Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.01.2018

отты  жылдардағы    отарбашы
Жерінің асты – кеніш, үсті – пейіш, құт-береке дарыған, қасиетті Қарқаралы өңірінде елге танымал елеулі азаматтар аз болған жоқ. Соның бірі де бірегейі, соғыс және еңбек ардагері, марқұм Мұғиын РАЙЫСҰЛЫ 1916 жылы қаңтарда қазіргі Нұркен ауылы, бұрынғы 5-ші ауылда дүниеге келген.
Сол елде шаруа жастар мектебінің 6-шы сыныбын бітірді, қосымша араб тілінен де дәріс алып, сауатын ашты. Атасы Тәтібай молда осы өңірдегі діни сауатты, құранды жатқа оқитын, көзі ашық, көкірегі ояу, ел сыйлайтын қадірлі қария болыпты. Немересі Мұғиынға да атасының тәрбиесі көп ықпал етеді. Бірде, бала кезінде түс көріпті. «Отарба» жүргізіп жүр екен. Алыс ауылға «отарба» қайдан келсін, бірақ, түсін Тәтібай атасына айтады. Атасы ол жақсы түс деп жорып, батасын береді. Атасының батасы қабыл болып, кейінде паровоз машинисі болды.
Тағдыр тауқыметін ерте тартқан ауыл баласы сонау 32-ші жылдары, ашаршылықта күн көрістің қамымен Қарағандыға жұмыс іздеп барады. Сәтін салып, Балқашқа паровоздың отжағушы курсына ілігеді, оқуын бітіріп, паровоз машинисі болып, фабрикаға кен тасиды.
Соғыс жылдарында тылдағы жұмыс бір сәтке де толастаған жоқ. Жауға атылған әрбір оқ пен снаряд Балқаштың мыс балқыту пешінен шыққан еді. Ұлы Жеңістің жақындауына  кен рудаларын паровозбен тасыған қарқаралылық жігіттің де қосқан үлесі зор еді. Соғыстан кейінгі жылдары еңбекпен шыңдалған жігіт мемлекеттік жұмысқа да бет бұра бастады. Алдымен, Алматыдағы жоғарғы партия мектебін бітірді.
1955 жылы Қарағайлы кенті ашылғанда, тау-кен байыту комбинатына партком хатшысы, кәсіподақ ұйымының басшысы, директордың орынбасары, комбинат диспетчері сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Жалпы, түсті металлургия саласында 50 жылдай жемісті еңбек етті.
«Ағаш – жапырағымен, адам ұрпағымен көркейеді». Ардақты ағамыз өмірлік жары Дәкөш Әбілқасымқызы екеуі өнегелі өмір кешті, дүниеге тоғыз бала әкеліп, тәрбиеледі. Қазір  Раисовтар әулетінде 19 немере, 26 шөбере бақытты ғұмыр кешуде.
Ғибратты ғұмыр кешкен ағамыз 1996 жылы, 81 жасқа қараған шағында өмірден озды. Марқұмға топырақ Қарағайлының маңындағы Нұралы баба Шекшекұлы мазарының жанынан бұйырды.
Міне, елге сыйлы болған Мұғиын Райысұлының артында қалған ұрпақтары Қарағайлы кентінде арнайы ас беріп, марқұмның аруағына дұға бағыштады. Ниеттері қабыл болсын, ағайын!

Серік РАҚЫМЖАНОВ.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 419
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px