмамдап шыққан. Сол жылы Егізбай Баешұлы Қызыл армия қатарына алынып, әскери фельдшер болып, таудағы атқыштар полкында Отан алдындағы борышын өтеген.
Ел басына қатер төніп, соғыс басталған кезде Егізбай Баешұлы азаматтар қатарынан қалмай, майдан даласына аттанғандардың бірі болған. 1942 жылы Кавказ үшін болған ұрыста ең бірінші рет сынақтан өтіп, жауынгер ретінде шыңдалады. Әр ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын ол майдан даласында да өжеттілік, тапқырлық таныта білген адам. 1943 жылы 13 желтоқсанда ауыр шайқаста жау оғынан жарақат алған Егізбай Баешұлы госпитальге жеткізіледі. Кейін шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Госпитальде 3 ай емделіп, соғыс даласына қайта оралады. Өліммен талай рет бетпе-бет кездессе де, жауды жеңіп, туған жерге жеңіспен ғана оралуды мақсат еткен жігерлі жауынгер 1945 жылы Берлинді азат ету шайқасына қатысқандардың бірі екені де үлкен мақтаныш. Жеңіске жеткеннен кейін құқық қорғау саласында біраз жылдар еңбек еткен Егізбай Баешұлының ендігі мақсаты жоғары оқу орнына түсу болады. Білімге құштар жан 1951 жылы Ушинский атындағы Петропавл педагогика институтын тәмамдайды. Содан  кейін Ұлы Отан соғысының 48 жастағы ардагері Егізбай Баешұлы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына түсіп, 55 жасында білім әлемінің тағы бір белесін бағындырады. 1964 жылдан бастап зейнет жасына шыққанға дейін ол медицина саласында жемісті еңбек еткен. Зайыбы Алина Жанұзақовамен Әкетай, Ахмед, Дәриға, Санжар есімді балаларын қатарынан қалдырмай өсірген үлгілі әке, аяулы ана жайында бір үзік сыр, міне, осындай.  
Әке жолын жалғастырған қызы Дәриға медицина саласын таңдап, дәрігер-терапевт мамандығы бойынша жұмыс істеген, бүгінде ол зейнет демалысында.
Өз басым білімге құштар осындай адаммен өмір жолында таныс болғанымды, жоғары оқу орнында онымен бірге оқығанымды мақтан етемін және ондай адамдардың есімі елеусіз қалмаса екен дегім келеді.
Қарағанды қаласының бір көшесіне оның есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ.
ПЕТРОПАВЛ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 387
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px